«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бөгендердің саны көбейіп келеді

Бөгендердің саны көбейіп келеді
ашық дереккөз
Бөгендердің саны көбейіп келеді

ал... сапа ше?

Су тапшылығын жою, суармалы алқаптың көлемін арттыру әрі шіліңгір шілдеде «бөгендерін бекітеміз» деп өңір дихандарын абыржытқан қырғыз ағайындардың «Киров» су қоймасына деген тәуелділіктен арылу мақсатында облысымызда біршама қадамдар жасалуда. Оған облыстағы су қоймалар санының жыл санап артып келе жатқандығы дәлел. Мәселен, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде былтыр 73 су қоймасы мен бөгеттер болса, биыл олардың саны 107-ге жеткен. Сондай-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы тапсырмасымен Меркі ауданынан жаңадан 4-еуі салынуы ықтимал. Ол үшін арнайы ғылыми жұмыстар да жүргізіліпті. Егер аталған нысандар салынса, оған 5 миллион текше метр су жиналып, суармалы жер көлемі 1325 гектарға ұлғаймақ. Өңірдегі барлық су қоймаларының жай-күйі де ұдайы бақылауда. Биылдың өзінде олардың жиырмадан астамына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал былтыр 10,1 миллион теңгеге 2 су қоймасына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болса, «Жамбыл су қоймалары» мекемесі 5,5 миллион теңгеге өз күштерімен барлығы 5 су қоймасына жөндеу жүргізген. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында да аталған мекеме өз күшімен 4-еуін жөнге келтіріпті. Тағы екеуіне «Талас-Аса» КМК-мен бірлесе жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 61,2 миллион теңгеге облыстағы тағы 17 су қоймасына жөндеу жұмыстары жалғасуда. Журналистер үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында біз осы су бөгендерінің жөндеуден кейінгі жай-күйімен егжей-тегжейлі танысып қайттық. Жалпы, «Жамбыл су қоймалары» КММ өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Мақсат Жұматовтың айтуынша, мекеме теңгеріміндегі су қоймалары мен бөгеттер 5 аудандық бөлімшеге бөлінген. Бұл бөлімшелерде бүгінде 36 қызметкер еңбек етеді. Оның 15-і былтыр бөлінген штат екен. Мұнымен қоса мекеменің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында облыстық бюджеттен 38 миллион теңге бөлініп, техника мен құрал-саймандар алынған. Журналистер алдымен атбасын бұрған Байзақ ауданындағы «Көшеней» су қоймасының сыйымдылығы 800 текше метр болса, бүгінде оның 45 пайызына су толған. Мұнда екі техниканың күшімен бөгеттер нығайтылып, басты шлюз қақпа дәнекерленіп, бекітілген. Бұған дейін оның тек 60-70 пайыз ғана су жинауға шамасы келсе, енді жөндеу көрген соң оны 100 пайызға дейін толтыруға мүмкіндік бар. Аудандағы 100 гектар алқаптың бойына осы қойма арқылы су берілуде. Байзақтағы келесі нысан – «Шәлке» су қоймасының 148 метр жеріне жөндеу жүргізіліп, бөгет қойылыпты. Аудандағы келесі су қоймасы – «Кеңес-1»-дің 7 метрдей жері бетондалған екен. Жөндеу жүргізген «Талас-Аса» КМК жоспарланған 1 миллион 125 мың теңгенің жұмысын тендер арқылы 425 мың теңгеге ұтып алып орындап, бөлінген қаржының 62 пайызын үнемдеген. Біз көзімізбен көрген Талас ауданындағы «Бөлекқызыл» су қоймасының сыйымдылығы 16 миллион текше метрді құрайды. Мұнда бүгінгі таңда демеушілер тарапынан жөндеу жұмыстары қызу жүруде. Жұмыстың басы-қасында жүрген «Жамбыл су қоймалары» КММ Талас-Сарысу бөлімшесінің басшысы Кенжебек Омарқұловпен тілдескенімізде, ол: – «Бөлекқызыл» су қоймасы қазіргі таңда аудандағы Әбілда, Көшек, Бөлтірік сынды үш ауылды сумен қамтама-сыз етіп отыр. Мұндағы су азайса, ауылдардағы құдық сулары да тартылып қалады. Тіпті бұл су қоймасы болмаса ауыл үдере көшеді десем, артық айтқандық емес. Өйткені егістік те, мал да осы жасанды су қоймасынан суарылады. Мұнда қазір «Қазфосфат» ЖШС-ның көмегімен жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көктемгі судан жырылған жерлердің көлемі үлкен болғандықтан, оны қалпына келтіру оңайға соқпай отыр. Мұнымен қоса, жұмысшылар оның жақтаулары мен дамбыны да бекітуде. Шамамен 50 мың текше топырақ қажет болса, қазіргі таңда оның 25 мың текшесі төгілді. Осы орайда халықтың мұң-мұқтажын елеусіз қалдырмаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысымызды білдіргіміз келеді. Ауыл тұрғыны ретінде айтарым, оның баршамыз үшін маңызы орасан зор. Сондықтан да жергілікті халық осындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күтуде. Ал шаруалар су арнасына толса, тағы 100 гектардай жерге егін егіп, игеруге ниетті. Жалпы, Талас ауданында 17 су қоймасы болса, оның 14-і «Жамбыл су қоймалары» мекемесіне қарайды. Менің айтар ұсынысым, егер осы мекеменің теңгеріміне тағы да бірқатар ірі транспорт пен техника алынса, ол өз күшімен-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізе берер еді. Қазіргі әлеуеті біздікіндей ірі нысандарға жете бермейді. Мекеме өз техникасымен жөндеу жүргізсе, бюджеттің де қыруар қаржысы үнемделер еді, – деді. Осы мәселеге байланысты мекеменің бөлім басшысы Мақсат Жұматовты сөзге тартқанымызда, ол егер КамАЗ, механикалық тиегіш, каток, трал сынды ауыр техникалар алынса, расында да «Жамбыл су қоймалары» өздері-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізе беретіндігін айтты. Аталған техникаларды алуға шамамен 75 миллион теңгедей қаражат қажет. Баспасөз туры барысында журналистер табан тіреген соңғы нүкте – «Көктем-2» бөгені Жамбыл ауданында орналасқан. Мұндағы 21 су қоймасының 8-іне «Жамбыл су қоймалары» жауапты. «Көктем-2»-нің қазір 66 пайызында су жатыр. Жалпы, сыйымдылығы 500 мың текше метрді құрайды. Әрбір жыл мезгілінің өз кереметімен қоса, өзіндік қауіп-қатері де жоқ емес. Мәселен, жаздың биылғыдай аптап ыстығы шаруа үшін қолайсыздық туғызса, көктем мен күзде су тасқынының орын алу ықтималдығы жоғары. Ал баспасөз турында біз осындай мәселелердің барлығы да облыс басшылығы тарапынан алдын ала ескеріліп, халықтың әлеуетін жақсарту ғана емес, оның қауіпсіздігі де басты назарда екендігіне көз жеткіздік.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Байзақ-Талас-Жамбыл аудандары.

Ұқсас жаңалықтар