«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сарыбарақ пен шахан тұрғындары сергелдеңінің сыры неде?

Сарыбарақ пен шахан  тұрғындары сергелдеңінің сыры неде?
ашық дереккөз
Сарыбарақ пен шахан тұрғындары сергелдеңінің сыры неде?

Немесе «көгілдір отынды» үйлерге кіргізіп беру мәселесінде дау-дамай неге азаймайды?

Редакциямызға пайғамбар жасына жақындаған, айтыскер ақын Асқарбек Айдаров елдің мәселесін көтере келіпті. Ол кісінің айтуынша, Тегістік ауылдық округіне қарайтын үш ауылдың жанына дейін табиғи газ желісі тартылған. Былтыр Тегістік ауылының тұрғындары «көгілдір отынды» үйлеріне кіргізіп алу үшін әрбір отбасынан 325 мың теңгеден жинаған. Оның 230 мың теңгесі көше бойымен газ желісін тартуға жұмсалса, 95 мың теңгесі үйге кіргізу үшін төленген. Ал округтегі Сарыбарақ пен Шахан ауылдары бұл игілікті көре алмай келеді.

– Біз табиғи газдың келгеніне қуаныштымыз. Оған қажетті қаражатты жинаудан да қашпаймыз. Бірақ мұндағы тұрғындардың қолында ондай ақша жоқ. Сондықтан да ауылдың шетіне келіп тұрған газ желісін Үкіметтің бағдарламасымен көшеге тартып берсе. Соған ауылдық округ әкімі, аудан әкімі қолдау көрсетіп, жобалық-сметалық құжатын ертерек жасатып, облыстық бюджеттен қаражат сұраса, – деді ол. Газет оқырманы А.Айдаровтың айтқан мәселенің мән-жайын білу мақсатында жолға шықтық. Тегістік – Байзақ ауданының солтүстік шығысына орналасқан, Талас ауданымен шекаралас жатқан ауылдық округ. Онда жеткенше бірнеше елді мекенді басып өтіп, бір сағат дегенде діттеген жерімізге де келдік. Округтің мамандары жұмыс орнынан табылды. Ал ауыл әкімі Бағдат Әділов жұмыс бабымен аудан орталығына шығып кетіпті. Қарияның көтеріп жүрген мәселесінен олар да хабардар. Біздің қойған сауалымызға жауап берген округтің бас және жетекші мамандары Ғанибек Жұмасаев пен Нұрдос Есбергеновтің айтар уәждері бар. Олардың айтуынша, Тегістік ауылының тұрғындары Үкіметке алақан жайып қарап отырмай, ұйымдасып, орталарынан қаржы жинап, былтыр күзде үйлеріне газ кіргізіп алыпты. Ал «Сарыбарақ пен Шахан елді мекендерінің кейбір тұрғындары газдандыру талабының мәнісін түсінбей, мәселе тудыруда» дейді. Соңғы 2 елді мекенге табиғи газ желісін жеткізу үшін облыстық бюджеттен жалпы сомасы 187 миллион теңге бөлініп, биыл тиісті жұмыстар атқарылған. Бұл жұмысты мердігер «Комбиқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, ауыл шетіне дейін жеткізіп беріпті. Ал редакциямызға ой-пікірін айта келген Шахан ауылының тұрғыны Асқарбек Бəтейұлының ұстанымы олармен ұштаса қоймады. Ол: «Табиғи газды ауылдың шетіне дейін жеткізіп берген аудан жəне облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Біздің сұрап отырғанымыз мемлекеттік бағдарлама аясында көшеге заң талабына сай газ желісін жүргізіп берсе. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Сол үшін ауыл əкімі жұмыс істесін. Біздің тілегімізді ауданға жеткізіп, аталған жұмысты жүргізу үшін оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасасын. Облысқа тездетіп өткізсін. Ауыл тұрғындарының жағдайы келмейтін болған соң биліктен көмек сұрап отырмыз. Соны неге түсінгілерің келмейді», – деп шыр-пыр болды. Бір кезде А.Айдаров та жобалаушы, жер өлшеуші болып жұмыс істесе керек. Тегістік ауылындағы көше бойымен тартылған газ желісі заң бойынша жер астымен тартылуы керек дегенді де айтып қалды. Оған ауылдық округ мамандары «Бұл дау көтеретін мәселе емес қой. Өзіңіз бағдарламаның мақсатын түсінбей отырсыз. Одан да елді ұйымдастырып, ауыл іргесіне келіп тұрған газды қыс түспей кіргізіп алсаңыздаршы, ауылдың бас көтерер қариясының бірісіз ғой», – деді ауыл әкімдігінің қызметкерлері. Тегістікке «көгілдір отынды» тартуда бастамашы болған ақсақал, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұловты іздеп әуре болмадық. Округ әкімі ұялы телефон арқылы хабарласқан болу керек. Әкімдікке бізді іздеп өзі келді. – Біз газ мәселесін көп жылдан бері көтеріп келдік. Өткен жылы бұрынғы аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев округ тұрғындары алдында есеп берген сәтте біз табиғи газ мәселесін қайта көтердік. Іргемізде «Амангелді» газ кені құбырының өтіп жатқанын айта келіп, газ желісін ауыл шетіне дейін тартып беруді сұрадық. Әкім уәде берді. Көп кешікпей ауылдың іргесіне газ желісін жеткізіп беріп, салмақты өзімізге салды. Өзіміз сұрап алып, әрекетсіз жатқанымыз ұят болар деп, ауыл тұрғындарының басын құрап, жиын өткіздік. Қатарымыздан Сарыбарақ пен Шахан ауылдарының тұрғындарын да тыс қалдырған жоқпыз. Аудандық газ мекемесі мердігер тауып беріп, жұмысты өздері бақылап отырды. Көшеге газ желісін тарту үшін қомақты қаражат керек болды. Ауылдан қалталы демеушілер шықпаған соң əр үйге шаштық. Бас аяғы бір үйге 325 мың теңгеден айналды. Мердігер 2 отбасына газды тегін кіргізіп берді. Қазір 112 үйдің 85-і «көгілдір отынның» игілігін көруде. Қыс түскенше қалғандары да кіргізіп алғалы жатыр. Бәрінен бұрын келіндердің қолы ұзарып қалды, – деді қария. Ал Асқарбек Айдаровтың газ желісі жер астымен тартылу керек деген талабына, «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, қаржының ыңғайына қарай арзан жолын таңдадық» деп қысқа қайырды. Қалай айтсақ та, мұндағы жұрт бұрынғыдай көмір түсіріп, күл шығару машақатынан құтылған. Әйтпесе, аудан орталығы мен Тараз қаласынан қашықта жатқан ауылға көмір тасымалдаудың өзі қиын. Көмір қоймаларынан қатты отынның бір тоннасы 1400 теңгеден алғанмен, Шаханға жеткенше оның бағасы 20-22 мың теңгеге шарықтап кетеді екен. Жалпы, елді мекен іргесіне жеткізілген табиғи газды сондағы тұрғындардың ұйымдасып көшеге, одан үйлеріне тартып алуы тәжірибеде бар. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2007-2009 жылдары Жуалы ауданында бірнеше елді мекен осылайша газды болғаны есімізде. Сарыбарақ пен Шахан ауылының тұрғындарының да ойын тыңдай кетуді жөн көрдік. Соңғы ауылға кірген сәтте мектептің қасында топталып тұрған жігіттердің қасына тоқтап, ауыл тұрғындарының ойын білдік. Өздерін Бағдат Абылов (Шахан ауылының тұрғыны), Азамат Тойбаев (Сарыбарақ ауылының тұрғыны) деп таныстырған жігіт ағалары А.Айдаровты қолдай кетті. «Қазір Үкіметте үй-үйге 95 мың теңгеден тартып беретін арнайы жоба қабылданыпты ғой. Біз соны күтеміз. Осыған дейін күттік қой газды, тағы да біраз уақыт күте тұрамыз», – деп, бірін-бірі қостады. Бұл істің ізін суытпай, сол күні ауыл әкімімен де жолығып, сөйлескен едік. – Округ тұрғындары газдандыру мəселесін көптен бері көтеріп келді. Өйткені ауылдың іргесінен өтіп жатқан «Амангелді» газ құбыры 15 километрден кейін «Алматы-Ташкент» газ құбырына қосылады. «Амангелді» газ желілік құбырын тартып жатқанда Тегістіктің тұсынан газ бөлу пунктін салып кеткен. Соны округ тұрғындары аудан əкімінің жиынында көтеріп, ауыл шетіне жеткізіп беруді сұраған. Бүгінде Тегістік ауылы соның игілігін көріп отыр. Ал Сарыбарақ пен Шахан ауылдары іргесінде тұрған табиғи газды өздері қосып алмай, сөзді көбейтіп жіберді. Олардың бұл әрекетін мен де түсінбей жүрмін, – деді округ әкімі Бағдат Әділов. Бұдан кейін аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Рүстам Құсбековке телефон соғып, мәселенің мән-жайын сұраған едік. «Сіз айтып отырған мәселе бізге жақсы таныс. Өткен жылы Тегістік ауылына газ тартып бердік. Тұрғындармен бірнеше рет кездесу өткізіп, барлығын хаттамалап, жобалық-сметалық құжатын жасадық. Кейбір кісілерге жеңілдік те қарастырдық. Несиемен де, малмен де есеп айырыстық. Тұрмысы төмен, көп балалы 2 отбасына газды тегін тартып бердік. Сарыбарақ пен Шахан ауылының тұрғындарымен кездескенімізде ауыл қариялары қуана құптаған. Кейін айнып қалыпты. Бір апта бұрын аудан әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге тағы бардық. Халық екі жарылып алған. Олардың басы бірікпей біз ештеңе істей алмаймыз. Алдымен көше ішіне жүргізетін газ желісінің жобалық-сметалық құжатын жасап, қанша қаражат кететінін анықтап алуымыз керек. Ал мұндағы халықтың айтып отырған 95 мың теңгесі басқа мәселе. Ол көшеге газ желісі тартылған елді мекендерге қатысты. Егер ол ауылға бюджет есебінен газ желісі тартылған болса әңгіме басқа болар еді. Халық мұны Үкіметтен арнайы қабылданған жоба деп түсініп отыр. Шындығында бұл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бағаны көтермеу үшін, халықтың жағдайына қарап, мердігерлерге қойған шектеу баға болатын, – деді ол. Аудан әкімінің орынбасары Нұрдос Тойбаевпен де сөйлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы 43 елді мекеннің 30-ы газдандырылған. Алда қалған ауылдарды газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жасалған жобалық-сметалық құжаттарға бөлінетін республика қаржысы табиғи отынды ауыл шетіне дейін жеткізуге қаралған. Қос ауылда аудан әкімі мен әкімдікке қарасты мекемелердің жүргізген түсіндіру жұмыстарынан кейін елдің беті бері қарап, олардың алдағы жылы газды өз қаражаттары есебінен кіргізуге келіскенін жеткізді. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу мақсатымен облыс əкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына да осы сұрақпен хабарласқан болатынбыз. Оған басқарманың бас маманы Мəулен Қожақов жауап берді. – Газдандыру жəне газбен жабдықтау туралы заңның 12 бабының 5-ші тармағында: «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі», деп көрсетілген. Айталық, көше аралық газ желісі тартылған елді мекендерде «ҚазТрансГазАймақ» жəне «Трансгазойл» акционерлік қоғамдары әр үйді «көгілдір отынға» қосу құнын 150 мың теңге деп белгілеген. Ал облыста халыққа тиімді болу үшін «Жамбыл жылу» жəне «Темір жол жылу» мекемелері қасынан арнайы газ тарту бөлімдері ашылып, жұмыс істеуде. Олар «газанализаторы» бар үйлерге табиғи отынды 82 мен 95 мың теңге аралығында тартып беруде. Ал газ желісі жоқ елді мекендердің халқы қарсы болмаса оны 300 мың теңгенің көлемінде кіргізу белгіленіп отыр, – дейді.

Байзақ ауданы.

Марат Құлибаев

Ұқсас жаңалықтар