Мұғалімдер күніне орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұстаз мәртебесі – Ел мерейі» атты салтанатты кеш өтті. Театрландырылған көріністен бастау алған шара жас, орта және ардагер ұстаздың монологіне ұласты. Әрдайым «Ұландарым — ұятым, ар-намысым» дейтін мұғалімдер «Шәкірттерім менің, мен сендерді іздеймін биіктерден...», «Сендер мені іздеңдер ойларыңнан, ой қуалап өсірген бойларыңнан. Сендер мені іздеңдер талаптардан, талап іздеп талмаған қанаттардан» деген өлең жолдарын оқыды. Мерекелік кеште «Ұстазым менің, ұстазым», «Бір ел болса, біздей болсын», «Кел, еркем Алатауыма» сынды әндер орындалып, биден шашу шашылды. Өңіріміздің ұстаздары жылда көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, биылғы «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсында аталмыш атаққа жамбылдық 4 ұстаз лайық деп танылған. Олардың қатарында Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Қалмаханова, Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бақыт Күдериева, Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаев және Құлан агротехникалық колледжінің ветеринарлық оқытушысы Еркебұлан Ертаев бар. Ал осы үздіктердің ішінде Айгүл Қалмаханованың кандидатурасы «Әлем педагогі» байқауына ұсынылыпты. Осы және өзге де табыстар жайы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың құттықтау сөзінде айтылды. – Елбасымыз «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз» десе, батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөз қалдырған.
Қазір Жамбыл жерінде 25 мыңнан аса мұғалім педагогтік қызметпен айналысуда. Бұл үлкен еңбек деп білемін. Сондықтан соңғы жылдары мұғалімдердің білім саласындағы осы табыстары республика көлемінде көптеп көрінуде. Мысалы, өңірімізде барлығы 31 мұғалім «Үздік педагог» атанса, 1200-ден аса педагог халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орын алған. Биылғы түлектердің 75 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына түскені де осындай қажырлы еңбектің жемісі екендігі сөзсіз», – деді. Бұдан кейін Сұлушаш Сәтбекқызы бірқатар педагогке облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы, Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің директоры Айткен Абишов және Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияcының орыс сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Найля Искакова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ал Жамбыл ауданы, Төле би атындағы орта мектебінің директоры Жанат Шардарбекова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар облыстық «Үздік педагог-2019» атағын беру конкурсының 15 жеңімпазы облыс әкімінің Алғыс хатын, 12 ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Салтанатты шарада жиылған көпшілікке балдырғандар LED экран арқылы жылы лебіздерін білдірді. «Ұстазым менің, ұстазым!» хэштегінен үзінділер көрсетіліп, әртүрлі мамандық иелерінің құттықтаулары берілді. Облыстық «Үздік педагог» байқауының бас жүлде иегері атанған Тараз қаласы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Талқанбаевқа осы кеш аясында 500 мың теңге табыс етілді. Жеңімпаз бұл жетістігіне дән риза. Салтанатты шарадан алған әсерімен бөліскен Мұхтар Дәулетұлы бізге берген сұхбатында: «Осы сайыста өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасы мен мекеменің оқу-әдістемелік кабинетінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын», – деді қуанышын жасыра алмай. * * * Мұғалімдер күніне орай Тараз қалалық білім бөлімі де «Ұстазым, менің ұстазым!» атты салтанатты кеш ұйымдастырды. Дәстүрлі шара биыл бірінші рет Жастар аллеясында өтті. Ақын, ойшыл және философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған кәсіби мерекеде сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай жеткен жетістіктерге тоқталды. Содан кейін №18 және 56-шы орта мектептерінің директорлары Ирина Баклагина мен Ережепбай Бекеев, сондай-ақ басқа да білім мекемелері директорларының орынбасарлары, мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері қала әкімінің Құрмет грамоталары мен 100 мың теңге сыйақыға ие болды. Ән-бимен өрілген кеш барысында ардагер ұстаздарға да сыйлықтар мен гүлшоқтары тапсырылды. Сонымен қатар бірқатар мұғалімдер облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, білім саласындағы бақылау департаментінің, спорт және дене шынықтыру басқармасы мен «Nur Otan» партиясының қалалық филиалының, Тараз қалалық мәдениет, ішкі саясат бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұдан бөлек кейбір ұстаздар облыстық «Арай», қалалық «Жамбыл-Тараз» және салалық «Білім шырағы» басылымдарын тегін алатын болды. Кеш соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Ұстаздық ету – жай ғана кәсіп емес, ешкімге бұйыра бермейтін ұлы өнерге» енді ғана қадам басқан жас мамандар сахна төріне шақырылды. Мұғалімдер балаларды жақсы көруге, сабаққа кешікпеуге, жұмысына мұқият болуға, ұстаз беделін түсірмеуге, Отанына адал қызмет етуге ант қабылдады.
Альмира Омарова
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді