Атаулы әлеуметтік көмек келер жылы қалай тағайындалады? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов айтып берді.
– Былтыр атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына жетпейтін отбасыларға кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді. Ал биыл 1 сәуірден бастап тәртіп өзгерді. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы емес, 70 пайызға дейін көтерілді. Осыған байланысты 20 789 теңге айырмасы ретінде тағайындалып отыр. 9 айдың ішінде бұл көмек 35,5 мың отбасыға берілді, 179,5 мың адамға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Осылайша оның орташа мөлшері 2,5 есеге өсті. Барлық атаулы көмек алушылардың жартысынан астамы көп балалы отбасылар, – деді ол. Спикердің айтуынша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қатаңдатылады. «Негізгі ұстанымға сәйкес, мемлекет көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетеді. Ең алдымен жас жеткіншектер және көп балалы отбасылар назарға алынады. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Сол үшін мемлекет олардың жұмысқа орналасуына немесе кіші бизнеспен айналасуына көмектеседі. Кешенді шаралар 3 бағытты құрайды», – деген Тимуржан Бидайбекұлы әлеуметтік қолдау жүйесінің жаңа тұрғыларына тоқталды. Оның біріншісі – көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну. Бұл ретте көп балалы отбасы «аз қамтылған отбасы» деген стереотиптен арылады. Келесі бағытта аз қамтылған санаттағы азаматтар еңбекке ынталандырылады. Ал үшіншісі бойынша, барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакет ұсынылмақ. – Ең басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін АӘК шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі. Сондай-ақ ең алдымен аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының әлеуеті максималды түрде қолданылады. Оларға бос жұмыс орындарына, мемлекетпен субсидияланатын жұмысқа орналасуға, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микронесие және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады, – деген басқарма басшысы егер олар жұмыстан бас тартатын болса, АӘК өзіне де, отбасына да берілмейтінін қадап айтты. Тағы бір өзгеріс: жаңа шартты және шартсыз ақшалай атаулы әлеуметтік көмектің екеуі қазіргідей 6 және 12 ай емес, 3 ай болады. Қысқасы бұл – дерекқор әр тоқсан сайын жаңарып тұрады деген сөз.
А.Маратқызы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді