Қазақ балалар әдебиетінің сардары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын жерлесіміз Сұлтан Қалиұлының арамыздан кеткеніне де, міне, бір жылдың жүзі болды. Еңбек жолын Қазақ радиосынан бастап, «Балдырған» журналында 17 жыл жауапты хатшы, «Ұлан» газетінде 19 жыл бас редактор болған Сұлтан Қалиұлы балалар әдебиеті мен журналистикасының дамуына зор үлес қосты. 2008 жылдан 2017 жылға дейін Жазушылар одағында Балалар әдебиеті кеңесін басқарып, қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының хатшысы лауазымын атқарды. Қым-қуыт жұмыстары болса да ол қазақ балаларының рухани әлемін ұмытқан жоқ. Балаларға арнап әртүрлі жанрда тамаша туындылар жазды. Аудармалар жасады. Оның әр жылдары балаларға арналған «Сыныққа сылтау», «Өлеңдер», «Дүрбі», «Қасиетті тақия», «Сәлем, саған мектебім», «Кішкентай агрономдар», «Теміртесер», «Бақыт деген не?» , «Мен мектепке барамын», «Баспалдақ», «Айт шу, тұлпарым», «Қандай болып өсемін», «Айналама қарасам», «Армысың ауыл», «Ғажайып тас», «Әйәй әліппе», «Топ-топ басайық», «Біз шадыман баламыз», «Жыл құстары келгенде» жинақтары шығып, өз оқырманынан жақсы бағасын алды. Сұлтан Қалиұлының аударуымен С.Маршактың, С.Михалковтың, Р.Киплингтің балаларға арналған кітаптары мен Бақытжан Момышұлының романдары, повестері қазақ оқырмандарына жол тартты. Балалар әдебиетінің сарбазынан оның сардарына дейін көтеріліп, бүкіл қазақ баласының сүйікті ақынына айналған Сұлтан ағамызды еске түсіре отырып, төмендегі жазбаларды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Балалар әдебиетінің бастау бұлағы – балдан тәтті тіл, балауса ой, тұмадай тұнықтылық. Егер астарлы ой айтам деп аспандап кетсеңіз, онда бала жанын ұғынбағандық, балалар әдебиетінің шекара-шеңберінен шығандап кеткендік болар еді. Әрине, астарлы сөйлеп ақиқатты айтпақ – ақын атаулының парызы. Дегенмен балаларға деп базарлық жасағасын, оның бала ойымен, түсінік-түйсігімен тоқайласып жатқаны жарасымды. Осы қағиданы қатаң ескерген қаламгердің де қажыр-қайраты зор. Міне, осындай үрдістің үзеңгі бауын үңгілей түсіп, керегесін кеңейткен кемелділердің бірі де бірегейі, о бастан-ақ балалар әдебиетіне бас бұрған ақын Сұлтан Қалиұлы еді. Өлең-тақпақты өмірдің өз тақтасынан алып тасқа басқан, ұл-қыздың таңдайына тақ еткізіп сала қойған Сұлтан ағамыз: Ұл-қызыңа ерген Немерең – біз, әже. Немереңнен өрген Шөберең – біз, әже, – дейді. Дейтінінің бәрі ұрпақ ұғымындағы ой, тіл ұшындағы сөз. Сол сөз бен ойды сең-сең етпей, сонылап, қысқа-нұсқа, балаға тән тілмен, ұғым өресімен жеткізеді. Балаға керегі де осы емес пе. Ә дегенде қаламын сатираның сауытына сүңгітіп алған Сұлтан аға әпенде көңіл бала мінезін, оның қызыққа тола кездерін миыққа мысқалдай да әжім түсірместей етіп, әдіпті әзіл сөзбен әспеттейді. Мәселен, бір ғана «Ренжиді» деген өлең-тақпағына назар салайықшы: Ерте тұрып Шекербек, Төрт тауығын ұстады. Қамап, қашып кетер, – деп, Туғызбақ боп қыстады. – Мамам мұны көрсін тек, Қуантайын әпкемді. Бес жұмыртқа болсын, – деп, Қоразды да ап келді.
Қораз оған араз ба, Тыпырлайды кетем деп. –Туасың, – деп, – қоразға Босатпай тұр Шекербек. Әсіресе Сұлтан Қалиұлы балалар тақылдап тақпақ, жаңылмай жаңылтпаш айта білсін, жұмыла жұмбақ ойлап, шешуін ту тереңнен іздей білсін деп, жұмбақ-жаңылтпаштарды жазудай-ақ жазған қаламгер. Енді, міне, солардың бір парасын ақынның көзіндей көріп бүгінгі ұрпақ оқысын деген ниетпен, мемлекеттік тапсырыс бойынша «Массагет 21» баспасы «Менің елім» атты кітапқа топтастырып, жарыққа шығарды. Бір айта кетерлігі, бұл кітабын Сұлтан аға біздің өтінішімізбен баспамызға өмірден өтерінің алдында өз қолымен әкеліп тапсырып кеткен еді. Аға аманатының көп кешікпей орындалғанына біз, баспа қызметкерлері бек қуаныштымыз. Аталмыш кітапқа жасөспірім жеткіншектерге арналған өлең-жырлары, жұмбақ-жаңылтпаштары, «Сауық», «Алдар мен шайтан» поэмалары, «Бақыт құсы» ертегісі және бұрын-соңды баспа бетін көрмеген еңбектері еніп отыр. Қаламгер ұтымды да ұтқыр, ойнақы да ойлы өлең ұйқасының иірімдерімен бала жанын баурай түсіп, оларды отансүйгіштік, еңбекқорлық, батылдық пен батырлық, адалдық, адамдық жолына бастайды. Кітаптың алты жасар оқырманнан ұлағатты ұстазға дейінгі берер көмек-қорегі ұшан-теңіз.
Ерсінбай МАНАШОВ, «Массагет 21» баспасының редакторы.
Қалмайды қалтарыста Жақынын жақсы көріп, сырт қалдырмас, Жігіттің бірі едің ғой Сұлтан құрдас. Келбетің, келісті ісің еске түссе Көңілім сағыныш пен жырдан тынбас. Ақын ең ақыл-ойлы, жұмсақ тілді, Білемін ғұмыр кештің әр шақ нұрлы. Кеудеңнің түкпірінен шыққан жырды Өмірге келген әрбір ұрпақ білді. Қашанда жоғалтпаған сырлы қалпын, Кісі едің, ішің жауһар, сыртың алтын. Өмірді өлеңімен өрнектеген, Өзіңнен аяған жоқ сыйды халқың. Алматы самалымен тыныстаған, Құрдас ең өнебойын тік ұстаған. Өзіңді сағынды ма үнсіз ғана, Көсіліп көше жатыр күміс табан. Қылжақтап, әр нәрсені қалжың қылмас, Сен едің сергек ойлы жарқын құрдас. «Әдеби ортаға өзің кеш келдің ғой, – Дегенсің енді атыңа қамшыңды бас». Қасымда болмасаң да бұл күнде өзің, Есімнен еш кетпейді күлкің, сөзің. Үстінде жұмыр жердің қазақ барда Қалмайды қалтарыста жыр күмбезің. Мінуар ӘКІМХАНОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді