Тарихи мыңжылдықтардан тамыр тартатын көне шаһарлардың бірі – Тараз. Тарихымыздың темірқазығы атанған қаланың бүгінгі көрікті келбетіне де көңілің толып, жаның семіреді. Өркендеп, күн сайын құлпырған Тараздың ертеңі бүгінгіден де нұрлы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жарқын бастамалары Таразға әр берді. Әсіресе кейінгі екі жылда осында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылды. Ажарына ажар қосылып, абаттана түсті. Мәселен, патриоттық рухқа тәрбиелейтін «Жеңіс» саябағы, «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ залы», жастардың жігерін жанитын «Jastar aleasy», «Jeltoqsan tolqyny» субұрқағы, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ және басқа да ғимараттар көңілге қуаныш ұялатып, мақтаныш сезіміне бөлейді. Құлпырған Тараздың бір аумағы – «Арай» тұрғын алқабы. Мұнда биыл жаздай жол құрылысы мамандарының алтын қолымен іргелі жұмыстар жүзеге асты. Тараз қаласы әкімі баспасөз жетекшісінің мәліметіне сүйенсек, биыл шаһарда ұзындығы 78 километрді құрайтын 138 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның арасында «Арай» алқабындағы жолдар да бар. Нәтижесінде «Арайда» тақтайдай тегіс жол салынды. Атап айтқанда, «Достық» сауда нүктесінен Назарбаев зияткерлік мектебіне дейінгі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен бірнеше көшеге тарамдалып түсетін және жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселді. «Тараз-Арена» спорт сарайынан бастау алатын негізгі үлкен жолдан №3 мектеп-лицейге дейінгі бірқатар жолдар асфальтталды. Бұған арайлық тұрғындар дән риза. Айтпақшы, 2018 жылы №3 мектеп-лицейінің мерзімінен бұрын іске қосылуы «арайлықтар» және «Бәйтерек» шағын ауданның тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. 1000 оқушыға арналған білім ошағы бүгінгі заман талабына сай. Кең оқу бөлмелері, үлкен мәжіліс залы, спорт залы – шәкірттерге жасалған қамқорлық. Қазір мұнда мыңға жуық оқушы сапалы білім, саналы тәрбие алуда. Мектеп-лицейдің ашылуына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, лентасын қиған болатын. Мектеп-лицейдің ұстаздары мен оқушылары бұл күнді ешуақытта ұмытпайды. – Мен осы мектеп-лицейде білім аламын. Оқу озатымын. Ел Президентінің бізге жасаған қамқорлығын сезінеміз. Мектептегі ұстаздарымызға шексіз алғыс айтқым келеді. Олар біздерге сапалы білім беріп жатыр. Лицейде өте тәжірибелі мамандар сабақ береді. Сондықтан осында білім алып жүргеніме көңілім толады. Мектеп-лицейдің ауласы кең. Бөлмелері үлкен, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Заманға сай жабдықтармен жабдықталған. Замандастарыммен бірге сапалы білім алуға күш саламыз, – дейді 7-класс оқушысы Айдана Махамбет. Бүгінгі таңда «Арай-2» алқабындағы көп қабатты үйлерге қоныстанушылар көп. Жаңа жол салынуы, жарықтандыру жүйесі орнатылуы алқап тұрғындарын шаттыққа бөледі. Мұнда кәсіпкерлік нысандар көбейіп келеді. «Достық» сауда орталығы, «Садыхан» дәріханасы және бірнеше шаштараз халыққа қызмет көрсетуде. «Ыстық нан» цехы ашылып, тұрғындарды дәмді де ыстық нанмен қамтып отыр. Бұл жаққа қоғамдық көліктің келуі де жақсы жолға қойылған. Назарбаев зияткерлік мектебі аялдамасына №23, 46, 56, 33 және 41-бағыттағы автобус және шағын автобустар, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің аялдамасына №11, 46, 33-бағыттағы автобустар қатынайды. Бұл қаланың кез келген аймағына қолайлы бағамен жетуге және жылдам баруға мүмкіндік береді. Осындай қолайлы жағдайлардан кейін «Арай» алқабынан, әсіресе көп қабатты тұрғын үйлерден пәтер алушылар күрт көбейіп отыр. Тұрғындар алдағы уақытта да осы төңіректен демалыс, басқа да қажетті нысандар салынатынына сенімді. Бүгінгі таңда мұнда жас отбасылар мен қатар келіп қоныстанушы қарттардың да қатары молая түсті. Әсіресе жас отбасылардың қуанышында шек жоқ. – «Арай-2» аумағынан «Нұрлы жер» бағдарламасымен екі бөлмелі пәтер алдым. Айына 42 мың теңге несие төлеймін. Есесіне отбасыма жайлы пәтер бұйырды. Жақында өмірге үшінші перзентім келді. Бұл алқапта жасалып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Еңселі мектебі бар. Екі қызым сол мектеп-лицейде оқып жүр. Оның өзі бізге ыңғайлы болды. Басқа да қажеттіліктер жеткілікті. Жолдар салынып, қоғамдық көлік уақтылы жүріп тұр. Халыққа осындай қолайлы жағдай туғызған облыс, қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді «Арай» алқабының тұрғыны Нұрболат Мақұлбек. Күн сайын құлпырған Тараз шаһарының әсем көркін қанша ақын жырлап, қанша қылқалам шебері бейнелесе де жарасады. Қаланың бүгінгі тынысы – Тәуелсіз еліміздің өркендеуінің мүмкіндігін көрсетеді. Осы көркеюдің «Арай» алқабына да қатысы бар. Бұл аумақтан да шаһарды гүлдендіру жолында жарқын бастамалар көтеріп, халықты қуантып жүрген облыс әкімі Асқар Исабекұлының қолтаңбасын көруге болады. Осындайда ойға: «Жайнай бер, Тараз! Жаса, Жамбылым!» деген ізгі ниет пен ақын Шона Смаханұлының «Жыл өткен сайын жасарған, Жамбылым қандай тамаша!» деген жыр жолдары орала береді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді