ЖАСӨСПІРІМДЕР МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

ЖАСӨСПІРІМДЕР  МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА
ашық дереккөз
ЖАСӨСПІРІМДЕР МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Маржан РАҚАЙ

Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мен облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев, жасөспірімдер ісіне қатысты құзырлы орган өкілдері мен комиссия хатшылары қатысқан арнайы жиында сөз болды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жөніндегі кеңейтілген кеңесте тақырып төңірегінде көптеген мәселе қаралып, олардың шешу жолдары ұсынылды. Кеңесте баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов өңір мектептеріндегі оқушылар арасындағы жағдайлардан хабар беріп, оның туындау себебі мен соған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарын жеткізді. Мысалы, ағымдағы жылдың 9 айында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, облыстың білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түрлі форматтағы жалпы 7153 іс-шара өткізілген екен. Ал облыстағы 442 күндізгі жалпы орта білім беру мектептерінде 230860 бала оқыса, олардың тәрбиесімен директорлардың тәрбие, құқық жөніндегі орынбасарлары, психолог пен әлеуметтік педагогтар бар, жалпы саны 1597 жауапты азамат айналысады. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүйелендіру мақсатында облыстық прокуратура мен әкімдіктің бірлескен Жол картасы қабылданып, облыс әкімі мен полиция департаменті тарапынан бірлесіп жасалған мектеп полициясы инспекторларының жұмыс алгоритмі және мектепішілік 3 деңгейлі есепке қоюдың алгоритмі әзірленген. Бүгінде бұл құжат барлық білім беретін мектептерге таратылып, мектеп инспекторлары соған сай жұмыс істеп, есеп беруде. Жиын барысында сол алгоритмге сай жұмысты дұрыс атқармаған мектеп инспекторлары сын тезіне алынды. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жасөспірімдер мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырмау керектігін, сондай-ақ бұл істе әкімдік тарапынан барлық көмек көрсетіліп, полиция қызметі мен мектеп ұжымына материалдық-техникалық мүмкіндік жасалып жатқанын айтты.

Ұқсас жаңалықтар