«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

МЕХАНИКАЛЫҚ ЖАСАҚ

МЕХАНИКАЛЫҚ ЖАСАҚ
ашық дереккөз
МЕХАНИКАЛЫҚ ЖАСАҚ

суармалы алқапты ұлғайтудың негізгі тетігі

Қазақ халқында «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген сөз бар. Бұл – халқымыздың суармалы жердің қасиетін ертеден білгендігін аңғартады. Қазіргі уақытта еліміз үшін суармалы жердің маңызы өте зор. Оның артықшылығы, тәлімі жерлерге қарағанда өнімді бірнеше есе артық береді және экономикалық тиімділігі де зор. Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы алғашқы Жолдауында «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті. Сондықтан суармалы жерлер көкөніс, бақша дақылдарын өсірудің, жеміс-жидек өндірісін дамытудың негізгі көзі болып есептеледі. Жалпы, облысымыздағы суармалы жердің көлемі 1991 жылы 209,1 мың гектарды құраса, 2018 жылы 182,4 мың гектар болды. Бүгінде пайдаланудағы осы алқаптың 97 мың гектары қолданыстағы суармалы жерлер болса, 86,2 мың гектары қалпына келтірілуге жатады. Сондай-ақ облыстың суармалы жерлерін ұлғайту бойынша әзірленген картаға сәйкес жайылымға ауысып кеткен 24,7 мың гектар суармалы жердің 17,1 мың гектары қайтадан суармалы жерге ауыстырылады. Сондықтан облыс аумағындағы осындай жерлерді ұлғайту мақсатында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бөлініп жатқан 42,1 миллиард теңгеге және жоспар бойынша 2019 жылы – 17,1 мың, 2020 жылы – 30,84 мың, 2021 жылы 41 мың гектар суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жұмыстар Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік облыстық филиалы арқылы жүргізіледі. Айта кету керек, 2015-2019 жылдары облыстың коммуналдық меншігіндегі 443 су шаруашылығы жүйелері (каналдар) республикалық меншікке өткізілсе, биыл аудандардағы қалған 44 коммуналдық меншіктегі ішкі шаруашылық су жүйелерін республикалық меншікке өткізу аяқталады. Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес облыс аумағындағы 17,1 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының» - 2 фазасы» республикалық бағдарламасы бойынша 15,2 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілуде. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы 5 мың гектарды құрайтын «Қапал» шаруашылық аралық су жүйесі, Қордай ауданындағы 5 мың гектар Георгиевка магистральды каналының «Сол жағалау» су жүйесі және Шу ауданындағы 5,17 мың гектар «Оң жағалау» су жүйесі бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде 109,2 мың гектар суармалы алқапқа ағын су жеткізіледі. Әрине, суармалы жер тұрақты су көзін қажет етеді. Осыған орай су қоймаларының жағдайы да ретке келтірілуде. Мәселен, «Қарақоңыз», «Тасөткел», «Ынталы» су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, 44,3 мың гектар жерді ылғалдандыруға болады. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында көлемі 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын, яғни Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты» су қоймасы, Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артады. Бұған қоса, қосымша суармалы алқапқа босалқы жерлерден 4,7 мың гектар суармалы алқап қосылып, нәтижесінде 2019-2021 жылдар аралығында барлығы 25,8 мың гектар суармалы жерлер айналымға қосылып, 210,6 мың гектарға жеткізіледі. Осылайша аймақтағы су қорларын нығайту және реттеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Су қоймаларының салынуы бір есептен қыстағы қар мен көктемде жауған жаңбыр суларын ұстап қалуға, оны тиімді пайдалануға және облысымыздағы су қорларын нығайта түсуге де қызмет етеді. Өткен жылы аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны базасында облыстық механикалық жасақ құрылды. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 423,4 миллион теңге бөлініп, барлығы 17 бірлік мелиоративтік-құрылыс техникалары сатып алынды. Жалпы, механикалық жасақтың күшімен 2018-2021 жылдары 388 километр су шаруашылығы нысандарын жөндеп, 20 мың гектардан астам суармалы алқаптарды қалпына келтіру көзделген. 2018 жылы механикалық жасақ 3 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын және 7 каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, облыс көлемінде жалпы ұзындығы 26,8 километр канал тазаланып, 1404 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Ал биыл кәсіпорын ұзындығы 65 километрді құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді және екі жылда жалпы 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді.

Берік НЫҒМАШЕВ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар