Театр – көрермендердің жан дүниесіне рухани байлық сыйлайтын қастерлі орын. Облыстық қазақ драма театры міне, өзінің 84-маусымын бастағалы отыр. Осыған орай біз облыстық қазақ драма тетарының директоры Болат Бекжановпен сұхбаттасқан едік.
– Облыстағы өнердің қара шаңырағы саналатын театрдың өткен тарихы да оқырмандарды қызықтырары анық. Осы орайда бұл театр несімен ерекшеленеді? – Әуелі әріптестерімді, театр жанашырларын, көрермендерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын. Себебі бұл – театрымыз үшін үлкен оқиға. Біздің өнер шаңырағы – еліміздегі терең тарихы бар, бірнеше буын алдыңғы толқыннан тұратын жолы бар, тарихи орны бар театрлардың бірі. Осында қазақ классиктерінің шығармаларынан бастап әлем үздіктерінің еңбектері сахналанған. Театрымыздың өзіндік жолы, бет-бейнесі баршылық. Ұлы Отан соғысы жылдарында Санкт-Петербург театры көшірілгенде, солардың бірнеше маманы бізге келген. 1936 жылы құрылып, осында жұмысын жаңа бастап жатқан өнер ұжымының дамуына олардың келуі олжа болған. Мәселен өнер майталманы Борис Лурияның, грим шебері Георгий Попловскийдің, жарық беруші мамандардың қалуы – біздің театрдың ілгерілеуіне оң ықпал еткен. Сол кездегі сахна шеберлері, Халық әртісі Шәріпбай Сәкиевпен және Мұхамедқали Табановта ленинградтық стиль болған. Ол үрдіс қазір де жалғасын тауып келеді. Себебі театр жастары бұрынғы бастауына, алдыңғы буын ағаларға қарап тәрбиеленеді. Театр актерлері – сезімнің, шығармашылықтың адамдары. Олардың шеберлігін, деңгейін байқап, бағалап отырған ләзім. – Соңғы уақытта театр репертуарының жаңарғанын байқаймыз. Мұның актерлердің мүмкіндігін ашуға әсері бар ма? – Кез келген театрдың өрлеу, құлдилау және қайтадан даму кезеңдері болады. Өнер ұжымдары қай кезде де үздіксіз жұмыс істеп жатады. Біз соңғы жылдары театр репертуарының сан алуандығына мән беріп, осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Бұл тез арада бітетін іс емес. Репертуардың қалыптасуына, жаңаруына ондаған жылдар кетеді. Біз қазақ классиктерінің шығармаларын сахналауды мұрат тұттық. Ол мақсатымыз сәтімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтің туындыларын сахналадық. Актерлерге де классиканы ойнау, оның қатпарларын толық көрсете білу оңайға түспейді. Олар да осы бағыт жолында қалыптасу үстінде. Бұл жерде бір мәселе бар, бұрын бізге консерваторияны, өнер академияларын бітірген мамандар жұмысқа келетін. Санкт-Петербургтен, басқа да дамыған қалаларда білім алған режиссерлер ат басын бұратын. Қазір бұл үрдіс үзіліп қалды. – Неге үзілді? Осы ретте қандай мүмкіндіктерді қарастырып жатырсыздар? – Бұл жағдай қоғамдағы өзгерістерге байланысты болды. Қоғам, түсінік өзгерді. Өнердің басқа жарқылдақ, халыққа тез таныла қоятын түрі шықты. Академияны бітіргендер сатира театрына, эстарадаға, мюзиклге кетіп жатыр. Тіпті той басқарып, танымал болып жүргендері де бар. Сондықтан ол жастар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына орнығып қалуды көздейді. Әйтеуір жергілікті театрларға баруға ықыласты емес. Бұл – еліміздегі барлық облыстық театрлардың басындағы жағдай. Сондықтан Тараз қаласындағы университеттердің мәдени-тынығу мамандығын бітірген жастардың ішіндегі таланттысын іріктеп, театрымызға қабылдап жатырмыз. Үлкен қалаларда білім алған режиссерлердің келмейтінін де айттық. Бұрынғы жақсы режиссерлердің жастары ұлғайды. Кейбірі өмірден озды. Осы мәселе де театрлардың алдында сұрақ болып тұрды. Театр басшылығы кейінгі жылдары өнер академиясын бітірген мамандарды жұмысқа шақыра бастады. Одан бөлек, өзіміздің көркемдік кеңестің шешімімен театрда режиссерлік зертхана деуге келетіндей орталық аштық. Республикаға белгілі режиссерлерді шақырып, олармен келісімге келіп, бірнеше спектакль қойғыздық. Актерлеріміз сол мамандардың тәжірибелік сабағынан өтті. Осылай, репертуарымызды ірілендірдік. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жүріп жатыр. – Байқап отырсақ, барлық театрлардың аты бар. Облыстық қазақ драма театрына Қазақстанның Халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беруді облыс әкімі Асқар Мырзахметов қолдап, жоғарыға ұсынып жатыр екен. Осы орайда не айтарыңыз бар? – Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы мәселені Үкімет, Мәдениет министрлігі деңгейінде көтеріп, енді нақты шешімі күтілуде. Асқар Тоқпановтың есімі біздің театрға берілсе, ол өте дұрыс шешім болады. Бұл ұсынысты осыдан 10 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазып кеткен. Соның реті шешілмей келіп еді. Енді облыс басшысының араласуымен мәселе оң шешімін табатын түрі бар. Театрымыздың алдына Асқар Тоқпановтың бюсті қойылмақшы. Осы жаңалықтарға театр ұжымы өте қуанышты. – Биылғы маусымды қандай қойылыммен ашасыздар? Маусымда қандай шығармалар қою көзделуде? – Актерлердің жүрегі нәзік, олар әр рөлді ойнаған сайын ашылып, шыңдала түседі. Сондықтан спектакль қойғанда актерлерді көбірек қамтуға күш саламыз. Осы кезге дейін қазақ классиктерінің шығармаларын сахналаса, енді әлем және орыс классиктерінің шығармаларын қоюды жоспарлап отырмыз. Әрине, оның ішінде бүгінгі заманауи драматургия әсте қалыс қалмайды. Биылғы Жастар жылына орай жастар тақырыбына арналған екі-үш шығарманы, оның ішінде жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Арал» деп аталатын дүниесін сахналау ойымызда бар. Бүгінгі күні әлеуметтік желінің жағымсыз әсерлері де қоғамға дендеп кіріп, жастар тәрбиесіне әсер етуде. Технологиядан адами құндылықтарды қайтсек алға шығарамыз деген дағдарыс кезеңінен жол табу үшін тетарлар да көзге көрінбейтін күрес жүргізіп жатыр. Біз де осы бағытты бетке аламыз. Ал биылғы маусымды 23-24 қыркүйек күндері «Айша бибі» тарихи драмасымен ашқалы отырмыз. Бұл шығарма осыдан 15 жыл бұрын жазылып, сол кездегі көркемдік кеңестің шешімімен қабылданған. Драманы Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық жастар театры махаббат символы ретінде сахналасақ деп алған еді. Сол театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбаймен келісім жүргізе отырып, өз дүниемізді өзіміз сұрап алғандай болдық. Ондағы мақсат – Айша бибі десеТараз жері, Қарахан десе киелі Әулиеата еске түседі. Сондықтан, бұл тақырып Жамбыл облысының бренді болуы керек деп ойладық. – Ойыңызды сабақтай түссеңіз... – «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, сәті келетін іс бір-бірімен сабақтасып жататыны заңдылық тәрізді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Тараз қаласы орталығынан «Шахристан» этномәдени кешенін бастап кеткенін, ол мекенді қаланың шығыс жағындағы «Тектұрмас» аймағындағы «Әулиеата» кешенімен аспалы жолмен жалғастырып, кез келген қала қонақтарына, туристерге Тараз тарихын терең ұғындырып, ғасырлар қойнауының тылсымын бір жерден таныту мақсатындағы ірі кешенді жұмыстармен біздің де ісіміз сабақтасып тұрғандай көрінеді. Онда алып Әулиеата ескерткіші (бәлкім, қарахандықтардың бірі болуы мүмкін ғой) орнайды. Оның төменгі жағында Қарахан мемлекетін басқарған бірнеше ұрпақтың, қарахандықтардың бейнесі қойылады. Кешеннің әр жерінде Атлах соғысы, Талас соғысы кезеңдерін бейнелейтін құндылықтар да көрініс табады. – Актерлер құрамына тоқталып өтсеңіз. Жаңадан қабылданған жас таланттар бар ма? – Біздің театр Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова, Халық әртісі Мәкен Рахымжанова апайлармен мақтанады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі, Майра Әлімбетова, мәдениет саласының үздігі Жүніс Әлімбеков, Анар Сағымбекова және Несіпкүл Омарова, Гүлшат Қыпшақбаева, Гуля Қойшыбаева жас актерлерге үлгі. «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков, ҚР Жастар сыйлығының иегері Анар Алтыбаева, талантты жас актерлер Мәмбет Қожалиев, Жандар Қырықбаев, Жадыра Құлтаева, Индира Мұстафаева, Руслан Оразалиев, Абзал Дәулетбақов, Әсем Қондыбаева, Назым Ақылова және басқалары да жаңа маусымда жақсы өнерлерімен көрермендерін қуантуға дайын. Оның ішінде кейінгі жылдары қабылданған бірқатар жастар бар. Біз театрымызға көрермендерімізді шақырамыз. Келіңіздер, сіздерге театрдың есігі ашық. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді