Тарихта 1204 жылға дейін кең-байтақ жерді басып алып, бағындырған Темучин дала ақсүйектерін құрылтайға шақырады. Осы құрылтайда Темучин барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланды да, оған Шыңғысхан (түркі тілінде теңіз, мұхит деген сөзден шыққан) лауазымын береді. Осы күннен бастап Темучин Шыңғысхан атанады. Шыңғысхан мемлекетті басқару ісін бір орталыққа бағындыруға күш салады. 1223 жылға дейін оның әскерлері бүкіл Азияны, Сібірді, орыс жерінің оңтүстігін, Қытайды, Еділ бойын, Азов далаларын, Солтүстік Кавказды, Қырым түбегін басып алып, Шыңғысхан империясын құрды. 1223 жылы Шыңғысхан Хорасан мен Бұхараны бағындырып, Сыр бойында, Түркістан маңындағы Күлтөбеге ерте көктемде келіп, құрылтай шақырады. Құрылтайға Шыңғысханның ұлдарынан басқа нояндар, тайпа басшылары, мыңбасылар, батырлар келеді. Құрылтайда жорық кезінде қаза болған батырлар мен жауынгерлерді еске алып, ерлігімен көзге түскендерге сый-сияпат көрсетіп, құрметтейді және осы құрылтайда Шыңғысхан бәйбішесі, қоңырат қызы Бөртеден туған төрт баласына басып алып өзіне бағындырған жерлерін бөліп береді. Үлкен ұлы Жошыға – Ертіс өзенінен Орал тауына дейін, Жетісудың солтүстігінен Каспий, Арал теңіздері, Сібір мен Ресейдің оңтүстігіндегі бүгінгі Омбы, Орынбор, Қорған, Астрахань, Татар, Башқұрт, Мордова, Еділ бойы, Азов даласын, Солтүстік Кавказ, Орта Азия жерлерін, Қырым түбегін береді. Бұл тарихи құрылтай туралы қазақ, орыс, шетел ғалымдары көптеген еңбектер жазған, әлі де жазылуда. Атап айтқанда, «Алтын Орда» энциклопедиясы авторлары Т.Жұмаханов, Б.Жулатаев, Т.Шаңбай, Қ.Бегалиннің «Алтын Орда хандары» атты еңбегі, Р.Өмірзақовтың, Т.Табулдиннің, Г.Оловинцовтың «Казахские ханы и их потомки» атты зерттеулері, Ж.Сабитовтың «Генеология төре» атты кітабы, Юань Зяо Би-Шидің «Сокровенное сказание(о монголах)» еңбегі бар. Сондай-ақ Тхун Цзянь Ган-Мудың «История первых четырех ханов из дома Чингисова» туындысын Н.Бичурин орысшаға аударған Б.Владимировтің «Чингисхан» атты еңбегі, В.Бартольдтің «Образование империи Чингисхана» және «Чингисхан» атты еңбектері, 1943 жылы А.Панкратова мен М.Абдихановтың редакторлығымен шыққан «История Казахстана» деген оқулық, бүгінгі орыс ғалымдары тарих ғылымының докторлары, профессорлар А. Филюшкин мен В.Греповлов және басқа ғалымдардың еңбектері жеткілікті. Екінші ұлы Шағатайға – Алтайдан Әмударияға дейінгі орталықтар, ұйғырлар жері, Самарқанд пен Бұхараға дейінгі жерлерді, үшінші ұлы – Үгедейге Шығыс Түркістан мен ауған, иран жерлері, төртінші ұлы Төлеге қарашаңыраққа ие боласың деп ішкі Моңғолияны берген. Жошының билігіне бүгінгі Қазақстанның басым бөлігі кіріп, «Жошы ұлысы», «Дешті Қыпшақ» мемлекеті атанды да, кейінірек кең-байтақ жерді билеген Алтын Орда мемлекетіне айналды. Жошының ұлы Бату Алтын Орта мемлекетінің жерін кеңейтіп, бүкіл Еуропаны басып алды да, Азия және Еуропа жеріне ұзақ уақыт билік жүргізді. Дешті Қыпшақ мемлекеті Алтын Орда ыдырағанға дейін өмір сүріп, 1465 жылы Қазақ хандығы Жошы ұлысының, Дешті Қыпшақ мемлекетінің заңды жалғасы болды. Жошы ұлысына, Алтын Орда мемлекетіне, Қазақ хандығына Жошы ханның ұрпақтары билік етті. Ел есінде сақталған Өзбек хан, Берке хан, Еңсегей бойлы Есім хан, Қасым хан, Хақназар хан, Әз Тәуке хан, Әз Жәнібек хан, Абылай хан, қазақтың соңғы ханы Кенесары хан да осы Жошы ханның ұрпақтары. Бүгінгі қазақ жерінде алғашқы заңды мемлекет болған Жошы ұлысы немесе Дешті Қыпшақ мемлекетінің алғашқы ханы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан екені тарихтан белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда болған ұлағатты жиында Жошы ханды зерттеп, халыққа таныстырып, дәріптеп, насихаттап, өзіне лайықты орнын алуға жұмыс істеу керектігін баса айтқаны тегін емес. Бүгінге дейін Жошының жерленген жері Ұлытауда екенін, кесенесі барын көп адам білмейді. Біз өз тарихымызды, өткенімізді басқаларға таныстырып, қазақ елінің, жерінің бай тарихын өзгелерге айтып, көрсететін уақыт жетті деп білемін. Осы күнге дейін елімізде Жошы ханның атында не көше, не басқа да нысандар жоқ Ескерткіші де болған емес. Тек қасиетті Ұлытауда жел өтінде тұрған кесенесі ғана ескерткіш болып асқақтап тұр. Өзімізді өзіміз көтермесек, бізді ешкім мақтамайды. Осыны білген дұрыс.
Москау НОҚРАБЕКОВ, ардагер журналист.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді