Жолаушыға лайық жол күтеді

Жолаушыға лайық жол күтеді
ашық дереккөз
Жолаушыға лайық жол күтеді

Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының осыдан 15-20 жыл бұрынғы алаңдатарлық жағдайын көп адам ұмыта қойған жоқ. Аттап бассаң, ойылған, бүлінген жол жүйкені жұқартып қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігіне де нұқсан келтірді. «Жол – мемлекеттің бет-бейнесі». Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бұл салаға қыруар қаражат бөлініп, халықаралық, республикалық, жергілікті мәндегі автомобиль және елді мекендердегі жолдарды қалпына келтіруде орасан жұмыс атқарылуда. Мұның өзі қозғалыс қауіпсіздігін жақсартумен қатар, жолаушылардың уақытын үнемдеуге игі ықпалын тигізуде. Ортақ іске өзіндік үлесімізді қосып жүргенімізге қуанамыз. «Армстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс аумағында 2010 жылдан бері жол жөндеумен шұғылданып келеді.

18 Біздің ұжымның ұраны – мемлекеттік сатып алу конкурсында ұтып алған келісім-шартты уақтылы әрі сапалы орындау. Соның нәтижесінде бізге жыл сайын аймақтағы ірі нысандардың құрылысы сеніп тапсырылуда. Үстіміздегі жылы серіктестік мемлекеттік сатып алуда Талас ауданының аумағындағы облыстық мәндегі «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» автомобиль жолының 97-107 шақырымында орта жөндеуді ұтып алды. Бұл мақсатқа 132238183 теңге бөлінді. Біз оны 125 күнде бітіруге тиіс болатынбыз. Уақытпен санаспай еңбек ету нәтижесінде бір ай бұрын аяқтап, мемлекеттік комиссияға тапсырдық. Келесі нысан – Жамбыл ауданының аумағындағы облыстық мәндегі «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автомобиль жолының 23-28 шақырымы. Бұл жұмысты біз 106 күнде бітіруге уағдаласқанбыз. Құрылысшыларымыздың уақытты ұтымды пайдалануы нәтижесінде орта жөндеу 95 күнде бітті. Қазір оны мемлекеттік комиссия қабылдауда. Жолшыларымыздың бір бөлігі Байзақ ауданының аумағындағы «Дихан-Жеңіс» автомобиль жолының 7,810 шақырымында орта жөндеу жүргізуде. Оның құрылысы келесі жылы аяқталады. Үстіміздегі жылға бөлінген 72 миллион теңге толық игерілді. Тараздағы Барысхан алқабындағы жаңадан бой көтерген екі көшені тегістеу және құм төсеу жұмысын ұтып алдық. Қазір бұл мақсатқа бөлінетін 229216869 теңгенің 89 миллион теңгесі игерілді. Қалған қаржы келесі жылы бөлінеді. Жол салу – сауапты да игілікті іс. Бұрын жол азабын көп тартқан барысхандықтардың қуанышында шек жоқ. Олар мемлекет, облыс басшыларына және біздің компанияға ұдайы алғыс айтып жүр. Байзақ ауданындағы «Королевка-Жібек жолы-Көкбастау-Жақаш-Көкөзек» автомобиль жолының 0-19,8 шақырымын орта жөндеуден өткізуді өткен жылы қолға алған едік. Бұл жұмыс та биыл мерзімінен бұрын бітті. Талас ауданындағы «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автомобиль жолының 176-185+830 шақырымында орта жөндеу екі жыл мерзімде атқарылуы тиіс болатын. Бұл нысанның құрылысы да таяуда аяқталып, қазір мемлекеттік комиссия қабылдауда. Күннің ыстығында жөнделген жол сапалы болады. Сондықтан да жолшыларымыз қолға алған жұмысын қысқа мерзімде әрі талапқа сай жүргізуге күш салады. Жалпы, біз үстіміздегі жылы 580 миллион теңгенің келісім-шартын ұтып алсақ, қазірге дейін оның 500 миллион теңгеден астамы игерілді. Ауқымды тірлікті уақтылы еңсеруге бізге 52 бірлік қуатты техника үлкен көмек көрсетуде. Үстіміздегі жылы асфальт кесетін, жаймалайтын және тегістейтін 4 жаңа техника сатып алдық. Жаңадан алған, жүк таситын үш «КамАЗ» автомобилі қолымызды едәуір ұзартты. Серіктестіктің тәулігіне 300-400 тонна асфальт шығаратын зауыты бар. Біз жол жөндеуге өз өнімімізді қолданамыз. Кәсіпорында 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Биыл орташа айлық жалақы 90 мың теңгеге жетті. Дебиторлық және несиелік қарызымыз жоқ. Жұмысшылардың барлығы жергілікті азаматтар. Келісім-шарт тындырымдыға тапсырылады. Бұған біздің көзіміз айқын жетіп келеді.

Лилия Булатова, «Армстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы.

Ұқсас жаңалықтар