«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қытайдың 55 ескі зауыты елімізге көшірілмейді

Қытайдың 55 ескі зауыты елімізге  көшірілмейді
ашық дереккөз
Қытайдың 55 ескі зауыты елімізге көшірілмейді

Бүгінде елімізде, оның ішінде өңірімізде де «Қытайлықтар қыруар зауытын Қазақстан аумағына көшіреді екен» деген қауесет сөз тарауда. Бұл біраз азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі де осы. Оған нүкте қоятын мезгіл де жеткен сияқты. Жуырда өткен арнайы брифингте еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев осыған байланысты Қазақстанға Қытайдың 55 ескі зауытын көшіру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, халықты бұл қауесетке сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, ел аумағына 50-ден аса зауытты көшіру жөнінде мәселе мүлде көтерілмеген, өндіріс орындарын ашу жөнінде бағдарлама да жоқ. Бұл негізінен кейбір блогерлер тарапынан What’sApp арқылы таратылған ақпарат. Рас, елімізде Қытай елімен бірлескен комиссия жұмыс істейді, барлық жобалар іріктеліп таңдалады, тиісті мемлекеттік сараптамадан да өткізіледі. Олар жеке кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Ал ескі кәсіпорындарды әкелуге комиссия тарапынан жол берілмейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, екі ел арасындағы индустрияландыру және инвестиция саласындағы байланысты шекті келісім аясында дамыту жоспарланған. Соның негізінде құны 27,5 миллиард долларды құрайтын 55 бірлескен жоба іске асырылмақ. – Бұл жобалар көлік құрастыру, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, химия және фармацевтикалық өнеркәсіп, мұнай-газ секторы сынды бірнеше бағытпен байланысты. Соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тікелей 27 жоба бекітілген. Олардың жалпы құны 19,6 миллиард долларды құрайды. Осының нәтижесінде шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – дейді А.Ержанов. Айта кету керек, жоғарыда аталған 55 жобаның ішіндегі 7-еуі Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 20-сы Энергетика министрлігіне, сондай-ақ тағы 1 жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығына қарасты екен. Осы арқылы отандық мамандардың біліктілігін көтеріп, шетелдік жұмыс күшінің санын азайту да қарастырылған. Үкімет өкілдері аталған тізімнен болашағы жоқ жеті жоба күн тәртібінен алынып тасталғанын да айтады. Олардың орнын құны 763 миллион долларды құрайтын жаңа жобалар алмастырған.

«Aq jol-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар