«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнерімен талайды тамсандырған...

Өнерімен талайды тамсандырған...
ашық дереккөз
Өнерімен талайды тамсандырған...

немесе Таланттар тасада қала бере ме?

«Молоко, айран» деген айқайы да ән секілді...

Тараз қаласының біз тұратын әкімшілік аумағына оқта-текте бір егделеу әйел таңертеңгілікте ауылдан келіп, сүт, айранын өткеріп кетеді. Ол кісінің «молоко-о-о» деп дауысын созғанында соңы әдемі әуезбен иірімделе бітетінін аңдап, «дәу де болса, әнші- ау» деп қалғанмын. Өйткені үні еркін де ашық. Сөйтсем, көршілерім де солай ойлайды екен. Кейін өзінен сұрап, оның шын мәнінде де жастау кезінде ауылдық клубта ән айтып, біраз танымал болғанын білдім. «Гастрольдерге» шығуға күйеуі рұқсат етпепті. Содан кейін отырыс, жиын-тойларда ғана ән айтумен шектелген де қалған. Ал дауысы... жасы жетпіске иек артса да сол таза қалпында. Күміс бұлақтай сыңғырлайды-ау! Жетілдіруі кем болған демесеңіз. Дегенмен көмейінен иірімделе шығатын өзгеше дауысы өзі сауған сүті мен ұйытқан айранын «жарнамалап», бір пәсте-ақ толайым өткеріп кетуіне әбден жарап-ақ тұр. Мұндайлар бірен-саран ғана болса екен-ау. Ел ішінде, міне, осылай көрінеу тұншықтырылып, көзін аша алмай, бүрін жара алмай, қаншама талант жүр десеңізші!

«Әкеміз жетеуімізге жеті домбыра сатып әперді...»

Қаратау қаласындағы Ұлбике атындағы мәдениет орталығының әншісі Бекзат Сейдалиевамен сұхбатым барысында жоғарыдағы жайт есіме түсе кетті. Бекзат та ширек ғасыр бойы сахнада жүрсе де, осы апайының о жақ, бұ жағында тіршілік кешіріп жатқан секілді көрініп кетті... Жамбыл ауданының Қызыл Октябрь (қазіргі Ерназар) ауылында туып өскенімен, өнер саласындағы жиырма бес жылдық қызметін киелі Қаратау өңірімен байланыстырып келеді екен. «Бұл жерге өзім де әбден сіңісіп, бір қызындай болып кеттім» дейді оның өзі. Қарғадай кезінде Ерназарда төртінші сыныпта оқып жүргенінде қазақтың қасиетті қара домбырасын қолына ұстап, сахнаға шыққан екен. Содан бергі уақыт аралығында үлкен, кішіні әсем әнімен баурауда. Әкесі Қалдыбек (қазір жасы 72-де) кохозда бас есепші, бас экономист қызметтерін атқарған. Соған қарамастан музыка аспаптарының барлығын да жетік меңгеріпті. Отбасындағы жеті ұл-қыздың бас-басына бір-бір домбырадан сатып әперіп, өнерге баулыған. Бүгінде олардың бәрі де домбыраның құлағында ойнайды, бірінен бірі өткен әнші. Бірақ сахнада жүргені Бекзат қана екен. Қалдыбек қария «Өнерді үйреніңдер де, жиреніңдер. Өнерді қумаңдар. Өйткені өнер жолы – ауыр жол» дегенді де айтып, қыздарының мұғалім немесе дәрігер болуын қалапты.

«15 мың теңге үш тай сатып алуға жететін...»

Бекзатты өнерге жетелеген ұстазы кезінде Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің басшысы болған, өзі де өнерпаз Бақыт Сырлыбаев екен. Ол кезде қаршадай ғана қыз. Соған қарамай термелер мен дәстүрлі халық әндерін нәшіне келтіре шырқайтын. Содан бағын сынап көрмек болып, 1993 жылы он жеті жасында «Шырқа, даусым!» облыстық байқауына қатысады. Бағы жанғаны ғой, егей мен сағайдай елу алты үміткердің арасынан топ жарып шығып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алыпты. Жүлденің қаржылай көлемі анау, мынау емес, 15 мың теңге! «Ақшаның ауысып жатқан кезі. Бұл едәуір қомақты қаржы болатын. Ол бір емес, үш тай сатып алуға жететін», деп еске алады кейіпкерім.

Аты ауданнан аспай жүр...

Содан бері ол жалпы аудандық деңгейдегі түрлі байқауларда алдына қара салмай келеді десе де болады. Аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Nur Оtan» партиясы аудандық филиалының, мәдениет бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал облыстық деңгейде әлі ешқандай марапатқа қолы жетпей-ақ жүр екен. Қаншама жыл сахнада жүрсе де. Бұл ойланарлық-ақ жайт. Мен оның сахнадан халық және эстрадалық әндерді де төгілте шырқағанының әлденеше мәрте куәсі де болдым. Қай-қай әнді болсын қоңыр үнмен өзгеше мәнерде толқындата орындауға күш салады екен. Үні иірімге толы, өзіндік ән шырқау мақамы қалыптасқан әнші. Ұдайы ізденісте, өзін-өзі жетілдірумен жүретіні байқалады. Ол ән шырқағанда төбе құйқаң оқыс шымыр ете қалғандай болады. Бұл – сөз жоқ, әншінің тыңдаушысын айрықша әсерге бөлеуі. Әсіресе оның репертуарындағы Майлықожа ақынның «Жақсы бір адам қартайса», «Қадамдап тұлпар шаппай желгеннен соң» атты танымал термелері мен «Әдемі қыз», «Ағайша» секілді халық әуендері мен М.Шахановтың «Мен туралы ойладың ба бақтарда» деген эстрадалық стильдегі әнін үлкен де, кіші де айрықша сүйсініспен қабылдайтыны анық. Әнші Бекзат бір сөзінде «Әкем «өнер жолын қума» дегенді жайдан-жай айтпағанына бертінде көзім жетті. Өзімді аяқтан шалушылар да көп болды» деп қалды. Оның атының ауданнан әрі аспай қалуына осындай да көлденең себептер кедергісін келтірген секілді. Шынында да оның сахнаға өзімен қатарлас шыққан қатарластары М.Сағынбекова, Ғ.Матебаев, М.Бабақұловтар біраз белесті бағындырып та үлгерді, қазақ эстрадасының жұлдыздарына айналды. Жалпы, әншінің өзін-өзі жан-жақты жетілдіруі өзін де, өнерін де жарнамалауына, ортасына, қаржыға да байланысты ғой. Кейде тәуекел де қажет. Ал мұндайға аудан көлемінде танылған таланттардың мүмкіндігі жоқ. Кезінде Бекзат облыстық халық шығармашылығы орталығына қызметке де шақырылыпты. Алайда тұрақты баспанасы жоқтығы бұл іске қолбайлау болған. Ұл, қыз өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп, Қаратау қаласына нық орнығып қалған әншінің әзірге жылы орнын суытқысы да жоқ. Айтпақшы, оның осыдан біраз жыл бұрын бойына мысқалдап енген ауыр дертпен қасарыса тайталасып, күрескені де бар...

Бұл да бір тағдыр сынағы...

– Бұл жағдайға ойда жоқта тап болдым. Бұлай болады деп кім ойлаған. Бұл да бір Алланың басқа салған сынағы болар. 2013 жылдан бастап сүт безі обырымен ауырдым. Онымен күресу оңай болған жоқ. Бастапқыда өздігімнен жүріп-тұра алатын едім. Дертім асқына келе қарға адым жер жүре алмай, төсек тартып жатып қалдым. Ойлана келе ота жасатпай болмайтынына көзім жетті. Әрине, қазір айтуға ғана оңай. Өйтпеген күнде бойыңды меңдеген дертке мойынсұнбау, оны жеңуге деген ерік-жігеріңнің оянуы екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық. Ақыры 2015 жылы отаға түстім. Менде қалайда ұл-қызымды жетілдіруге, жасымауға деген сенім болды. Сол сенім мені дерт шырмауында қалдырмады. Рухымның мықтылығынан болар, өмір сүру үшін күресімді бір сәтке де тоқтатпадым. Ақыры, мен жеңдім, дерт жеңілді. Аллаға шүкір, қазір сап-саумын. Ән айтуды қайтадан жалғаудамын. Мені бір қатерден аман-сау алып қалған осы ән секілді көрінеді. Бүгінде ұлым Қанат үйленген. Одан немере сүйіп, әже атанып отырмын. Келінім де текті жерден шыққан, жақсы адам болып жолықты. Қызым Надира Жанайдарқызы ТарМУ-дың филология факультетінде оқып жүр. Ана үшін бұдан артық қандай бақыт болсын! «Орнында бар оңалар» демекші, бұған дейін отбасымды 80 мың теңге жалақыммен асырап-сақтап келген едім. Енді балам да жұмысқа орналасты. Жағдайымыз көп өтпей-ақ оңалатынына бек сенімдімін, – деп ағынан жарылды кейіпкерім.

Баймаханбет АХМЕТ

  P. S. Рас, өнерде әркімнің де жолы бола бермейді. Ауыл-аймаққа кеңінен танылуы да қиын. Мұның қоғамымызға да, жеке адамдарға да байланысты болуы мүмкін. Қарапайым өнер адамы үшін халқының ыстық сүйіспеншілігі мен құрметінен артық ештеңе жоқ екені анық. Дегенмен қай-қай ауданның да өнерін өрге домалатып, мәдени-көпшілік іс-шараларының ұдайы басы-қасында болып, маңдай терлерін моншақтата төгумен жүрген мәдениет қызметкерлерінің кейде назардан тыс қалып қойып жататыны жасырын емес. Олардың еңбегі еленіп, тиісінше мемлекеттік марапаттарға ұсынылып жатса, құба-құп болар еді. Рас, ауылда жүріп-ақ өнерімен елімізге танылған әншілер жоқ емес. Жамбылдық биші Зейнеп Қалданова, әншілер шулық Күлімхан Оңтаева және қордайлық Қарлығаш Қожағазинаның ҚР мәдениет қайраткері атанғаны мұның айқын дәлеліндей. Оларға ҚР еңбек сіңірген әртісі атағы берілсе де еш артықтық етпес еді. Бүгінде аталмыш өнершілердің атын газет-журналдардан жиі оқымаймыз, әндерін де теледидар арқылы тамашалай алмай жүрміз. Оны былай қояйық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір ғана Талас ауданындағы Қуандық Кенжебаев, Орынбасар Әбжаппаров секілді аға буын өкілдері бастаған, әндері елімізге белгілі эстрада жұлдыздары репертуарына енген сазгерлер Жаннұр Молдабековтің, Асқар Жылқыбаевтың, Серік Керімбековтің, әнші Әбен Шалқарбаевтың тағы басқаларының аудан мен облыс орталықтарында кештерін өткізіп, шығармашылықтарын насихаттау арқылы есімдерін елге таныту ісін неліктен кешеуілдетіп келеміз, осы? Ел ішіндегі өнершілердің жауһарлары іріктеліп, олардың бейнеклиптері түсірілуіне, ән таспалары шығарылуына көмектер көрсетілсе, құба-құп. Қысқасы, аудан, ауылдардағы әнші, күйшілер өнерінің насихатталуы әлі де кемшіндеу. Таланттарымыздың тасада қалмау жағын жүйелейтін кез келген секілді. Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар