ЖАҢАТАСТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ҚАЙТА ЖАНБАҚ

ЖАҢАТАСТЫҢ  ЖҰЛДЫЗЫ ҚАЙТА ЖАНБАҚ
ашық дереккөз
ЖАҢАТАСТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ҚАЙТА ЖАНБАҚ

Күні кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген  мәжілісінде моноқалаларды  жаңғырту жөніндегі  атқарылған жұмыстардың жайы қаралған болатын. Онда еліміздегі 27 қаланың ішінде Жаңатаста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілгеніне куә болып, қуанып қалдық.  «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақында қаладағы екі үлкен іс-шараға қатысып, тағы да құлшынысты істердің куәсі болдық.

Кәсіпкерлер банкирлердің «жұмсаруын» қалайды

Бұдан бұрын да сарысулықтар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен бірнеше мәрте кездескен болатын. Соған қарамастан, осы жолғы жиынға да кәсіпкерлер көптеп жиналыпты. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің жиында сөйлеген сөзінде ауданда соңғы жылдары жұртшылықтың кәсіпкерлікке ден қоюы айтарлықтай өскенін айтты. Әйткенмен, екінші деңгейдегі банктердің кепілдікке қойған мүліктердің құнын төмендетіп, несиелеуден бас тартулары оларға кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысуға тілек білдірген жалпы құны 200,0 миллион теңгені құрайтын 57 инвестиялық жоба «Банк Центр кредит», «Қазақстан Халық банкі» облыстық филиалдарына өткізілген. Бірақ, несиелік ресустар үшін қойылып отырған мүліктерді ол банктер қабылдамай, 40 жоба кері қайтарылған. Осындай өзекті мәселені шешу үшін облыс әкімі К.Көкірекбаевтың тікелей тапсырмасымен кәсіпкерлерді қолдау үшін олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын нығайту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Бұл топ аз уақыт ішінде облысымыздың бес ауданында болып, бағдарламаларды насихаттап, ережелерді түсіндіріп, несиелендіруді оңтайландырудың жолдарын кәсіпкерлермен бірлесе шешуге белсене кіріскен. – Біздің мақсат – жергілікті кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендірудің жай-күйін түсіндіру. Осы салада сіздерді толғандырып жүрген мәселелерді бірлесе шешудің жолдарын іздестіру, – деді облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов. Келесі кезекте сарысулық кәсіпкерлерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Руслан Жайшаев пен филиалдың Сарысу ауданындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшісі Мадияр Өмірбаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді қолдаудың негізгі бағыттары жөнінде түсіндірме жасады. Ондағы негізгі төрт бағытқа сілтеме жасап, субсидиялаудың жолдарын түсіндірді. Егер кәсіпкердің кепіл заты төмен бағаланса, онда «Даму» қоры кепілдік ұсына алатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Қазақ банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлжан Ақпаева несие алу үшін құжаттарды дайындаудың, бизнес-жоспар жасаудың зор рөл атқаратынын айтты. «Агронесие» корпорациясының өкілі Жасұлан Құралбаев пен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өкілі «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламаларына байланысты несие алудың жолдарын нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Ол бойынша ауылдағы саз балшықтан соғылған үйлер мен жерді кепілдікке қойып, 7 жылға дейін 6 пайыздық сыйақымен несие алуға мүмкіндіктер бар көрінеді. – Үкіметіміз шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге несие беруді жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Дегенмен, несие беруде қиғаштықтардың кездесетінін де мойындауға тиістіміз. Екінші деңгейлі банк иелері кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ түріп, несие берудің талаптарын жұмсартса болар еді. Мысалы, қазіргі уақытта ауылдағы үйлердің де бағалары қымбаттады. Тәуекелге бел буып, неге ол үйлерді кепілдікке алмасқа? – деді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев. Шынында да екінші деңгейлі банктер бүгінде ауыл түгілі қаладағы үйлерді де кепілдікке алуға тәуекелге бара бермейді. Мысалы, Жаңатас қаласының тұрғыны, кәсіпкер Гүлшат Азаматова мейрамхана ашуға талпынғанымен, 15 миллион теңгеге бағаланған үш бөлмелі үйін «Халық банкі» кепілдікке алмай, несиелеуден бас тартуы соның бір айғағы. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан кәсіпкерлер Үкімет несиелендірудің талаптарын қайта қарап, екінші деңгейлі банктерге талап қойса, кіші қалалар мен аудандарда шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіндік туар еді деген ойда. Жиынды аудан әкімі Қ. Мәдібек қоры-тындылаған соң да кәсіпкерлер банк өкілдерімен жеке-жеке пікір алысты.

220 отбасы қоныс тойын тойлайды

Қаланың 1-мөлтекауданына қарасты 31-ші көпқабатты үйдің алды абыр-сабыр. Жиналған жұрттың жүзіне күлкі үйіріліп, қуаныштан бал-бұл жанады. Өйткені олар көптен күткен қоныс тойларын тойлауда. Соңғы жылдары «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша иесіз қалған көпқабатты үйлерді қайта қалпына келтіріп, кезекте тұрған жандарға беру үрдісі оң нәтижелерін беруде. Биыл қаладағы 31-ші және 19-шы көпқабатты тұрғын үйлерді «АКМ» компаниясы (бастығы Ш.Үсенбаев) күрделі жөндеуден өткізді. – Адамға ең қажетті нәрсе – үй мен жұмыс, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, – бұл екі мәселе де Жаңатас қаласында оң шешімін тауып келеді. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, екі үйге 580 миллион теңге қаражат жұмсалып, күрделі жөндеуден өткізіліп, кезекте тұрғандарға берілмекші. Жалпы, қалада тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны – 1219 адам. Бүгін соның 220-сы қоныс тойын тойламақ. Алдағы уақытта да қалада 20 үйді қалпына келтіріп, тұрғын үй мәселесін шешу жоспарда тұр. Бұл – Жаңатастың екінші тынысы ашылып, болашағы зор болатындығын білдірсе керек. Бұдан кейін тұрғын үй иелерінің есімдері аталды. Алғашқылардың бірі болып пәтер кілтіне ие болған Әлия Нұрғалиева тұрғын үй кезегінде тұрғанына бірнеше жыл болғанын айта келіп: – Мен көпбалалы анамын. Қаншама жыл үй жалдап тұрдық. Енді міне, өзімнің жеке пәтерім бар. Біздің отбасымызға үлкен сыйлық жасаған Елбасына, облыс және аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Жаңатасымыз жаңарып, жайнай берсін! – деді қуанышын жасыра алмай. Пәтер иелеріне салтанатты түрде кілттер тапсырылғаннан кейін лента қиылып, қонақтар жаңа пәтер иелерінің үйінен дәм татты. Айта кетерлігі, 120 пәтерлік тұрғын үй иелерінің арасында 20 жетім балалар мен аз қамтылған отбасы мүшелері де бар. Ал 100 пәтерлік №19-шы көпқабатты үй «Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі» арқылы ипотекаға берілмек. Тағы бір қуантарлығы, келер жылы қайта қалпына келтіруге 190 пәтерлі екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Оған қаламыздағы «Еврохим тыңайтқыш» ЖШС де қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасауда. Игілікті істерге көз жүгірте отырып, бір кездері үдере көшкен жаңатастықтардың туған қаласына қайта оралып, қоныс тойларын тойлайтынына біз кәміл сендік.

Cәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы,

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар