дейді «Олжабай» шаруа қожалығының жетекшісі Әсет Олжабаев
Елбасы «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да көрініс тапқан-ды. Жолдаулардан туындайтын міндеттерді орындауда шағын және орта кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге үлкен міндет жүктеледі. Өңірімізде егін мен мал шаруашылығын қатар дамытып, астық пен ет экспортына үлес қосып отырған шаруашылықтар аз емес. Соның бірі – жуалылық «Олжабай» шаруа қожалығы. Оның жетекшісі Әсет Олжабаев шаруашылық құрылғаннан бері аталған қос саланы қатар дамытып келеді. Сонымен қатар ол анасы Базаркүл басқаратын «Асылхан» шаруа қожалығының жұмысын жүргізуге де белсене атсалысуда. – Мен көп балалы отбасында дүниеге келдім. Бәріміз де еңбекке жастай араластық. Техниканың да тілін ерте меңгеріп, жер жыртып, егін сеуіп, жиын-терінге араласа жүріп есейдік. Картоп суардық. Мал бақтық. Жалпы, шаруашылықты жүргізудің қыр-сырын колхозда, шаруа қожалықтарында жүріп үйрендік. Сөйтіп, 2001 жылы бауырларыммен кеңесе отырып, өз шаруа қожалығымызды құрдық. Алғашында біздің үлесімізге 16 гектар егістік жер берілді. Нәсібімізге қарай ол жерден 40 тонна астық жинадық. Бұл біздің егін өсіруге деген қызығушылығымызды оятты, – деді ол. Бүгінгі таңда қожалықтың иелігінде 800 гектар егістік бар. Оның 300 гектарына бидай, 200 гектарына арпа, 70 гектарына мақсары орналастырылған. Биыл қожалық егіс алқаптарынан гектарына 23 центнерден өнім жинаған. Бұдан бөлек 12 гектарға картоп егіп, қазір оны қазу үстінде. Жеке шаруашылық құрылымы отбасы мүшелерінен бөлек, 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. – Егістік көлемі ұлғайған сайын өнімнің төмендегенін байқап, ауыспалы егіс жүйесін енгіздік. Сөйтіп жерді құнарландыру, тыңайтқыштар беру, басқа да агротехникалық талаптарды уақтылы орындаудың арқасында жаман өнім жинағанымыз жоқ. Қолдағы малдың жемшөбі де өзімізден шығып отыр. Жер де еңбек еткен адамды жақсы көреді. Оны өз балаңдай аялап, мейіріміңді төгіп, мәпелей білсең, аянбай тер төксең оның берер ырысы мол, – дейді қожалық жетекшісі. Қожалықтағы механи-заторлар бригадасын ағасы Талғат басқаруда. Оның қарамағында 6 трактор тіркемелерімен, 2 комбайн, 2 жүк автокөлігі жұмыс істейді. Інісі Нұрмат мал шаруашылығына жауапты. Ол шопандар мен бақташылардың жұмысын үйлестіріп, қадағалайды. Мал азығын, жемшөбін дайындау – соның міндеті. Қазір қожалықта 67 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 30-ы сауын сиыр. Бұдан бөлек 640 бас қой-ешкі ұстап отыр. Ал кенже інісі Бақтиярға анасының шаруа қожалығын жүргізуді тапсырыпты. «Бәрі де еңбекпен келеді. Оңай жерде ештеңе жоқ. Біздің бұл дүниені қалай тауып жүргенімізді түсінсін деген оймен ай сайын бақташыларымызға үш күн демалыс беріп, орнына ұлдарымызды шығарамыз. Ондағы мақсатымыз – мал бағудың оңай шаруа еместігін ұқтыру. Осы арқылы еңбекке баулимыз», – деді Әсет әңгіме барысында. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық бауырлары ортақ іске отбасымен бір кісідей араласуда. Олар жұбайларымен шаруашылықтың барлық жұмысына үлес қосуда. Бауырлары жиын-терін аяқталған соң қорадағы малды қарауға жұмылдырылса, әйелдері сиыр сауады. Фермадағы сауын жұмысы толықтай автоматтандырылған. Күнделікті сауылған сүтті «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткізеді. Шаруашылықтың үнемі көтеріп жүрген бір мәселесі – жайылым. Қожалық жетекшісі жайылымның жетіспеуінен мал басын көбейте алмай отырғанын айтып қалды. Бірақ алдағы уақытта асыл тұқымды мал өсіру жоспарында бар екен. Бұған дейін де банктерден несие алып, шаруасын дөңгелеткен болатын. – Арасында банкке қарыз болып қалған кезіміз де болды. Еңбектің арқасында қарызымызды жаптық. Енді, міне, шаруамызды түзеп, аяқтан тұрып келеміз. Жұмысымызды жыл соңында қорытындылап, алдағы жылға жоспар жасаймыз. Жылда бауырларыма жаңа үй салып беруді үрдіске айналдырғанмын. Өткен жылы бір үй тұрғыздық. Биыл тағы бір үй салып жатырмыз. Алла жазса таяуда қоныс тойын тойлайтын боламыз. Осылайша жылда жаңа үй тұрғызу үшін шаруашылық қорынан 13 миллион теңге бөлеміз, – деді ол. Қожалық биыл 400 гектар алқапқа күздік себуді жоспарлауда. Бұған қоса 200 гектар егіске сүдігер көтерген. Жалпы, шаруашылық басшысының алға қойған мақсаты көп. Болашақта бордақылау алаңын соғып, шетелден асыл тұқымды «Семинтал» ірі қарасын сатып әкеліп, ет және сүт бағытында мал өсіруді көздеп отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді