Өңірімізде өндіріс көлемін арттыру, өнеркәсіп кешендерінің жұмысын жандандыру, сонымен қатар өнімдерді экспортқа шығару мәселелері басты назарда. Әлемнің дамыған мемлекеттерімен тәжірибе алмасып, үйрену арқылы еңбек өнімділігін ұлғайту еліміз үшін де тиімді болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев биылғы алғашқы Жолдауында «Отандық бизнесті қолдап, өзімізде өндірілетін өнім түрлерін арттыру керек» деп атап көрсеткені белгілі. Бұл жұмыстар Меркі ауданында да белсенді қолға алынуда. Атап айтсақ, «Ар-Ас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тау қымызын шөлмектерге құйып, еліміздің бірқатар қалаларына сауда-саттыққа шығаруда. Қазіргі таңда шаруашылық 100 бие сауып, күніне 500 литр бие сүтін шөлмектерге құюда. Қожалық иесі Мақсұт Несіпбаев: – Ата-бабамыздан бері үзілмей келе жатқан ұлттық сусынымыздың адам денсаулығына берер пайдасы мол. Қымыздың құрамында «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Соңғы кездері бие сүтімен онкологиялық аурулардан жазылып кеткендер де көбеюде. Ол адам денесінің күш-қуатын арттырып, бүйрек-бауыр, қан тамырларын тазартатыны дәлелденген, – дей келе «тау қымызын» дайындаудың өзіндік ерекшеліктеріне де тоқталып өтті. Ол күбінің өзі қайың ағашынан жасалғанын және оны ыстау барысында тек тобылғы ағашы қолданылатындығын айтады. Сонымен қатар мұнда сүт жылытқыш, суытқыш құрылғылар да сатылып алыныпты. Сауылған сүт құрылғыда жылытылып, ашыту үдерісінен өткен соң салқындататын құрылғыға құйылады екен. Содан соң күбіде пісілген дайын өнім шөлмектерге құйылып, сақтау бөлмесіне қойылуда. Дайын өнім аудан дүкендері мен Алматы, Астана қалаларының дүкен, маркеттеріне тасымалданады, – деді. Шаруашылықта бүгінгі күні елу адам жұмыспен қамтылған. Екі сауыншы биелерді әр екі сағат сайын электрлі сауын құрылғысы көмегімен сауып отырады. Ресей мен Белорусь жылқыларының шағылыстырылуынан шыққан бие тұқымдарының сүйегі ірі келеді екен. Жай биелер күніне 3 литрге дейін, ал бұлар 7 литрге дейін сүт береді. Меркілік брендке айналған «тау қымызының» дәмі ауыздан кетпейді. Шаруашылық басшысының айтуынша, дұрыс дайындалған қымыз тұнбайды. Үш айға дейін сақтауға жарамды. Шаруашылық мал қыстату науқанына да сақадай сай әзір. Жемшөбі қамдалған. Алпыс биені құлынымен ұстайтын қора да соғылыпты. «Еңбек түбі – береке» деген осы емес пе?! Таза, табиғи өнімді шығарып отырған «Ар-Ас» шаруашылығы табыстың тайқазанын тасыта береріне сенім мол.
Меркі ауданы.
Ләззат Құралбаева
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді