Өңіріміздегі 2 мектептің оқушылары, 1 колледждің студенттері, 3 балабақшаның тәрбиеленушілері жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды деп күтілуде. Жалпы, облыс бойынша биыл 9,9 миллиард теңге бөлініп, 30 білім нысанының іргесі қаланғаны белгілі. Қазіргі таңда оның төртеуі пайдалануға беріліп қойса, тағы бес нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын көрінеді.
«Бұл – Мемлекет басшысының білім саласына баса көңіл бөліп отырғанының көрінісі. Жыл өткен сайын саланың бюджеті артып, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Биыл облыстағы білім беру жүйесіне бөлінген қаржы 75,3 миллиард теңгені құрауы – соның дәлелі», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Зәуірбекова баспасөз мәслихатында. Жиында Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалар мен міндеттемелердің жүзеге асырылу барысы әрі жаңа оқу жылына дайындық жайы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, облыста биыл 450 мектепке 190 мыңнан астам бала келеді деген болжам бар. Өткен оқу жылымен салыстырғанда білім ошақтарының саны үшеуге қысқарған. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған бірді-екілі мектептердің оқушылары жаңа оқу жылын жақын маңда орналасқан мектептерде бастауға мәжбүр көрінеді. «Тараздағы №30 орта мектептің бастауыш мектеп болып қайта құрылғаны белгілі. Бастауыш сыныптар мектеп ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, №25 орта мектепке, ал №42 орта мектептің шәкірттері екі айға уақытша жақын мектептерде оқитын болады», – дейді Гүлзия Расылханқызы. Басқосу барысында облыс әкімі К. Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылған Т. Рысқұлов ауданындағы Қызылту орта мектебінің мәселесі де сөз болды. Басқарманың материалдық-техникалық жабдықтау және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Ерік Есмахановтың айтуынша, бұл мектептің жай-күйі тексеріліп, талдау жұмыстары жүргізіліпті. «Қызылту орта мектебінің үш оқу корпусы бар. Бір ғимараттың төбесінде жарық пайда болған. Балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін ол жерді қоршауға алып, сақтандыру шаралары жүргізілді. Екі оқу корпусы сабақ өткізуге дайын, бұл ғимараттардағы оқу кабинеттердің жалпы алаңы 249 шаршы метрді құрайды. Егер, санитарлық талаптар мәселесіне келсек, бір балаға 2,5 шаршы метрден келуі тиіс. Яғни, бүгінгі күні мектептің бір ауысымда 98 оқушыны қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал ауылда биыл 187 бала мектепке келеді деп күтіліп отыр», – дейді маман. Аталған мектепте орын тапшылығы бар. Қазіргі таңда аудан басшылары 150 орындық оқу ғимаратының жобалық-сметалық құжатын дайындап қойыпты. Инвестициялық комиссия қолдау көрсетсе, қосалқы ғимарат салынады екен.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді