Азық-түлік бағасы өсіп келеді. Себеп?..

Азық-түлік бағасы өсіп келеді. Себеп?..
ашық дереккөз
Азық-түлік бағасы өсіп келеді. Себеп?..

Осы жылғы 10 шілдеде «Ақ жолда» жарияланған «Шу өңірінде азық-түлік неге қымбат?» тақырыбымен берілген проблемалық мақала осы ауданның тұрғыны маған да ой салды. Расында да бүгінгі таңда ауданымызда күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің күннен-күнге қымбаттап бара жатқаны жасырын емес. Мақала авторы атап көрсеткендей ауданымызда сыйымдылығы 620 миллион текшеметр болатын «Тасөткел» су қоймасы мен 25 мың гектардан астам суармалы жер пайдаланылуда. Сондай-ақ, өңірдегі иен мал жайылымдарында 300 000-ға жуық қой-ешкі, жалпы саны 50 мыңдай ірі қара, жылқы, түйе бағылып, қоңдандырылуда. Ал азық-түлік бағасы болса қымбат. Неге? Журналист мақаласында осы сауалға жауап іздеп, көңілге қонымды ұсыныс, пікірлерін білдірген. Өзім туып-өскен өңір болған соң жақсы білемін, Шу өңірінде он жылдан астам уақыттан бері ас атасы саналатын нан мен нан өнімдерінің бағасы аспандап өсіп келеді. Меніңше, нан бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы бар. Шындап қолға алынса бұл өзекті іс бірер жылда-ақ жолға қойылар еді деп, сеніммен айтуға болады. Мысалы, аудан орталығы – Төле би ауылының іргесіндегі Бірлік ауылында 1975-1976 жылдары пайдалануға берілген, жылына 110 мың тонна астық қабылдай алатын алып элеватор қалқайып бос тұр. Бүгінде бұл ғимараттың кімнің меншігінде екендігі де беймәлім. Дейтұрғанмен, кезінде осы элеватор жайлы журналистік зерттеу жүргізген болатынмын. Ауданның сол кездегі әкімі Б.Рысмендиевтің облыстық «Ақ жол» газетінің (2002 жылғы 12 желтоқсандағы саны) тілшісіне берген сұхбатында: «Сонымен қатар, бірнеше жыл жұмыссыз тоқтап тұрған Бірлік астық қабылдау пунктін «KASEXIM GRVP» 38 миллион теңгеге сатып алып, 120 адамға жаңадан жұмыс орны ашылып, бүгінгі таңда астық өнімдерін қабылдай бастады», дегені әлі күнге жадымда. Сол кездегі астық қабылдау пунктінің басшысы Бақберген Есіркепов деген азамат болатын. Өкініштісі, элеватор бірер жылдай ғана жұмыс істегенімен тоқтап қалды. Содан бері қаңырап бос тұр. Осынау элеваторды аудан басшылары іскер азаматтардың бірінің алуына ықпал етсе жөн болар еді. Сонда еліміздің солтүстік өңірлерінен жылма-жыл қолжетімді бағамен жүздеген мың тонна бидай тасымалдап, дайындауды қамтамасыз етсе Шу мен көршілес аудандарда нан өнімдерін барынша арзандатудың мүмкіндігі туындар еді. Мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Бұл қолдан келетін шаруа. Тек халық сенім артып отырған билік иелерінің ынта-жігері болса болғаны. Жалпы құдандалы жолсапармен Сарыарқа төсіндегі Сәтпаев қаласына жиі қатынаймын. Баршаға мәлім, кенді өңір – Жезқазған аймағы тастақты, шөлейтті келеді. Өнеркәсіп орындары барынша дамыған қос қаланың айналасында егіншілікке жарамды жер телімдері жоқтың қасы. Сондықтан, халықтың тұтынуына қажетті жеміс-көкөніс және астық өнімдері сырт өңірлерден тасымалданып, жеткізіледі. Соған қарамастан Жезқазған мен Сәтпаев қаласының әкімдері соңғы жылдары тұрақты түрде әр сенбі сайын өткізіп келе жатқан ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде қой, сиыр, жылқы етінің бағасы арзан да қолжетімді, көкөніс, жеміс, жарма және кеспе-макарон өнімдері де біздегі базар бағасынан едәуір төмен бағамен сатылады. Баға тұрақтылығы әкімдік қызметкерлерімен қатаң қадағаланады екен. Осы себептен де қос қаланың тұрғындары өздеріне қажетті азық-түлікті тек сенбідегі жәрмеңкеден сатып алуды әдетке айналдырған. Міне, осындай игі шараны өзіміздің киелі Шу өңірінде неге қолға алмасқа? Өйткені, ауданымызда мал да жеткілікті, ондаған мың гектарға бау-бақша өнімдері де егілуде. Соған қарамастан базар бағасы аспандап тұрған жоқ па? Шу ауданында ара-тұра жылына 2-3 мәрте азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп тұратынын жоққа шығара алмаймын. Соның өзінде жарнаманың жеткіліксіздігінен жұртшылық жәрмеңке өтетін кездің уақытынан бейхабар қалады. Сондықтан да арнайы бір күн белгіленіп, жәрмеңке апта сайын өткізіліп тұрса, халық та хабардар болып, тауар өндіруішілермен тығыз байланыс орнап, баға да бірте-бірте арзандап әрі тұрақтанып, қымбатшылықтың құрсауына тосқауыл да қойылар еді. Әрине, айтуға оңай, бұл игі істерді жүзеге асыру жеңіл шаруа емес. Дегенмен «қалауын тапса қардың да жанатынын» қаперімізге алсақ екен деймін.

Мәкен УАҚТЕГІ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар