Амарант – әрі тағам, әрі құнарлы мал азығы

Амарант – әрі тағам, әрі құнарлы мал азығы
ашық дереккөз
Амарант – әрі тағам, әрі құнарлы мал азығы

– «Жусан» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Көсембаев ұдайы жаңа да игі істердің бастамашысы болып жүрген азамат. Ол агроқұрылымда былтыр қарақұмық егуді қолға алса, үстіміздегі жылы 3,8 гектар алқапқа тұңғыш рет амарант (қонақ) өсірді. Ол елімізде Сыр бойында және облысымыздың аумағында ежелден өсіп келе жатқан өсімдіктің бірі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында талай адам осының дәнін талғажау етіп аман қалған. Қонақ – тағамдарға қосылады, құнарлы мал азығы. Адамдардың иммунитетін көтереді. Үндістанда осы күнге дейін балабақшалардағы бүлдіршіндерге амаранттың дәнінен нан пісіріп береді екен, – дейді Күреңбел ауылдық округінің әкімі Нұрмолда Таубалдиев.

Амарант – бұрын Оңтүстік Америка және Мексикада жүгері және бұршақ дақылдарымен қатар қолданылатын. Азияда Үндістан, Пәкістан, Непал мен Қытайда дәнді дақыл және көкөніс ретінде кеңінен пайдаланылады. Оның жапырағы ыстық тағамдарға қосылады және оны құрғатып та пайдаланады. Өсімдіктің жарты килограмм дәні 10 килограмм арпа мен бидай жемін алмастырады және сабағынан сүрлем әзірленеді. Оның дәні үй құстары үшін өте бағалы азық. Одан әзірленген сүрлемді тұтынған мал жылдам оңалады. Амарант – қатаң қуаңшылықта тәлімі жерде де өсе береді. Қанат Көсембаев та оны биыл сәуір айында тәлімі жерге орналастырған болатын. Қанатқа амарантты өсіру туралы ой өткен жылы күзде келді. Қожалық жетекшісі теледидардан шығысқазақстандық дихандардың амаранттың артықшылығы туралы айтқанын көреді. Олармен шұғыл хабарласып, әр килограмына 10 мың теңге төлеп, 4,5 килограмм тұқымын сатып алады. Оның бір бөлігін ауласындағы бақшасына егеді. Агротехникалық талап бойынша оның дәні көктемде бір гектарға 1 килограмнан себілуі тиіс. Қанат тұқым тапшылығынан әр гектарға жарты килограмнан тұқым сіңірген. Өсімдік сирек болса да жаппай көктеп шыққан. Бойы белуардан келетін амаранттың біразы пісе бастаған. Ал аулада суарылған қонақтың биіктігі екі метрге жетеді. Демек, жаз жаңбырлы болса, өсімдік мол өнім береді деген сөз. – Таяуда оны жинауды қолға аламыз. Егінді «Енисей» комбайнымен жинауға болады. Арамшөп тұқымы араласпас үшін жұртты жұмылдырып, қолмен жинаймыз. Амарант дәнінің бір бөлігі сатылады, қалғанын тұқымдыққа қалдырамыз. Сабағы мал азығына пайдаланылады. Келесі жылы өсімдікті 50 гектарға орналастыруды көздеп отырмыз, – дейді Қанат Көсембаев.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар