«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖГТУ студенттері оқуын басқа оқу орындарында жалғастырады

ЖГТУ студенттері оқуын басқа оқу орындарында жалғастырады
ашық дереккөз
ЖГТУ студенттері оқуын басқа оқу орындарында жалғастырады

Облыс әкімі бұл мәселені ректорларға шегелеп тапсырды.

Қаламыздағы жоғары оқу орындарының бірі саналып келген ЖГТУ-дың лицензиясы құзырлы органдардың шешіміне сай тоқтатылғандықтан аталмыш оқу ордасында білім алып жатқан студенттерді ағымдағы айдың 25 жұлдызына дейін Тараз қаласындағы өзге оқу орындарына ауыстыру керектігі кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өткен басқосуда тағы да нақтыланды. «ЖГТУ-дың лицензиясы құзырлы орган арқылы тоқтатылды. Енді студенттерді жайбасарлыққа салмай, жедел өзге жоғары оқу орындарына қабылдау жұмыстарын жүргізу керек. Студенттерге кедергі келтірілмеуі тиіс. Өйткені, білім ордасы жабылды. Сол себепті жастар басқа оқу орындарына ауысуға мәжбүр. Бұл жұмысты барлық ректорлар дер кезінде атқара білуі керек», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Бұдан кейін облыс әкімі облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаевтан бүгінгі таңда атқарылған жұмыстар туралы сұрады. Өз кезегінде ол прокуратура тарапынан барлық жұмыстар атқарылып, ЖОО басшылығына тиісті құжаттар жіберілгенін айтып, студенттердің басқа оқу ордасына ауысуына еш кедергі келтірілмеуі керектігін сөз етті. Осы мәселеге орай құрылған комиссия жұмысты ары қарай жандандыруы керектігі де сөз болды. Басқосу барысында ЖГТУ-дың оқу-ісі жөніндегі проректоры Тұрсын Төлеев студенттердің өзге білім ордаларына ауысуына еш кедергі келтірілмейтінін нақтылады. «Сіздердің тараптарыңыздан студенттерге тосқауыл болмауы керек. Студенттер өз қалауларымен емес, оқу орнының жабылуына байланысты ауысып отыр. Қандай да бір кедергі келтірілетін болса, ол заң жүзінде қадағалауда болады» деді облыс әкімі проректорға мән-жайды түсіндіріп. Бұдан кейін сөз алған ТарМУ ректоры М. Сарыбеков бүгінгі таңда ЖГТУ-дан бакалавриат бойынша 69 студент ауысуға өтініш білдіргенін, оның оны сырттай бөлім студенттері екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, магистратура бойынша білім алып жатқан студенттердің жай-күйі де сөз болды. Бұл мәселе бойынша ТарМПИ, ТИГУ сынды жоғары оқу орындары тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Профессор-оқытушылардың бірқатары ТарМУ, ТарМПИ, ТИГУ-ға жұмысқа орналасуға өтініш білдіріпті. Оларды конкурс арқылы жұмысқа қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Тұрсын Төлеев, ЖГТУ-дың оқу-ісі жөніндегі проректоры: «Қазіргі уақытта студенттерге ешқандай кедергі жасалып жатқан жоқ. Бүгінгі күннің өзінде 350-400 адамның құжатын рәсімдеп үлгердік. Межеленген мерзімге дейін барлық студенттер қалаған оқу орындарына ауыса алатындығы анық. Дәл қазір бізде күндізгі бөлімде бар болғаны бес жүзге жуық студент қалды. Бұл енді екі-үш күнде бітетін жұмыс. Ал сырттай бөлімге келетін болсақ, ондағы студенттердің жиналуы қиын. Алайда, оларда ереже бойынша тағы да шамалы уақыт бар. Олар ереже бойынша кезекті сессияға дейін ауысуға тиіс. Сол себепті бұл мәселе де оңымен шешіледі деп ойлаймын. 450 студент қалай келсе, солай лек-легімен ауыса береді. Ең бастысы алғашқы сессияға дейін үлгереді». Басқа жоғары оқу орындарына ауысқан студенттер төлемақыны бастапқы қалыпта төлеп, оқуын жалғастыра береді. Сондай-ақ, студенттердің бірқатарының тест тапсыру, тағысын-тағы мәселелері оқу үрдісі барысында шешімін табады. Бұл мәселен облыс әкімі қатаң қадағалауда ұстауды комиссия мүшелеріне де, басқа да жауапты азаматтарға тапсырды. Бірде-бір студент назардан тыс қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге барлық мүмкіндік жасалып отыр.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар