АУЫЛДАРҒА КІТАП СЫЙЛАДЫ

АУЫЛДАРҒА КІТАП СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөз
АУЫЛДАРҒА КІТАП СЫЙЛАДЫ

Бір ғасырлық тарихы бар облыстық «Знамя труда» газетінің ұжымы мерейтойларына орай айрықша акция бастаған болатын. Жаңа игі бастама – «Ауыл кітапханасына 100 кітап сыйла» деп аталады. Рухани азық бұлағы саналатын кітап түгілі, мерзімді басылымдардың өзін ұдайы, үзбей оқып отыратындар қатары сиреген тұста мұндай бастама өте орынды әрі пайдалы екендігі даусыз. Сондықтан да акцияға әріптестеріміз ғана емес, газет оқырмандары да бірден қызу қолдау білдіріп, біркісідей атсалысты. Жиналған кітаптар қатарында қазақтың ғана емес, шетел классиктерінің де көркем әдебиеттері, облыс ақын-жазушыларының шығармалары, сондай-ақ, ғылыми-танымдық мәндегі жинақтар да жетерлік. Нәтижесінде бастапқыда межеленген 100 емес, 300-ден астам кітап жиналып, редакция ұжымы оны үш бірдей ауыл кітапханасына табыс етті. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының кітапханасына құнды сыйды тарту еткен аталған газеттің бас редакторы Татьяна Борисенко: – Жастардың басым көпшілігі интернетке жүгініп, смартфон, гаджеттерді көбірек қолданғанымен, көркем әдебиет ешқашан да өз құндылығын жоймайды деп есептеймін. Кітап қорларыңыздың қатары тағы да 100 әдебиетпен толыққаны оқырмандарыңызға да қуаныш сыйлайды, пайдасы тиеді деген үміттеміз, – деді. 15 мыңға жуық оқырманы, 200 мыңнан астам кітап қоры мен мерзімді басылымы бар аудандық кітапхана директоры Салтанат Өмірбекова көркем әдебиет расымен де өте керемет сый екендігін айтып, кітапхана оқырмандары атынан акция ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді. «Знамялықтар» сонымен қатар Жамбыл ауданының Гродеково және Жуалы ауданындағы Талапты ауылының кітапханаларына 100 кітаптан тарту етті. Ал акцияға атсалушылар қатары әлі де сиреген жоқ. Өзінің ғана емес, өзгенің де білім нәрімен сусындауына жол ашып, сауапты іске үлес қосқысы келетіндер әлі редакцияға ағылуда.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Ұқсас жаңалықтар