«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көгершін асырау еңбек пе, ермек пе?

Көгершін асырау еңбек пе, ермек пе?
ашық дереккөз
Көгершін асырау еңбек пе, ермек пе?

Әдетте, ел көгершінді достық пен бейбітшіліктің, татулық пен бірліктің символы, әлемді аралап хат таситын бақыт құсы ретінде әспеттейді. Білетіндер ерекше навигациялық қасиетке ие асыранды кептерлерді қазір де хат тасуға үйретуге болады деседі. Ол межелі жерге ғаламторыңнан да жылдам ұшып жететін көрінеді. Ал олардың қолға үйретілген түрін халық арасында көгершін деп атайды. Еліміз өңірлерінен көк кептер, құз кептер, дыркептер, қоңыр кептер, түркептер, үлкен түркептер деген түрлерін кездестіруге болады. Көбінің қауырсындары құлпырып тұратын алуан түсті келеді. Үнемі топтанып, жұбын жазбай жүретінін қайтерсің! Кептерлердің француз мондэні, архангель кептері, павлин кептері, ағылшын кептері аталатындары да бар.Жалпы, көгершін асырау еңбек пе, әлде ермек пе? Мұны «байлардың ермегі» дейтіндер де табылады. Шымкент пен Тараз қалаларында жыл сайын көктем айларында кептерлер көрмесі ұйымдастырылып жатады. Ең арзанының құны 5 000 теңгеден басталса, қымбаты 5 000 000 теңгеге дейін барады. Бұл орайда, әрине тұқымы мен жасына ерекше мән беріледі. Көңілінен шыққан құсты бағасының қымбаттығына қарамай сатып алатындар да аз емес. Мысалы, 80 құс баптап отырған Арыс қаласының тұрғыны Е.Пернебай биыл Шым қалада өткен көрмеге 20 көгершін алып келіпті. Осы кәсібінен тапқан ең көп табысы – 600 мың теңге көлемінде. Оның айтуынша, негізгі кірістен бөлек көгершін асырау арқылы 1 000 000 теңге көлемінде табыс табуға болады екен. Пайда түсіріп жатса, оларды неге асырап, кәсіп көзіне айналдырмасқа? Ал қаратаулық көгершін өсіруші Бөкенбай Салыбеков еш уақытта да пайда көздеген емес. Бұл оның ата кәсібі болып шықты. – Өзім Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түлкібас ауданы, Қайыршахта ауылында туып-өскенмін. Әкем ауыл шетіндегі бір ескі тамда кептер өсірумен айналысатын-ды. Осы үлгі маған да жұғысты болды. Көгершіндерді көптен бері қолда ұстаймын. Оларды ұшырамын, ойнатамын. Балапан ашқанын қызықтаймын. Шаршаған кезіңде едәуір тынығып-ақ қаласың. Жүйкең тыншып, ойың жақсы жағына қарай өзгереді. Баяғыдан бергі ермек ісім (хоббиім) осы. Бұл іспен көрші облыстың Састөбе ауылында тұратын ағамның баласы да айналысады, – дейді ол. Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты Тамды стансасында пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін бақылау, қадағалау ісін қамтамасыз ететін қарапайым еңбек адамының үй ауласында торда құс ұстайтыны маған біртүрлі қызық көрініп кетті. Мұныңыз да біршама уақытыңызды алады емес пе? Әрі оған құстардың жемшөбіне, күтіміне кететін өзіндік шығынды қосыңыз. Әрі әрқайсысының бағасы бес мың теңгеден кемі жоқ. Теміржолшы жігіттің айтуынша, бұл кәсіп өзінің сырын көпке аша бермейтін, құрбыларыммен де бөлісе қоймайтын тұйық жандарға айрықша елеулі қанағаттану сезімін сыйлайды екен. Бөкенбай да қолы қалт етсе-ақ сырын, мұңын, ішкі толғаныстарын, алдағы жоспарларын да осы көгершіндерімен бөліскенді жөн көреді. Бұл достықтың құпиясы құстардың үнсіздігінде жатқан болар. Әлбетте, құс бағу екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Көгершіннің нәзік болмысын ұғыну үшін оларға мейлінше етене жақын бола білу ләзім. Қаратаулық құсшының ең сенімді серігі әрі досы осы көгершіндер секілді. «Кейде сенің көңіл күйіңді көңілсіз болсаң да сезіп тұрғандай болады. Міне, осындай асыл тұқымды көгершіндерді өсіріп жатқаныма қырық жылға жуықтапты» – дейді ол. Бөкенбай Салыбеков – өнегелі отбасының да иесі. Жары Гүлжан Сапарбаева екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өмір көшіне қосыпты. Отбасындағы үлкен ұлы Асылхан – Қарағанды медициналық университетінің түлегі. Қазір Тараз қалалық емханасында терапевт болып жұмыс істейді. Одан кейінгі Арайлым да Қарағанды қаласындағы педагогикалық оқу орнын бітірген. Үйлі-баранды, ата-анасы одан екі немере сүйіп отыр. Кенже қыздары Әлима бүгінде ТарМУ-дың 3-курсында оқып жүр. Олар да қара шаңырақтан түлеп ұшқан көгершіндер секілді. Көгершін демекші, Ресейдің солтүстігінде тұратындар аталмыш құстың мүсінін жасап, оны балалар мен отбасының бақытын сақтаушы ретінде қабылдаған екен. Біздің елімізде де бейбітшілік мерекесінде, атаулы күндерде көпшілік қауымның ақ тілектерін айтып, аспанға ақ көгершін ұшыру дәстүрі бар. Шынында да көгершіндер – адамдардың тілеулес достары. Ал оларды асырап, бағу, күтімдеу табиғатқа, құстарға деген құрмет, жанашырлық қой. Осы тұрғыдан алғанда, Бөкенбайдың «ермек ісі» ерекше атап өтуге де тұрарлықтай.

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар