«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл жұрты жыл келгендей жаңалық сезінуде

Ауыл жұрты жыл келгендей жаңалық сезінуде
ашық дереккөз
Ауыл жұрты жыл келгендей жаңалық сезінуде
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған, тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған қанатқақты жобаға Үкімет отырысында қолдау білдіріліп, бүгінде өңірімізде оның алғашқы кезеңінің жұмыстары жүзеге асырыла бастады. Мұны мен де қуана құптаймын. Өйткені өңірімізде игерілмей, қаңырап бос жатқан егістікке жарамды алқаптар әлі де баршылық. Бұрын қай ауылда да тәлімі алқаптарына дейін игеріліп, мал азығындық жемнің мол қорын дайындап алатын тәжірибесі болды. Ал бүгінгі жағдайды жоғарыда атап өттік. Шаруаларға егістікпен айналысайын десе, ағын су тапшылығы мүмкіндік бермеуде. Кеңестік кезеңдегі бетон науалар арқылы пайдаланылған инженерлік-суландыру жүйелері түгел дерлік «тістегеннің» аузында, ұстағанның қолында кетті. Жоғарыда атап өткен қанатқақты жоба аясында осы мәселелер де қарастырылатыны қуантады. Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала дейміз. Ол рас. Қай-қай елдің де экономикасының жақсаруы осы саланың дамуына тікелей байланысты. Әсіресе, аграрлық сектордың қос саласын қатар ілгерілетудің тиімділігі мол-ақ. Мысалы, өзім көп жылдар бойы осы салада басшылық қызметтер атқарған Талас ауданының жер жағдайы мал да, егін де өсіруге әбден қолайлы. Алайда алыс жайылымдарда мал суатының, егістік алқаптарында ағын судың жеткіліксіздігі бұл іске едәуір қолбайлау болуда. Дегенмен аталған ауданда соңғы жылдары осы бағытта біраз тірліктер қолға алынып жатса керек. Әсіресе пилоттық округ ретінде белгіленген Үшарал ауылдық округі аумағында тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба аясында жеке қосалқы шаруашылықтарда түрлі дақылдар өсіруге жағдай жасалып, 200-ден астам піспе құдық қазылып беріледі екен. Ойық, Бөлтірік шешен, Көшек, Үшарал ауылдарын қамтитын инженерлік-суландыру жүйелерінің жөнделетінін естіп, жыл келгендей жаңалық сезініп отырмыз. Ал Тамды ауылындағы бұзылып, қираған бұрынғы инженерлік-суландыру жүйесінің науалары қайта қалпына келтіріліп, келер жылдан бастап 1200 гектар алқапты ағын сумен жеткілікті қамтудың мүмкіндігі туады деп күтілуде. Бұл жаңалық та ауыл тұрғындарын айрықша шаттыққа бөлейтіні анық. Өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында жүзеге асырыла бастаған қанатқақты жоба бұл жұмыстардың барлығының да түп-негізі болып отыр деп санаймыз. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген, сірә, осы болар! Өңірімізді қайта түлету ісіне баршамыз жанашырлықпен атсалысайық, ағайын! Есенаман БЕЙСЕУОВ, еңбек ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар