Белгілі фототілші Алтынбек Қартабайдың фотопоэзияға айналған көрмесі табысты өтті
Тіршілікте барлық мамандықтың өзіндік орны бар. Әйтсе де өнердің орны бөлек. Фототілші де үлкен өнер иесі. Ол үнемі портреттік образ, пейзаж сұлулығын іздеп жүреді. Сол фотоөнердің шеберіне айналған, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, облыстық «ARAІ» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың үлкен фотокөрмесі өтті. Анығын айтқанда, Алтекеңнің Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Jastar aleıasy»-ндағы «Bilim alańy»-нда өткен «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты фотопоэзия көрмесі туралы толғанбақпыз.
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109574,109575,109576,109577,109578,109579,109580"]Әуелі Алтекеңнің жақында ғана әлем елдерін мойындатқан жетістігін айта кетсек. Халықаралық 35 AWARDS тақырыптық сайысының негізгі дауыс беру нәтижелері бойынша фаунаның макро портреті бағытындағы Алтынбек Қартабайдың авторлық жұмыстары байқаудың топ рейтингіне еніпті. Өзі де көп дауыс жинап, үздіктер қатарынан көрінген. Бұл байқауға әлемнің 101 елінен 2350 фотограф қатысқанын ескерсек, А.Қартабайдың еңбектері жаһандық кеңістікте жоғары бағаланып отырғанын байқауға болады. Облысымыздың 80 жылдығы аясында өткен А.Қартабайдың фотопоэзия көрмесіне келгендердің қарасы көп болды. Олардың арасынан өңірге еңбегі сіңген ардагерлерді, ғалымдарды, оқытушы-профессорларды, түрлі театр, әдебиет, өнер, танымал әншілер, бейнелеу өнерінің білгірлерін, БАҚ өкілдерін және қарапайым қала тұрғындарын, студент жастарды кездестірдік. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ашып, фотоөнердің ерекшелігіне, фототілші Алтынбек Қартабайдың аналар болмысын, арулар образын ашу арқылы қазақ қыздарының ізгілікке толы кейпін, сұлулығын тап басып көрсете білгеніне тоқталып, сәттілік тіледі. Көрмені тамашалауға облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың арнайы келгенін де айта кетсек, артық болмас. Жас ақын Нұржан Қадірәлінің фотопоэзия көрмесін жүргізуі, көрмемен қатар өңірден шыққан ақындардың сыршыл өлеңдерінің оқылып тұруы іс-шараның жаңашыл тұрпатын арттыра түсті. Атап айтқанда, Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов (бәрі өмірден озған) секілді алдыңғы толқынның, Маралтай Райымбекұлы, Үміт Битенова, Азамат Есалы, олардың ізін жалғаған Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадірәлі, Жанғазы Ахметтің жырлары музыкалық фонмен баяу оқылып, жүректерді әсемдік әлеміне жетелеп, сезімнің самал желін тербеп тұрды. Ал енді Алтекеңнің фотоларына келсек, көрмеге облыстың 80 жылдығына орай 80 фото қойылыпты. Ол көркем дүниелер «Дүниедегі ең сұлу адам – менің анам» деген анасымен бірге түскен фотосынан бастау алыпты. Көрме авторының 80 жастағы анасы Алтынкүл Солағаеваның жастарға «Менің қолымнан дәм алыңдар!» деп өз қолымен бауырсақ таратуы, ел құрметтеген осындай перзентімен мерейінің өсуі – ана бақыты деп түсіндік. Анасының мұндай қуанышты күй кешуі Алтекеңнің алдағы шығармашылық жұмыстарына үлкен шабыт сыйлайтыны анық. Көрме авторы өзінің ізденісі арқылы арулар бойындағы барлық әдемілікті, сұлулықты, жарасымдылықты, мінезді, қысқасы бәрін көрсеткісі келген. Мәселен, «Кимешек киген қыз», «Гүл тере барсаң бөктерге», «Қызғалдақ – қыздар», «Ымыртта» картиналары қазақ аруының ұлттық болмысын, мінезін, көңіл күйін, отаншылдық сезімін толық ашқан. Суреттерден қазақ қыздарының еркелігін, сезімталдығын, еркіндігін аңғардық. А.Қартабай тек арулар образымен ғана шектелмей, өңірдің тарихын, мәдениетін, даласының кеңдігін байқататын, Тараз шаһарының тағылымға толы тарихын танытатын бірнеше еңбегін ұсыныпты. «Тарихи кешен – Тектұрмас», «Айша бибі – пәк махаббат», «Балбал тастар әлемі» картиналары көне тарихтан сыр шертсе, «Қошқарата ауылы», «Жаз жайлауда жүргенде», «Таудағы көктем», «Табиғат тамашасы», «Жартастағы бейне» шығармалары өңіріміздің әсем табиғатын, даламыздың кеңдігін, дархандығын таныта түседі. Ал «Көне шаһардың алтын күзі», «Кешкі Тараз көркі» суреттері екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының ғажайыптарын Алтекеңнің шеберлігімен көз алдыңа әкеледі. Фотопоэзия көрмесін зиялы қауым, көпшілік асықпай аралады. Әркім өзінше сыр түйді. Өзінше көрді. Осыншама құндылықты байқап, өзгеше көре білген Алтекеңнің шеберлігіне тәнті болды. Іс-шара соңында көрме авторы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. – Бұл менің 15 жыл бойғы ізденісімнің жемісі. Облысымыздың 80 жылдығына орай осындай фотопоэзия көрмемнің өтіп жатқанына, өңір тойына тамшыдай үлес қосқаныма қуаныштымын. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен жүзеге асқан, бүгінде көз сүйсінтіп тұрған «Jastar aleıasy»-ндағы «Bilim alańyn» таңдағаным бекер емес. Мұнда көбінесе жастар мен бірге жасамыстар да жүреді. Мен көрмеге әкелген туындылар үлкенге де, кішіге де ұнады деген ойдамын. Ал менің суреттерім әркімнің өзінше түсініп, өзінше қабылдауымен маңызды. Қолдау білдірген облыс, қала әкімдіктеріне, облыстық «ARAІ» жастар газетінің ұжымына, осы көрмеге арнайы келген Алтынкүл анама, барша көрермендеріме алғысымды білдіремін, – деді Алтынбек Қартабай.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді