«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлгілі ұстаздар тәжірибелерімен бөлісті

Үлгілі ұстаздар тәжірибелерімен бөлісті
ашық дереккөз
Үлгілі ұстаздар тәжірибелерімен бөлісті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең алдымен білім сапасын арттыруға баса назар аударғаны белгілі. Бас құжаттан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды орындау мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Білім берудегі менеджмент кафедрасының ұйымдастыруымен «Табысқа жетудің сыры...» атты сыр-сұхбат өтті. Бұл шараға өңірде еңбегімен еленген, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген жас ғалымдар мен мектеп басшылары, жаңашыл мұғалімдер мен болашақ педагогтер қатысты. Кешті Педагогика жоғары мектебінің деканы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айсұлу Тұрарова салтанатты түрде ашып, Ұлы Даланың жас ұрпағын аялап, саналы тәрбие мен білім беріп отырған облыстың креативті педагогтеріне толағай табыстар тіледі. Облыс әкімдігі білім басқармасының тұлға тәрбиесі мен менеджмент бөлімі жетекшісі Ғазиза Омарбекова ұстаздар қауымының жетістіктерін ерекше атап өтті. Ол Бауыржан Момышұлының батылдығы мен ержүректігін, Дінмұхаммед Қонаевтың адамгершілік қасиеттері мен кішіпейілділігін, шамды ойлап тапқан ғалым Томас Эдисонның табандылығын, Уолд Диснейдің «Кешегідей жасама. Жаңаша бірнәрсе ойлап тап!» деген жаңашыл ұстанымын, Имманиул Канттың уақытты бағалай білуге үндегенін, Уильям Френдтің «Ең басты мәселелеріңді бітірмей, басқа мәселелерге басыңды ауыртпа» деген көзқарасын әңгімелеп, сенімділік тақырыбында ой өрбітті. Байзақ ауданынан келген Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның директоры, «Табысты менеджер» республикалық байқаудың жеңімпазы Мұхит Наметқұлов табысқа жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ педагогтердің назарын кез келген істі мақсат қоюдан бастап, тек алға ұмтылу керектігіне аударды. Олардың әрқайсысын жетістік күтіп тұрғанына үміттендірді. Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын IT-лицейдің директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, үздік педагог Гүлшат Өтегенова еңбектенбей жетістікке жету мүмкін емес екендігін қадап айтып, тынымысыз тер төккенде ғана істің нәтижесі көзге көрінетінін жеткізді. Тараз қаласындағы Б.Беспаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Зухра Үсенбаева нағыз ұстаздың табысқа жету жолдарымен бөлісті, табысты педагог деңгейіне көтерілу жолдарын ұтымды ойларымен, дәлелді мысалдарымен шебер әңгімеледі. Тараз қаласындағы №26 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Ақтолқын Күлекеева өзінің еңбек жолымен таныстырып, табысқа жетудің басты кілті нәтижеге бағытталған білім мен шығармашылық ізденіс екендігіне тоқталды. Осы қаладағы №32 мектептің мұғалімі, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жеңімпазы Дана Жүнісова табысқа жетудің құпияларымен бөлісті. Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Білім берудегі менеджмент кафедрасының профессоры Сейсекүл Көшімбетова жетістікке жету ең бірінші тұлғаның өзінен басталады деп, болашақ педагогтерді жігерлендіре түсті. Аталған басқосудың ұйымдастырылуына түрткі болған, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстанда педагог кадрларды даярлауда дуалды оқыту жүйесін енгізу қанатқақты жобасын жасаған академик Клара Жайдарбекқызы табысқа жетудегі өзінің инновациялық тәжірибелерін айтты. Жетістікке жету үшін жеке тұлғаның бойында мақсаткерлік, табандылық, бастамашылдық, батылдық, сыншылдық сынды қабілеттердің болуы керектігіне ерекше тоқталды. Бұл жолда мамандық таңдау қаншалықты маңызды болса оны меңгеру одан да маңызды екенін айшықтады. Шара барысында көпшілік мектепті Алтын белгіге бітіріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері атанған 15 болашақ ұстаздың «Мен педагог мамандығын таңдадым! Мен «Ұстаз» университетін таңдадым!» атты қойылымын тамашалады. Өзге де белсенді білімгерлер әлемдік деңгейдегі белгілі кәсіпкерлердің адамға жігер беретін қанатты сөздерін келтіріп, ақындардың рух сыйлайтын өлеңдерін оқыды. Сыр-сұхбатты Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Білім берудегі менеджмент кафедрасының меңгерушісі Клара Жайдарбекқызы қорытындылап, ашық сұхбат алаңына келіп, өз ойларымен бөліскен ұстаздардың еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі. Клара БҰЗАУБАҚОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор.

Ұқсас жаңалықтар