«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Серілердің соңғы тұяқтары

Серілердің соңғы тұяқтары
ашық дереккөз
Серілердің соңғы тұяқтары

Дала «сахнасындағы» сайыпқырандар Құтыбас, Әлтей және Нұрбек жайлы

Өткен ғасырдың бас шенінде, отызыншы жылдарға дейін Талас өңірінде жұптары жазылмай, шауып бара жатқан ат үстінде неше түрлі әбжіл қимыл көрсететін құтыбас, Әлтей және Нұрбек есімді сайыпқыран өнер саңлақтары өмір сүрген. «Сен тұр, мен атайын!» дейтін сай тасындай іріктелген үш саңлақтың есімі өз заманында көпшілікке мәшһүр болған. Әдетте, қазақтың оңтүстік өңірінде сал-серілер жайлы әңгіме көп айтылмайды. Осы үшеуінің әрекеттері теріскейдегі атақты сал-серілерді еске түсіреді. Дүйім жұрт жиылған шаршы топта олармен өнер бәсекесіне шығып жарысатын қарсылас мүлде кезікпеген. Әрқайсысы ат құлағында ойнаумен бірге, қазақ арасында кең таралмаған сирек өнерді меңгерген. Мәселен, Нұрбек – жанып тұрған отта әбден ұсталып, қып-қызыл болған селебені өңешіне сұғып, елді таңғалдырған. Ал Құтыбас жиын-тойда ән салумен бірге әзіл-қалжыңға дес бермеген. Әр сөйлеген сөзі мен бет құбылысына қараған жұрт қыран-топан күлкіге көмілген деседі. елдің езуін жиғызбай күлдіретін әзілкеш ролін атқарған. Ол кісінің бет-бейнесі еш гримді қажетсінбей-ақ, сахна шеберіне келіп тұратын. Құтекеңнің жергілікті қыз-келіншектерге қосылып, қайым айтыстың көрігін қыздыратын өнері – бір төбе.Осылайша, олардың жүрген жерлері той-думан,қызыққа айналған. Үш өнерпаздың келгенін естіп құлақтанған жақын маңдағы ел керемет қызықтан құр қалмау үшін сол жерге тайлы-таяғымен жиналған.Бұл «үштіктің» ерекше өнері жайлы хабар бірден-бірге жетіп, аттары Әулиеата өңіріне мәлім болған.

Үнемі жол үстінде жүретін үш дос талай елдің дәмін татады. Жолай құшағын жайып қарсы алған ауыл адамдарына өз өнерлерін көрсетеді. Алайда бес саусақ бірдей емес. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде». Халқымыздың меймандостығын тәрк ететін, кейбір пейілі тар, қонақ келсе тыржиып қалатын байлар мен байшікештер де кезігіп қалады. Міне, аузы дуалы өнерпаздар сол көрсоқыр байларды сараңдығы үшін мақтамен бауыздағандай етіп, масқарасын шығаратын болған. Жай кетпей қонаққа қимаған бір малын сойғызып, соның етін жеп кетеді екен. Ал сараң байдың қылығы лезде дүйім елге таралып, халықтың күлкі-мазағына айналған. Бірде Құтыбас серіктерімен күзекте отырған дәулетті бір үйге қонады. Үй иесі қонақты быламықпен жатқызады. Күн жарықта Құтекең үй іргесінде қапта жатқан Қарашеңгелдің қара тікен тұзын көзі шалып қалған ғой. Жатар кезде сол тұздың бір уысын үйге ала келіп, көрпешенің астына тыға салады. Ортадағы ошақтағы шоқтың қызуы біршама басылып, астындағы қозы көрінбей қалады. Біраздан кейін ел ұйқыға кете бергенде Құтыбас қара тікен тұздың үш-төртеуін ошаққа лақтырып жібереді. Шоққа түскен тұз қып-қызыл отшашудай аспанға атылады. Үйдегілер шошып: «Не болды? Не болды?» – деп орындарынан атып-атып тұрады. Сол кезде қонақ тағы бірнеше кесек тұзды отқа лақтырып жіберіп: – «Астапыралла! Ошағынан ойран шықты деген осы шығар» – деп үрейленген елдің зәре-құтын одан бетер қашырады. Үй иесі, кәлимаға тілін келтіріп: «Ақсарыбас құдайы!» – деп тәңіріге жалбарынады. Ол ертесіне ұйқысынан ояна салып, қорадағы қойдың бірін алып ұрып, бауыздап тастайды. Құтекеңдер сол етті жеп сапарын одан әрі жалғастырады. Ол кісілердің өмірінде мұндай оқиғалар өте көп.

Әлтей жайлы әңгімелер

Біжібайұлы Әлтей ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде өмірге келіп, 1941 жылы дүниеден өткен. Ол кісінің дәл қай жылы туғанын бүгінгі ұрпағы анық білмейді. Өмірден озғанда Әлекеңнің тұғырдан таймаған шағы болса керек. Өйткені кенже ұлы Біләл небәрі жеті жаста екен. Жақында ескі мұрағат материалдарын қарап отырғанда Әлтейдің ұжымшардағы партия ұясын басқарғаны жайлы дерек көзімізге оттай басылды. Талас ауданында 1941 жылдың наурыз айында өткен жергілікті советтердің сайлауында Біжібаев Әлтей №19 Кеңес сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрағасы болыпты. Әдетте, Совет заманында мұндай комиссияларды партия ұйымының хатшылары басқарған. 1941 жылдың 2 наурызы күні шыққан аталмыш қаулыға еңбекшілер депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің төрайымы Ұлжан Жанысбаева мен аткомның хатшысы Еркінбек Құлсереков қол қойған. Осы дерек пен ол кісінің ұрпақтарының айтқан сөздеріне жүгінсек, Әлтей тұғырдан тая қоймаған шағында, соғыс басталған жылы сырқаттан қайтыс болған. Зер салсақ Нұрбекпен екеуінің жас мөлшері шамалас. Сонда алпыстан асқан кезі деп шамалаймыз. Ал «өнерлі үштіктің» кішісі Құтыбас алдындағы ағаларынан он бес-жиырма жыл кейін өмірге келген. Ол – Әлтейдің туған жиені, әкпесінің баласы. Осы ретте тағы бір айтар жайт: әлгі қаулыда ол кісінің есімі «Әлтей» емес, «Әлтай» деп жазылған. Әлтей бала кезінде ауыл молдасынан білім алған, сол замандағы сауатты, саналы азаматтың бірі. Өсе келе өз қатарларының арасынан даралана бастайды. Алғаш ауылда өтетін ат ойындары түрлерімен айналысып көреді. Бұлқынған бұла күші бойына сыймаған жас жігіт жиын-той төрінде өзінің ат үстіндегі ерекше әбжіл қимыл-әрекетімен жұрт назарына ілігеді. Бозбала осы бағыттағы шеберлігін ерінбей-жалықпай ұштап, оның шырқау шыңына шығуға ұмтылды. Қазақта көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты бәсекеде көзге түсетін жігіттер жетерлік. Олардың өнерін халық аспанға көтереді, ерекше бағалайды. Ал ат құлағында ойнау екінің бірінің қолынан келе бермейтін бекзат өнер. Оны бағындыру оңай шаруа емес? Әлтей жиын-тойларда ат үстінде түрлі өнер көрсетіп, Талас аңғарына атағы жайылған шабандоз. Өнерлі жанның төңірегіне талапкер жігіттер жинала бастайды. Өнеріне сүйсінген жастарды маңына жинап, ат спортына машықтырумен айналысады. Шәкірттерінің арасында суырылып ерекше көзге түскені өз жиені, Әлібекұлы Құтыбас. Ал шоғайдар Нұрбек болса, өзімен қатар, терезесі тең жігіт. Олар ХХ ғасырдың басында жиырма-отыз жылдай жұптарын жазбай бірге жүрген. Күнделікті күйбең тірлікке мойындары жар бермей, көбіне Әулиеата уезі аумағында өтетін той-тамашаларға барып, сирек кезігетін өнерлерімен елді сүйсіндіріп, көпшіліктің құрметіне бөленген. Алғаш өнерлерін жеке-дара бастаған шабандоздар, бастары қосылғанда ат үстінде қатар шауып, синхронды қимылдарымен көпшілікті таңғалдырған. Біз ес білгелі халық арасында олардың аттары қатар аталатын. Атақты байлар мен болыстар өздерінің жиын-тойларына үшеуін арнайы адам жіберіп шақырған. Өйткені олар қатыспаған тойлардың сәні келмей, көңілсіз, қызықсыз өтеді екен. Сол «бірегей үшеудің» топ басшысы Әлтей мен Нұрбек. Құтыбас оларға сәл кейінірек қосылған, – деп айтатын көнекөз қарттар. Ол заманда, аттар қазіргідей 30-35 шақырымдық айналма бәйге емес, елу-алпыс шақырымдық айдау қашықтыққа шабады. Олар мәрелі жерге таңертеңгі салқында жай аяңмен барып, сәскеге қарай күнді арқасына бере кері оралғанша тойға жиналған жұрт қазақша күрес, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу сияқты түрлі ұлттық ойындарды тамашалайды. Сол бәсекелердің ішіндегі қиыны, әрі ең төресі – ат үстінде өнер көрсету. Сондықтан да үмітін үкілеп,тәуекел етіп соңынан ерген үміткерлер саны қадау-қадау. Біздің дерегіміз бойынша Әлтей мен Нұрбектен тағылым алған, есімі ел аузына іліккен шәкірттері болмаған. Құтыбастың төрт атадан қосылатын немере інісі Тазабек Байқонысұлы ағасының өнеріне жастай қызығып өседі. Жас жігіт 1941 жылғы 1 мамыр мерекесі күні ауылда өткен шағын тойда жерлестеріне ат құлағында ойнау өнерін көрсеткен. Ол жайлы қысқа хабар аудандық «Екпінді колхозшы» газетінде жарияланды. Артынша соғыс басталып кетеді де, Тазабек армия қатарына алынады. Әскерден оралған соң Жамбыл қаласын мекендеп, сонда тұрақтайды. Содан кейін елмен арадағы қатынасы үзілген сияқты. Мезгілінен кештеу ес жиып, қанша іздегенімізбен ол кісімен қатар өмір сүрген кісіні кезіктіре алмадық. Сондықтан екінің бірінің қолынан келе бермейтін арда өнерді одан арғы өміріне серік еткен-етпегені бізге белгісіз. Қылтиған шамалы деректің шетін кезіктіре алмай қиналдық. Ертеректе Әлтей жалғыз келе жатқанында бір топ барымташыларға кезігіп қалады. Ұрынарға қара таппай әлекедей жаланған ұрылар жеке-дара кезіккен адамға бас салудың ретін таппай, жөн сұрайды. Ол аты-жөнін айтқанда,топ ішінен біреу-жарымы атына қанық болып шығады. Алайда өнерін қалың топтың ішінен сырттай ғана тамашалаған жігіттер оның түрін есте сақтай қоймаса керек. Бір жағы жыға танымай, екіншіден «танымал адамның атын иемденіп құтылып кеткісі келген бір қу шығар» деп күдіктенген топ жетекшісі екіұдай ойда қалады. Аты алты алаштың аузына іліккен шабандозға қиянат жасаудан әруақ-құдайдан қаймығады, әрі жеке дара жүрген жолаушыны атынан аударып кетуге ұяттары жібермей: – Сен, шын Әлтей болсаң біздің қоршауымызды бұзып-жарып шығып кетсең артыңнан қумай-ақ, қоямыз, – деген шарт қояды. – Жарайды, келістік. Бірақ атымның адымын жазып шабуы үшін әжептәуір алаңқай керек, – дейді. – Жалғыз атты ортамызды бұзып қайда барар дерсің, – деп өз-өздеріне сенген шаршы топ алқа-қотан, кең шеңбер жасап тұра қалады. Әлтей атынан түсіп айыл-тартпасын тартады да, сенімді жануарының үстіне қонады. Иесінің үзеңгі мен тізгін қаққанынан не істеу қажеттігін түсінетін сыр мінез серігі ортадағы алаңқай шетімен айнала жүйтки жөнеледі. Шабандоз шауып бара жатқан аттың алдыңғы қасынан бір қолмен ұстаған күйі жерге ырғып түсіп, қайта мініп денесін қыздыруға көшеді. Енді бір сәтте екі қолымен таралғыны ұстап, ерге басын қойған бойда екі аяғын аспанға жібере шабады. Кенет қолы ердің алдыңғы қасынан ұстаған бетте денесін игере алмағандай қос аяғы жерге тие сүйретіліп бара жаттты. Көріп тұрған аламан топ ішінен: – Құлады, аттың аяғының астында қалатын болды, – деген үрейлі дауыстар шықты. Сөйткенше болмай, Әлтей жеп-жеңіл қимылмен серіппедей серпіліп атқа қайта қонды. Артынша, ер үстінде көлденең жатқан күйі шауып бара жатады. Мынадай ептілікке таңырқағандар есін жинағанша шабандоздың ат бауырында кетіп бара жатқанын көреді. Ауыз ашып тұрғанда алқа-қотан тұрған топтың арасынан «бұлт» етіп өте шығады. Ұрылар есін жиып үлгіргенше шабандоз ердің үстіне көтеріліп құйғытып кетіп бара жатады. Қапы қалған жігіттер аттарына қамшы басып қуа жөнелмек болғанда, топ жетекшісі оларды тоқтатып: – Жөніне кете берсін! Осындай өнерлі жігітті тонағанымыз дұрыс болмас. Қазақта мұндай шабандоз сирек. Уәдемізде тұрайық! – деп қасындағыларды тоқтатса керек. Әлтейдің тағы бір азаматтығына тоқтала кетейік. Әлекеңнің ұлы Біләл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас шенінде совхоздың бір қора қойымен жазда Сарыарқа мал жайылымына барады. Сарысу ауданы, «Жайылма» совхозының шопандарымен қатар жайлайды. Бірде өзі қатарлы Серікбай деген әріптесімен танысып, үйіне барады. Салпағар есімді әкесі бар екен. Әңгімеден әңгіме туып, қария жөн сұрайды. Сонау отызыншы жылдары Талас жерінің дәмін татыпты. «Сұрай-сұрай келе қойныңдағы қатының қарын бөлең болып шығады», – демекші, қарт кісі Біләлдің әкесін танитын болып шықты. Әлтейдің атын естіген қария жылап жіберіп, Біләлді құшақтай алады. Сәлден соң солығын басып қонағына: – Сонау отызыншы жылдың басында Арқадағы Сарысу ауданында аштық басталды. Белсенділер тігерге тұяқ қалдырмай бәрін алып қойды. Малдан ажыраған жұрт тентіреп кетті. Ол кезде Сарысу ауданы Оңтүстік Қазақстан округіне қарайды. «Сасқан үйрек құйрығымен жүзеді», – дегендей, далбасалап, үй-ішімізбен Әулиеата жаққа аудық. Жол ұзақ, жинаған азын-аулақ тамағымыз таусылуға айналды. Бір күні талғажу етер қалған азықты бала-шағама қалдырып,өзім жолға шықтым. Үшкөкшенің құмынан асқанда одан әрі жүруге шамам келмей, ес-түсімнен айырылып құлаппын. «Өлмегенге өлі балық жолығады», – әлі көретін жарығым бар болып шықты. Кездейсоқ кезіккен Таластың бір азаматы үйіне апарып есімді жиғызады. Ол – Әлтей екен. Екі-үш күннен кейін әл кірген соң, артымда отбасым қалғанын айтып жыладым. Жаңа танысым мені атқа мінгізіп жолға шықтық. Үй-ішім де аштықтан жүре алмай қалыпты. Әлтей олардың аузына су тамызып, быламық жегізген соң әл жинады. Ауылына әкеліп паналатты. Осында келген соң «Майлыкөл» ірі қара кеңшарына жұмысшы болып орналастым. Қазақ: «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», – деп бекер айтпаған. Сол Әлтейдың жасаған жақсылығын өмір бойы ұмытпаймын, – деп сөзін аяқтайды Салпағар қария. Олар бір мал сойып, Біләлдің отбасын күтеді. Шығарып салар кезде отағасы: – Құдайдың берген дәулетінің арқасында бес-алты жылқым бар. Соның біреуін таңдап мін! – деп қолқа салады. Біләл алғаш ыңғайсызданып, одан бас тартады. Бірақ қария қоярда-қоймай бір жабағысын жетектетіп жібереді. Бұл күнде Салпағар қариядан тараған ұрпақтарының бірі Байзақ ауданындағы Көктал ауылында тұрады екен. Солардың айтуынша, сарысулық қарт өзін, отбасын түгел ажалдан аман алып қалған кісіге деген ризашылық белгісі ретінде бір немересінің атын Біләл қойғызыпты. Әкенің жақсылығы туралы тағы бір мысал.Соғыс кезінде Әлекеңнің ұлы Жалал «еңбек армиясынан» қашып жүргенде милицияның қолына түседі. Заң қатал, сотсыз, тергеусіз-ақ атып жіберуі мүмкін. Милиция ұсталғандардың аты-жөнін сұрап қағазға түсіре бастайды. Мұның тегін естіген тәртіп сақшысы елең етіп қайыра сұрайды. – Фамилиям Әлтеев, атым Жалал, – дейді. Толтырып жатқан қағазын былай қойған тәртіп сақшысы: – Әлтейдің баласы болсаң, бұдан былай менің көзіме көрінбе, қолыма түспе?! – деп қоя береді. Алайда не себептен босатқанын, әкесінің қандай жақсылығын көргенін ашып айтпайды. Әлтейдің кіндігінен тараған екі ұл бұрын көрмеген адамдардың әкесінің кім екенін естігенде құрмет көрсетіп, жылы лебіз білдіретінін өз балаларына үнемі айтып отырады екен. Иә, «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық!» – деген ұлағат осыдан қалса керек. Әлтей шабандоздық шеберлігімен бірге ескіше сауатты болған. 1928 жылғы тәркілеу, одан кейінгі ашаршылық кезінде Әулиеатаға қоныс аударып күн көреді. 1933 жылы Голощекин қызметінен алынған соң аштан өлгеннен қалғанын, жан-жаққа бас сауғалап тарыдай шашылып кеткен төменгі Талас тұрғындарының бас-аяғын жинап ұжымдарға біріктіру басталады. Сол тұста ауылдағы ағайындары көзі ашық Әлтейді шақырып, қызмет ұсынады. Алғаш қойма меңгеріп, артынан партия ұясын басқарады. Бүгінгі таңда Әлтейдің қос перзенті Жалал мен Біләлден өрбіген бес немереден тараған ұрпақ жан-жақта тұрады. Жалалдың баласы Құрал – Павлодарда, Дәулет – Алматыда. Ал Біләлдың ұлдары Нұрзат, Нұрғазы, Ерғазы Жамбыл ауданын мекендейді. Жоғарыда айтылған деректің біразын Қаракемерде тұрып,Аса ауылында еңбек ететін Нұрзаттың аузынан естідім.

Жетпісінде ат құлағында ойнаған

Нұрбек 1877 жылы өмірге келіп, 1950 жылы 73 жасында дүние салған. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, жастайынан бойына талай өнерді дарытқан жан. Ол кісінің ат құлағында ойнау шеберлігі бір төбе. Ортадағы отта әбден қыздырылған кездікті тілімен жалап, көмекейіне сұғу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Жиын-тойда би билеген. Бұдан бөлек емшілік, бақсылық, көріпкелдік қасиеттері болған. Бұл күнде Ақкөл ауылында тұратын кенже баласы Дүйсеннің айтуына қарағанда, ауруына ем іздеп алыстан арнайы жолға шыққан сырқаттың келе жатқанын алдын ала біліп отырады екен. Қызылдардың байларды тәркілеу, еріксіз ұжымдастыру науқаны басталған соң халықтың әл-ауқаты төмендеп кетеді. Оның арты ашаршылыққа соққаны мәлім. Халық қынадай қырылды.Өнер деген аяқ астында қалды. Міне, осы тұста үш дос бет-бетімен кетуге мәжбүр болды. Нұрбек Әулиеата маңын жағалайды. Күнкөріс қамымен 1932-1949 жылдарда Үштөбе МТС-і жанындағы Тастөбеге барып тұрақтайды. Осында Шомаев деген бастық, Новосельев деген орыс партком (немесе рабочком) болған. Сиырлы ауыл көбіне Көделіде отырады. Олардың қасында Жамбыл түрмесінің мал базы орналасқан. Бұрын Талас ауданында халық соты болған Елеусізов Шалтай есімді азамат сол түрменің сиырын баққан екен. Ол ескіше оқыған,қара суды теріс ағызатын молда дейтін. Түрме басшылары сотталғандарға тасбақа тергізеді де етін қамақтағыларға береді. Абақты бастығының көлігі – төрт дөңгелекті тачанка. Нұрбек жиырма жылға жуық «Куйбышевте» мал бағып, бала-шағасын асырайды. Сол маңның халқымен етене араласып, біраз өмірі сол жерде өтеді. Соғыстан кейін елдің еңсесі біршама көтеріліп, бұрынғы дәстүр-салт бірте-бірте қалпына келе бастайды. Сонда жасы келгеніне қарамастан, делебесі қозған жүйріктей Нұрбек жиын-тойларда өнер көрсетуге көшіпті. Осындай бір жиын Крупская атындағы колхозда өтеді. Соған қатысқан атбегілік, құсбегілік өнерді жанына серік етіп, қазақтың ұлттық спорт ойындарын қастерлеп, қадір тұтқан Төрехан Әлішеров Нұрбектің ат үстінде көрсеткен өнерін көріп, ол жайлы қалам тартқан екен. Сол жолы алған әсері жайлы ол былай деп жазады: – Аса өзенінің бойын жағалай тігілген аппақ шағаладай киіз үйлер. Жиын тамашасын көріп бойын жазып, серпілгісі келген халықтың көбі өзеннің солтүстік-батыс жағындағы төбеге жиналған. Колхоз-совхоздар болып, өз балуандарын күрестіріп, шабандоздарын, дайындаған сәйгүлік-жүйріктерін, жорғаларын жарысқа кезекпен-кезек қосып жатады. Бір уақытта жиын қызықтарын тамашалап тұрған жұрттың ортасын қақ жарып, ерттеулі аттың үстінде төбесімен тік тұрған сақал-шашы аппақ, алпыс жасты алқымдаған қарт атына қамшы басып, ағызып өте шықты. Денесі қолтоқпақтай тып-тығыз, орта бойлы, өнерпаз қарт анталап тұрғандардың ара-арасымен ат тізгінін ұстамай, қоян қуғандай ызғытып жүр. Әр айналымда бір ойын көрсетеді. Бірде төбесімен шаншылып шапса, бірде үзеңгінің таралғысынан ұстап, ерге қолымен тік тұрып шабады. Тағы бірде екі иығын алма кезек ауыстырып шапса, енді бірде аттың бауырына жабысып шабады. Шауып бара жатқан аттан қарғып түсіп, қайта мінеді. Ойлы-қырлы жерде түрлі ойындар көрсетуі әлгі өнерпаз қартқа да, астындағы атқа да оңайға түскен жоқ. Қара терге малынып, аппақ сақалына қан тамшылары тигенде, атына қайта жөнделіп мініп, тізгінді тартып барып жайымен тоқтайды. Автор Нұрбектің өнері жайлы замандастарының пікірлерін келтіріп, бұрынғы «Пионер», Куйбышев атындағы колхоз адамдарының тамсана сөз ететінін тілге тиек етеді. Мәселен, Социалистік Еңбек Ері Сәкен Қазанқапов: – Ол ас ішпеуге бейіл, бірақ жалғыз атын жақсылап күтіп, әлпештеп жататын. Оның кеспелтек келген шымыр денесі, танадай көзі өзіне жарасып тұратын. Ешуақытта күлмейтін, – десе, куйбышевтік Қырғызбай Зәуірбеков:

(Жалғасы келесі санда).

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар