ЕЛГЕ ЕКІ МЕШІТ ЕСІк АШТЫ

ЕЛГЕ ЕКІ МЕШІТ ЕСІк АШТЫ
ашық дереккөз
ЕЛГЕ ЕКІ МЕШІТ ЕСІк АШТЫ
Бұрнағы жылдары Шу ауданының іргесіндегі Сауытбек ауылында ел күткен жарқын іс бастау алған еді. Бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарған ауыл тұрғындары туып-өскен жерлеріне мешіт салуды көздеген болатын. Енді, міне, көптен күткен мешіттің құрылысы да аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген мешіттің ашылу салтанатында алыс-жақыннан келген қонақтардың қарасы қалың болды. Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл сөз сөйлеп, жамағатты имандылық ордасының ашылуымен құттықтады. Бұдан кейін мешіттің лентасы қиылып, жиналған жұртшылық сәні мен салтанаты келіскен мешіттің ішін аралап көрді. Жердегі Алла үйінің құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Араға уақыт салып имандылық үйінің құрылысын түгелдей өз қолына алған сол ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Жақсығұл Диқанбаев әуелгіде бұл іске тұтас ауыл жұмыла кіріскенін айтады. «Әу баста өзімізде мешіт салатын ой болған. Шамалы қаражат жинап алуды көздеген едік. Содан ауылдықтар бірауыздан құрылысты бастаймыз дегенде 100 қап цемент алып беріп, іргетасын қалағанбыз. Алайда дәл осы қалпында бір жыл өзгеріссіз тұрды. Араға бір жыл салып, кірпіш түсірдік те, қабырғасын қаладық. Кейіннен бұл іске бел шеше кірісіп, құрылысты бастап кеттік. Өткен жылы арнайы адам жалдап, мешіттің ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жасатқанбыз. Соңғы 3-4 айда құрылыс ерекше қарқын алды. Игі істі бастамас бұрын, мүфтияттан рұқсат алып, құжаттарын да рәсімдеп қойдық. Тұтастай алғанда, мешітті салу үшін 15 миллиондай қаржы жұмсалды. Оның ішінде, ауылдан шыққан азаматтар да қаржылай қолдау білдіргенін айта кету керек», – дейді Ж.Диқанбаев. Ауылдың кіреберісінде орналасқан Асайын Шыныбекұлы атындағы мешіт 14 сотық жерге салынған. Оның ұзындығы – 16 метрді құраса, ені – 10 метр. Мешітте құлшылық бөлмесі, имамға арналған жеке бөлме, табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық және ауладағы ас беру алаңы мен дәрет алатын арнайы орын қарастырылған. Осылайша 3 ұл, 1 қыздан өрбіген 10 немеренің атасы ауылдастары бастаған істі мойнына алып, абыроймен аяқтады. Расымен де, өзі туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтардың бар екені қуантады. Жасыратыны жоқ, мұндай ауылдан берекенің ешқашан тарқамайтыны белгілі. Салтанатты іс-шара барысында Ж.Диқанбаев мешіттің құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға өзінің сый-сияпатын тапсырса, ауыл тұрғындары кәсіпкер азаматқа ат мінгізіп, қазақы қалыпқа сай иығына шапан жапты. Бұдан кейін мешіт маңына тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қонақтарға арналып ас беріліп, құран оқылды. Сондай-ақ игі іс-шараның соңы ұлтымыздың ұлттық ойыны – көкпарға ұласты. Жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын көкпар ойынында ең көп салым салған Белбасар ауылының құрамасы жеңімпаз атанды. Келесі күні Шу қаласының Батыс мөлтек ауданында да жаңа мешіттің есігі айқара ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Күре жолдың бойында орналасқан имандылық үйіне Шу өңіріндегі алғашқы имам болған, қиын-қыстау кезеңде дін үйретіп, ұстаздық еткен Кәрібай молданың есімі беріліпті. Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Одан кейін Кәрібай молданың ұрпақтары мен оның көзін көрген көнекөз қариялар құнды естеліктерімен бөлісті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен «Кәрібай молда» мешітіне Нұржан Қалиев имам болып тағайындалды. Айта кету керек, аталмыш мешіттің іргетасы 2004 жылы қаланған. Дегенмен оның құрылыс жұмыстары белгілі себептермен тұралап қалған. Кейіннен аудан тұрғындары мешіттің құрылыс жұмыстарын бірлесе жүргізіпті. Нәтижесінде сән-салтанаты келіскен үлкен мешіт ел игілігіне берілді.  

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар