«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көптің көкейіндегі сауалдар еді

Көптің көкейіндегі сауалдар еді
ашық дереккөз
Көптің көкейіндегі сауалдар еді

Кез келген түйткіл мен дау-дақпырттың шешімі – ашық диалог. Ортақ мәмілеге келу үшін де қоғамдық пікір алмасу қажет-ақ. Ішкі алауыздықтарды болдырмаудың жолы да өзара түсінісу екені белгілі. Бұл өз кезегінде елдегі тыныштық пен татулықты сақтауға көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы мемлекет үшін ең маңызды мәселені көрсетіп бергені анық. Тараз қаласындағы «Достық үйінде» өткен дөңгелек үстелде бас қосқан өңірдегі өзге этнос өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар және Ақсақалдар кеңестерінің мүшелері, «Ақ желкен» жастар лигасы мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы туралы осылай ой бөлісті. Жиынды өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Жасөркен Жақсылық ашып, жүргізіп отырды. Жолдаудың негізгі бағыттарын жүзеге асыруға қатысты өз ойларын ортаға салған өзге ұлт өкілдері пікірлерін ашық айтты. «Жолдау арқылы Мемлекет басшысы көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Ал шағын және орта бизнеспен айналысушы кәсіпкерлердің салық төлеуден 3 жылға босатылуы және 3 жылға дейін тексеруге тыйым салынатындығы – азаматтардың табысын арттырудың бір жолы екені анық. Жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе, жұмыссыздық та азаяды. Нарықтағы импорттың орнын отандық өнімдер алмастырады. Баға реттеледі. Осыдан кейін жұрт өз өнімдерімізді тұтына бастайды», – деді облыстық «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Федор Клименко. Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Абдрахман Зайнутдинов «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» турасында өз ойын ортаға салды. Ал Зайнуддин Махусеев Жолдауда аталған агросектор, өнеркәсіп мәселесіне тоқталды. Жалпы Мемлекет басшысының Жолдауы көкейдегі көп мәселенің шешімін көрсетіп бергендей. Алдағы уақытта іске асырылатын шаралар, әсіресе жастарды жігерлендіріп отыр. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы аймақтық штабының мүшесі Алина Мухтасимова мемлекеттік тілді халықаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру керек дейді. Ол үшін қазақстандықтар тарапынан қазақ тілін меңгеруге сұраныс арту қажет екенін тілге тиек етіп, қазірдің өзінде әр этностың белсенді жас өкілдерінің ана тілімен қоса мемлекеттік тілді тереңірек білсек деген тілегі барын жасырмады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы Ғайни Көшекбаева Жолдауда құқық қорғау саласына қатысты мәселе көп айтылғанын сөз етті. Қылмыскерлерге берілер жазаларды қатаңдату және адам құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігі қазіргі кезде қоғамдағы жан түршігерлік жағдайлардың көбейіп кеткеніне байланысты туындағанына тоқталды. Жиын соңы сұрақ-жауап және пікір алмасумен аяқталды.

«Aq jol-Аqparat».

Ұқсас жаңалықтар