Тараздықтардың бәрі бірдей қоғамдық көлікке міне бермейді. Ол – 65 теңге жолкіренің жоқтығынан емес. Өзінің жеке автокөлігін ауласына, автотұраққа қаңтарып қойып, таксиге де мінбей жұмысқа жаяу тартып кететіндер бар. Ондай қалалықтар жаяу жүргеннің денсаулыққа аса пайдалы екенін біледі. Жаяу жүру – жүрек қан-тамырлары сияқты басқа да ондаған ауруларға мыңда-бір ем дейді дәрігерлер. Аптасына бес рет жарты сағаттан жүрген адамның өмірі екі жылға ұзаратын көрінеді. «Жаяу жүру – ең бірінші дәрігерлік көмек» деп медицинаның атасы Гиппократтың өзі айтқан деген ертеден келе жатқан сөз бар.
Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінен алған мәлімет бойынша бүгінде облыс орталығында 1338 көше, даңғыл, бұрылыс, тұйық және өткел балса, оның 864-і көше, үшеуі даңғыл. Осынша көшенің қос қапталынан жаяу жүргінші жолын салу оңай шаруа емес екені белгілі. Сонда да ертелі кеш кісі аяғы басылмайтын үлкен көшелердің бойындағы жүргінші жолының маңызы зор. Қоғамдық немесе жеңіл көлікке мінбейтін тараздықтар үйінен жұмыс орнына, базарға немесе басқа шаруамен жаяулатып шыққанда жүргінші жолымен жүргісі келеді. Ал облыс орталығында автокөлік қозғалысы жыл сайын емес, күн сайын көбейіп жатқандықтан көше бойымен жүру деген аса қауіпті. Тіпті ол жол ережесін бұзу болып есептеледі. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен алған мәліметке қарағанда облыс бойынша жаяу жүргіншілердің қатысуымен биылғы тоғыз айда 292 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның жартысына жуығы – 148-і Тараз қаласының үлесінде. Кейде адам өліміне әкеліп соқтыратын мұндай оқиғаның дені көше бойларында болып жатады. Жүргіншілер тарапынан жолды кез келген жерден кесіп өту, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанына қарамай өту туралы әңгіме бөлек, кейде жүргінші жолы болмағандықтан көшеге шығып кетіп жататын адамдарды көріп қаламыз. Автокөлік ағынынан аулақ жүрейін десе «қызыл сызықты» ескермей, көшеге ентелей салынған түрлі нысандар кедергі келтіреді. Облыстық сәулет, қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досанов облыс бойынша 2018 жылы 32 кәсіпкерлік нысан «қызыл сызық» ережесін бұзғанын айтты. Ал биылғы тоғыз айда осындай 3 нысан анықталыпты. Оның былтыр 20-сы, биыл үшеуі Тараз қаласында орын алған. 19 нысан соттың қарауында жатса, үш нысанды иелері өз еріктерімен бұзыпты. «Қызыл сызық» ережесі бойынша қандай да бір нысан болмасын даңғыл бойларынан – алты, ал көше іргесінен үш метр қашықтықта болуы тиіс. Қаланы аралағанда бірде-бір көшеден жүргіншілер жолының басынан аяғына дейін жеткенін көрмедік. Төселген бетон да, асфальт та бүлініп жатады. «Денсаулыққа пайдасы мол болған соң көбіне жаяу жүремін. Әлбетте, шағын ауданнан қала орталығына дейін жаяу келемін деп айта алмаймын. Алайда үш-төрт аялдама бойы жаяу жүретінім бар. Сонда бір аңғарғаным – жаяу жүргінші жолы бар жердің өзі ойылып, опырылып жатыр. Егер әр көшенің бойында талапқа сай жол болса жастар ғана емес, біз сияқты зейнеткерлер де жаяу жүрген болар еді. Өйткені біздің замандастар денсаулықтың қадірін жақсы біледі», – дейді қала тұрғыны Алдаберді Мақашев. Аялдамада қалаішілік жолаушылар көлігін күтіп тұрған аты-жөнін атамауды жөн көрген бойжеткен «Жаяу жүретін жүргінші жолы жоқ» дейді. Тағы бір мәселе – жүргіншілер жолы бар жердің кейбір жерлері «шайтан базарға» айналған. Бірінші және екініші шағын аудандарды бөліп тұрған жол бойындағы «Сауда орталығы» аталатын жердегі жүргіншілер жолының үстінде көкөніс, бақша өнімдерінен бастап, азық-түліктің түр-түрі сатылып жатады. Одан екі аялдама жоғары төртінші шағын аудандағы №2 емханадан бастап жаяу жүргіншілер жолының үсті қайнаған сауда. Емдеу мекемесіне келетін науқас жандар түгілі ол жерден дені сау адамның өтуінің өзі қиын. Қаланың қай жерінде болмасын жүргіншілер жолының үстінде сауда көрігін қыздырып жатқандар кездеседі. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «...Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жәдел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру-бәрімізге ортақ міндет» деп атап көрсетті. Сондықтан да Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы қалалықтардың бұл өтініш-тілектеріне шұғыл түрде құлақ асуы тиіс. Оны қалалық әкімдік бақылауға алса дейміз. Дегенмен жоғарыда аталған мекеме басшысының орынбасары А.Мүлікбаевтан алған мәліметке қарағанда биыл Целиноградская көшесінің 1,013 және Прибалхашская көшесінің 0,52 километрі жаяу жүргіншілер жолымен қоса жөнделуде екен. Шағын аудандардағы мектеп, балабақша және аурухана сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар маңындағы жаяу жүргіншілер жолын мердігер мекемелер өздерінің қаражаттарының есебінен демеушілік ретінде салып беріп жатса керек. «Жаяу жүргіншілер жолына бюджеттен қаржы қарастырылмаған, қарастырылған қаржы ағымдағы жөндеу жұмыстарымен бірге жоспарланған» дейді жауапты мекеме басшысының орынбасары. Ойылып, бүлінген жол, бүтіндей қараусыз қалды деп айтуға болмас. Жоғарыда аталған қаланың коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына жауапты мекеменің күшімен шағын аудан аулаларының жолына асфальт төселіп, біршама реттеліп жатқанын көріп те жүрміз. Жаяу жүргінші жолы сөз болғанда ойымызға «қызыл сызық» мәселесі орала береді. Мәселен, Төле би даңғылы бойындағы «Арай Плаза» ғимаратының қарсы бетіндегі «Май құю» бекетінің қожайыны жаяу жүргіншілер жолын жауып тастаған. Қаладағы толып жатқан мұндай нысандар туралы «Аq jol» газетінде бұрын да мәселе көтергенбіз, алайда ешбір өзгеріс жоқ. «Қызыл сызықты» аттап кетіп, түрлі кәсіпкерлік нысандарын салып алған бизнесмендер ондай жайды кеше, не бүгін тұрғызған жоқ. Бұрыннан, сонау нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде жеке кәсіпке жол ашылғаннан бастап көше жағалай тұрғызып, құжатын реттеп алған. Одан бері қаншама қала әкімі ауысты. Қай қожайынның тұсында қала ішінен ойып тұрып жер алып, «Жанар-жағар май» бекеттерін салып алған кәсіпкерлерді анықтау құзырлы органдардың міндеті шығар. Біздің білетініміз, кеңес заманында «Май құю» бекеті деген қала тұрмақ, елді мекеннің өзінен мыңдаған метр қашықтықта болатын. Егер заң талаптары бұзылғаны анықталса қала ішіндегі жөн-жосықсыз салынған мұндай нысандарды жабу керек. Ол бірінші өрт-қауіпсіздік талаптарын қанша сақтағанымен төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді, екінші экологияны сақтауға оң әсер етеді. Тағы да Президент Жолдауына жүгінер болсақ, «Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады» деді. Қала ішіндегі толып жатқан «Май құю» бекеттері санитарлық-эпидемиологиялық әлбетте, экологиялық талапқа сай деп айта аламыз ба? Ондай нысандардың кейбірі жүргіншілер жолын жауып тастаумен қатар, экологияға да кері әсерін тигізіп отыруы мүмкін. Оны анықтау облыстық экология департаментінің құзырында.
Амангелді Әбіл
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді