Жамбыл фосфоры – әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілет ті бірегей брендіміз
- author «Ақ жол»
- 17 қазан, 2019
- 648
Биыл өңіріміздегі іргелі кәсіпорын – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бүгінде серіктестік өз өнімін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып табылады. Ол әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаратын шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өткеруші серіктестік ретінде белгілі. Өркендеудің жолына түскен кәсіпорынның айтулы мерекесі қарсаңында біз «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіровпен сұқбаттасқан болатынбыз.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, әңгімеміздің әлқисасын зауыт тарихымен танысудан бастасақ... – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасы барлық өндіріс салаларына көңіл бөлді. Соның ішінде химия өндірісі де бар. 2008 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытында республикаға керекті химия өнеркәсібін дамыту туралы Президентіміздің қатысуымен үлкен жиналыс өтті. Сол жиында Елбасының берген тапсырмаларының арқасында зауытқа инвестиция тартылып, өндіріс алға жылжыды. Содан бастап біз жыл сайын зауытқа бір жаңалық енгізіп отырдық. Тұңғыш Президентіміз іс-сапармен Таразға келсе, өзіміз Астанаға бара қалсақ Н.Назарбаевқа есеп беріп тұрдық. Қазіргі Президентіміз сайлауалды науқанында біздің кәсіпорында болып, ұжыммен жүздесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұстанымы Елбасының көзқарасымен сабақтасып жатыр. Өйткені өндіріс орындары дамымайтын болса, еліміздің экономикасы да алға баспайтыны белгілі. Биыл Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады», – деп алдымызға үлкен міндеттер қойды. Президентіміз айтқандай, қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Бүгінде ел экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Оған отандық өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардың да қосып отырған үлесі аз емес. Біздің кәсіпорын да тиісті атқарылар жұмыстарын Жолдаудан туындаған бағыттар аясында үйлестіруде. Жалпы, облыстың өндіріс саласын алатын болсақ, ол химия өнеркәсібімен тікелей байланысты. Өңірімізде химия саласына деген бетбұрыс екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұста басталған. Дәлірек айтсақ, 1943 жылы облысымыздың Талас және Сарысу аудандарында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарынан кейін Қаратау қаласында фосфорит кені табылды. Қазіргі таңда барланған кеннің қоры 15 миллиард тоннадан асып жығылады. Бірақ еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда фосфорит кендерін іздеу бойынша барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Бізге белгілі болғаны Жамбыл мен Түркістан облысының аумағында 45 кен орны анықталған. Олар Талас пен Сарысу аудандарында ғана емес, көрші облыстың Созақ ауданына дейін жалғасып жатыр. Оның қай жерге дейін барып тірелерін білмеймін. Менің ойымша осы барлау жұмыстарын елімізде қайта қолға алу керек. Бұл біздің болашақ ұрпағымыз үшін қажет. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң өңірімізде алғашқы болып Қаратау қаласындағы «Шолақтау» кен орны ашылып, онда тұтқынға түскен жапон жауынгерлері кен өндірді. Одан кейін Тараз қаласындағы Ниетқалиев көшесінің соңындағы бүгінгі зауыт орнында тыңайтқыш өндіру өндірісі іске қосылды. Ол кезде «Жамбыл суферфосфат» деп аталатын. Қазір ол зауыт біздің «Қазфосфаттың» құрамында. 1960 жылдардың соңында «Химпром» дейтін өндіріс ошағы ашылып, жұмыс істеді (қазір Тараз металлургия зауыты). Өткен ғасырдың 70-жылдары Жаңа Жамбыл фосфор зауыты іске қосылды. Қазірдің өзінде Жаңатас қаласының 50 жылдығын тойлап жатыр ғой. Жаңатас – өңдеуші кәсіпорындарды тек қана фосфорит кенімен қамтамасыз ететін қала болды. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде көптеген зауыттар тоқтап қалды. Жоғарыда аталған зауыттардың басым бөлігі бүгінде «Қазфосфат» ЖШС құрамында жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, өзіміздің мамандандырылған темір жол кешеніміз, 300 километрді құрайтын темір жол желісі мен 24 тепловозымыз бар. Онда 500 адам еңбек етуде. Енді, міне біз құрған кәсіпорынға 20 жыл толып отыр. – Тоқсаныншы жылдары тоз-тозы шыққан зауытты қайта құру оңай болмағаны белгілі. Дейтұрғанмен бүгінгі кәсіпорынның әлеуеті қандай? – Осы кәсіпорында жұмыс істеп келе жатқаныма 38 жыл болды. 1982 жылы Қазақ химия технологиялық институтын бітіріп келгеннен бері осында қызмет істеудемін. «Қазфосфат» жаңа құрылғанда Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры болдым. 2000 жылдан бастап басқару саласына араласып, 2004 жылы серіктестіктің директоры болып тағайындалдым. Жұмысты алғаш бастаған тұста зауыттың жұмысшыларға жалақы бойынша берешегі қордаланып қалған. Құрал жабдықтары да ескірген. Одан бөлек миллиондаған теңге қарызы бар еді. Біз оның барлығын жаптық. Біздің шығарған өніміміз ол кезде ешкімге керек болмай, сапасы да төмендеп кеткен болатын. Әлемдік нарықтан шығып кеткеннен кейін оған қайта кіру өте қиын әрі бәсекелестік басым. Бізге өндірген өнімімізді өткізетін жаңа нарық керек болды. Ішкі нарықта өніміміз бағаланбаған соң өндірген өнімнің 90 пайызын экспортқа шығарып, 33 мемлекетпен байланыс орнаттық. Олар біздің өнімді ауыл шаруашылығы мақсатына тұтынуда. Зауыт фосфордың 20 түрін өндіреді. Онымен Қазақстанды толық қамтамасыз етуге болар еді. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында агрохимиялық тыңайтқыштарды қолдану деңгейі өте төмен. Ол неге әкеп соқтырады? Бұл талаптардың сақталмауы – егістік жерлердің құнарсызданып бара жатқанын көрсетеді. Көптеген ғалымдар болашақта фосфор тыңайтқышы жерден жоғалып кететін элементтердің бірі деп дабыл қағуда. Біз болсақ бүгінгі таңда басқа мемлекеттердің жерлерінің құнарын арттырудамыз. Бірақ ол дәл қазір өз елімізге қажет. Енді көрші мемлекеттердің барлығы кезекке тұрып тыңайтқышты алып жатқанда, өзіміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарының тып-тыныш жатқаны өкінішті-ақ. Біз жекеменшік кәсіпорын болғандықтан, шығарған өнімді өткеріп, дамуымыз үшін оны сатуға мәжбүрміз. Биыл өнімдерімізді өткеру көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, едәуір ұлғайды. Яғни есепті мерзімде 66327 тонна сары фосфор, 21308 тонна фосфор қышқылы, 14493 тонна үшполифосфатты натрий, 831 тонна фосфоркалийлі тыңайтқыш, 252270 тонна аммофос өндірілген. Мәселен, өткен тоғыз айда 108,1 миллиард теңгенің өнімін шығарсақ, алдымыздағы үш айда оны 147,1 миллиард теңгеге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ал 2004 жылы өнімнің шығару көлемі бар болғаны 11 миллиард теңге болатын. Сондай-ақ көптеген инвестициялық жобалармен жұмыс істедік. Мәселен, минералды тыңайтқыш зауытының қуаттылығы 140 мың тонна болса, оны 500 мың тоннаға жеткіздік. Соңғы 6 жылда зауыттың барлық құрал-жабдықтары жаңартылды. Мұны «Қазфосфаттың» жоғары көрсеткіштерінің бірі деп айтуға болады. – Жаңғырту жұмыстары мен алға қойған мақсаттарыңыз туралы не айтасыз? – Президентіміз Жолдауда шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды, сондай-ақ елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру міндетін қойып отыр. Осыған орай, компаниямыз өнімдерін сату мен өзінің өндірістік базасының қуаттылығын мейлінше тиімділікпен пайдалана отырып, түскен табысты өндіріс ауқымын ұлғайтуға және жаңарту үшін жұмсауда. Соның нәтижесінде ЖЖФЗ бұрынғыға қарағанда өнім көлемін еселей түсті. Серіктестіктің Тараз филиалында «Тыңайтқыш өндірісін техникалық қайта жаңғырту – ұнтақтап, кептіру барабаны бөлімшесін жаңғырту» атты жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жоба мұнда жылына 500 мың тонна минералды тыңайтқыш, яғни бұған дейінгі деңгейден 300 мың тоннаға артық өндіруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ компанияның құрылымдық бөлімшелерінің материалдық-техникалық әлеуеті арттырылу үстінде. Өткен жылы «Қаратау» тау-кен өндірістік кешеніне 4684,1 миллион, «Шолақтау» тау-кен өндірістік кешеніне 443,2 миллион теңгеге қажетті техника, арнаулы құрал-жабдықтар мен құрылғылар сатып алынды. Құрылымдарымыздың әлеуеті бұдан да әрі ұдайы ұлғайтыла беретін болады. Алдағы 20 жылда 2 зауыт салу жоспарымызда бар. – Экспорт көлемін арттыруда қандай жұмыстар атқарылуда? – Біздің жоғарыда айтып жатқан цифрлардың барлығы біздің еңбек ресурсына байланысты. Біз жеткен жетістіктеріміздің деңгейінде қалып қоюды ойламаймыз. Нарықтық кеңістіктегі жеткен шебімізді одан әрі бекемдеп, жаңа белестерді бағындыруға ұдайы талпыныс жасай беретін боламыз. Әлбетте, теңіз дәліздеріне тікелей шығудың қиындығы, әлемдік өткеру нарығынан алыста болуымыз, осы аталған нарықтық нысандарға өнімді тасымалдап жеткізу құнының тым жоғары екендігі секілді еліміздің жағрапиялық ерекшеліктерін ескерсек, бұл – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Алайда біз, жаңа нарықтық кеңістіктерге шығу мүмкіндіктерін ұдайы іздестіру үстіндеміз. Осылайша 2012 жылы АҚШ нарығына шыға алдық. Ал 2013 жылы компания құрылғалы бері, жалпы химия өндірісі тарихында алғаш рет көршілес Қытай және Вьетнам елдері секілді бәсекелестері бар екеніне қарамастан Үндістанға фосфор жеткізу ісін бастадық. Бүгінде осы нарықта тұрақтап қалу үшін экспортталатын сары фосфор көлемін АҚШ-қа – 4,2 мың тоннаға, Үндістанға – 12,7 мың тоннаға жеткіздік. Қазіргі таңда өнімдерімізді Жапонияға шығаруды көздеп отырмыз. Бұл бізге қосымша өнім өткеру көлемін түбегейлі 3-5 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек үшфосфатты натрий өнімін Египет, Түркия елдері нарығына тасымалдау ісін бастадық. Африка мен Латын Америкасы елдері нарығы сұранысын зерделеу жұмыстарын жүргізудеміз. Осы жылдың басында біз өндірген минералды тыңайтқыштар алғаш рет Аргентина жеріне жеткізілді. Енді өнімдерімізді Ауғанстанға экспортқа шығаруды ойластырудамыз. Өнімдерімізге әлемдік нарықта сұраныс арта беретініне бек сенімдіміз. – ХХІ ғасыр талабына сәйкес, цифрландыру кең ауқымды міндет болып табылады. Елбасы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өндірісте қалай жүргізілуде? – Қазір бухгалтерия, жанар-жағармайды қадағалау, автоматтандыру барлық кәсіпорындарда жұмыс істеп жатыр. Бізде 300 айти маманы жұмыс істейді. Цифрландыруды енгізуге 1 миллиардтан астам қаржы жұмсадық. Алдағы жылы да бюджетімізден біраз қаражат жұмсауды көздеп отырмыз. Негізгі міндеттердің бірі – Қаратау мен Жаңатас кен орындарын автоматтандыру. Басқа филиалдарда да бұл жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар ешқашан тоқтамайды. Себебі, техника, технология дамып келе жатқан заманда 2-4 жыл көлемінде жаңа деген техникамыздың өзі уақыттан қалып қойып жатады. Оны өнім өндіру талабына сай жаңартып отырмасақ, әлемдік экономикадан шет қалып кетуіміз мүмкін. Алға қойылған жоспар қандай? Екі жылда 500 мың тонна фосфар тыңайтқышын шығаратын зауыт салу. Бұл кем дегенде 40 миллиард теңгенің көлемінде инвестиция тартуды керек етеді. ЖЖФЗ-да фосфорды қайтадан өңдейтін бір-екі жоспарымыз бар. Оған да кем дегенде 10 миллиард теңгенің көлемінде қаржы керек. Биыл Қаратау мен Жаңатас кен орындарында 12 миллиард теңгеден астам қаржыға жаңа техника сатып алынды. Мұның барлығын «Қазфосфаттың» 20 жылда жеткен табысының қатарына қосуға болады. – Зауыт жұмысшыларына қандай жағдайлар жасалуда? – Біз жұмысшыларымыздың демалуы мен сауығуына ерекше көңіл бөліп отырамыз. Ол үшін сауықтыру орындары мен спорттық нысандарымыз жұмыс істейді. Бұл мақсатқа биыл 560 миллион теңге жұмсадық. Одан бөлек 860 миллион теңгені олардың киім-кешегі мен тасымалына және 160 миллион теңгені жұмысшылардың материалдық жағдайын көтеруге бөлдік. Біздің бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз білікті мамандарымыздың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Олар техникалық біліктіліктерін ұдайы жетілдіріп отырады. Тәжірибелі мамандардың жастарға тәлімгерлік ету дәстүрі де қалыптасқан. Бүгінгі күні компанияның жұмысшы саны 6 мың адамнан асып жығылады. Олардың орташа айлық жалақыларының көлемі де өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 114,6 пайызға артқан. Соған сәйкес еңбек өнімділігі де биылғы жылдың 9 айы ішінде былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,7 пайызға ұлғайтылып, бір адамға шаққанда орташа айлық 152 мың теңгені құрады. Жыл басында жұмысшылардың айлығын 10 пайызға көтерген болатынбыз. Енді алдағы жылы оны тағы 10 пайызға жоғарылату жоспарымызда бар. – Ел ішінде фосфор зиян деген түсінік қалыптасқан. Оған қоса зауыт мұржаларынан шығатын түтін де халықтың алаңдаушылығын тудыруда. Ол шынында қаншалықты зиян? – «Судың да сұрауы бар» демекші, біз Ата Заңымыздың аясында жұмыс жасап келеміз. Ауаға бір килограмм түтін немесе тоғанға бір литр су тастау үшін экология мекемесінен рұқсат аламыз. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды тастағанымыз үшін былтыр 2,5 миллиард теңге мемлекетке салық төледік. Ол қаржы қоршаған ортаны жақсартуға жұмсалуы керек. Бұдан бөлек экологиялық шараларға да үлес қосып келеміз. Біз апта сайын өткізіліп жатқан экологиялық сенбіліктерден тыс қалмаймыз. Өйткені бізде жұмыс істейтін азаматтардың барлығы осы қала мен оның маңындағы ауыл тұрғындары. Ал фосфорда адамзатқа керекті үш элемент бар: азот, фосфор, калий. Фосфор болмаса, ауыл шаруашылығында өнім болмайды. Бүгінде жерден өндіріліп отырған өнімнің барлығында химиялық қоспалар бар. Ешқандай сала фосфорсыз дами алмайды. Оны зиян екен деп өндірмей қоюға тағы болмайды. Биылдың өзінде біз экологиялық шараларға 600 миллионнан астам қаржы салдық. Ол қаржы жылдан жылға арта береді. Егер атмосфераға, қоршаған ортаға шығарылып жатқан қалдықтардың бәрін есептейтін болсақ, химия өндірісі бірінші емес. Ең біріншісі – көлік, екіншісі – энергетика, ал химия тізімнің ортасынан орын алғанын көрер едік. Оның барлығын біз есептеп, жылда құрал-жабдықтарымызды жаңартып, уақыттан қалмай келеміз. Сонымен бірге өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға да үлес қоса беретін боламыз. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Тараз қаласы.Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді