Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының мамандары ауданда болып, жоба аясында жұмыс істеп жатқан «Біржан-Нұрдәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Сәуле Қожабекованың айтуынша, кәсіпорын 2 жыл бұрын 75 орындық «Нұрдәулет» балабақшасын ашқан. Бүгінгі таңда оны 100 балаға арнап, қайта жаңғыртып отыр. Мұндағы балдырғандар үш тілде білім алуда. Балабақшада 8 тәрбиеші мен орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдерін қоса алғанда 25 адам жұмыс істейді. Ендігі кезекте серіктестік балабақша жанынан жылыжай салуды, бүлдіршіндерді бақша өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлауда. – Бізде балаларға барлық жағдай жасалған. Өз қазандығымыз бар. Сонымен қатар ауданда балаларды балабақшаға тасымалдауды алғаш біз ұйымдастырдық. Қазір бұл үрдіс жалғасын тауып, қатарымызға бір балабақша қосылды. Осыдан екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 10 миллион теңге несие алып, осы балабақшаны іске қосқан едік. Енді, балабақша жанынан бастауыш мектеп ашу үшін 8 миллион теңге несие алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені бүгінде балабақша маңынан тұрғын үй салып, қоныстанып жатқан тұрғындардың қарасы қалың. Бұл алдағы уақытта мектепке деген сұранысқа алып келетіні белгілі, – дейді Сәуле Сансызбайқызы. Ал орталық өкілі Саламат Досжанов ауданда несие алуға ниеттілердің саны артып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жоба аясында екінші деңгейді банктерден несие алуға екі кәсіпкер өтініш берген. Кәсіпкердің несиесі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы субсидиялайды екен. Түсіндіру жұмыстары барысында 19 кәсіпкер несие алып, жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізіп, құжаттарын жинастыруда. Олардың алда несие алуына жауапты мекеме көмектесетінін де айтып қалды. Жоба аясында өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы бизнес жобаларға Үкіметтен 400 миллиард теңге қарастырылғаны белгілі. Кәсібін кеңейтуді, өз кәсібін бастауды жоспарлаған кәсіпкерлерге жоғарыда аталған орталық барынша түсіндіру шаралары жүргізіле бермек.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді