
Есімдері елге белгілі азаматтардың игілікті іске ұмтылуы – көпшіліктің олжасы. Халыққа арналған қандай жұмыстың да жемісті болатыны белгілі. Осындай еліне жанашыр азаматтың бірі – қазақ күресінен Әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев. Спортшы жақында облыс орталығынан 200 орындық бөбекжай бақшасын ашып, үлкен іске бастамашы болды.
«Жақсыны көрмекке» деп «Қазақстан барысы» салып берген «Барыс» бөбекжай бақшасына біз де бардық. Екі қабатты еңселі ғимарат алыстан көз тартады. Ауласының өзі атшаптырым. Кәдімгі мемлекеттік балабақшалардан ешқандай кемдігі жоқ.
Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейін қабылдана беретінін айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі, ғимарат 200 орынға арналған, осынша балаға барлық жағдай жасауға мүмкіндіктері бар. 8 топ болады, 35 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді, бірқатар мамандар резервте тұр. Жаңа топ ашылса, солар жұмысқа қабылданатын болады.
Бөбекжай меңгерушісімен бірге ғимаратты аралап көрдік. Топтардың аты да ерекше, қазақы. «Еркетай», «Жұлдыз», «Айгөлек» деп аталыпты. Балабақшадағы Нұрқанат, Ерқанат, Ерсұлтан Мадиярлар – бір үйдің балалары. Бір үйден бірнеше бала бергендерге де жеңілдік бар. «Былтыр Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген едім. Бір жыл мамандығым бойынша орын табылмай, басқа жұмыстарда жүрдім. Бұл бөбекжай бақшасының ашылуының нәтижесінде жұмыс тауып отырмын. Балалармен жұмыс жүргізген сондай көңілді», – дейді тәрбиеші Нұргүл Шекербек. Ал мейірбике Жанар Әбдіхалықова мұнда облыстық ауруханадағы жұмысынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта жұмыс жүйелі екенін айтады.
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Есет Досалы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді