Ағымдағы жылдың 21 шілдесінде кешкі сағат 8 шамасында Талас ауданының құмды өңіріндегі «Амангелді» газ кенішінің оңтүстік жағында 5 шақырымдай жердегі «Қосойма» аталатын аумаққа сіркіреген жаңбыр жауып, найзағай ойнап, «жай» түскен. Салдарынан аптап ыстықтан қураған шөп лезде тұтанып, жанып, жалыны аумақты шарпи бастаған. Оқиға орнынан 4 шақырым жердегі «Төртащы» құдығында өртке қарсы құрылған бекеттегі орманшылар мұны бірден байқап, 2 трактор соқасымен, 4 адам өртке оранған аумаққа жедел жетеді. Олардың тарапынан тілсіз жаудың алдын алу шарасы қолға алынып, өрт сөндіріле де бастайды. Алайда қураған қалың қау шөп пен бұталарды шарпыған от минутына 25-30 метр жылдамдықпен соққан желдің әсерінен күшейіп, бой бермеуге айналады. Орманшылардың шағын тобы түн қараңғылығына да қарамастан өртпен айқаса жүріп, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарын бұл туралы хабардар етіп үлгерген. Басқарма басшысы Нұржан Нұржігітовтің тікелей өзі ұйытқы болуымен оқиға орнына жақын аудандардағы 9 орман шаруашылығы мекемесіне тиісінше тапсырмалар жүктеліп, құмдағы өртті ауыздықтау ісіне қосымша адам мен техника күші жұмылдырылыпты. Алайда ұйытқи соққан жел шілденің 22-24 аралығында да тоқтамады. Аумаққа екі автокөлікпен «Сапсан» жедел тобы да жетті. Жедел штаб құрылуының нәтижесінде биыл жаңадан алынған тракторлар өрттің алдын кесіп жырту ісіне жегіліп, басқа да техникалар күші пайдаланылуымен өртпен айқас күндіз де, түнде де жалғасты. Біресе шығыстан, біресе батыстан ұйытқи соққан желдің әсерінен әбден күшіне енген от жалыны бой берер болмады. Тек, 24 шілде күні таңға жақын үзіліссіз әрекет етудің арқасында құм өңіріндегі алапат өрт ауыздықталды. Өрт сөндіру ісіне бас-аяғы 143 адам атсалысып, 22 соқалы трактор, 18 автокөлік күші жұмылдырылды. Жалпы, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің 30 пайыз техникасы 12 сағатта әрең дегенде өрт ошағына жеткен еді. Әрине, бұл жерде олар неге осынша уақытқа кешікті деген сұрақтың да туындауы заңды. Өйткені өрт ошағы техникалардың дер кезінде жетуіне үлкен кедергі келтіретін құмды аумақта орналасқан. Бір атап өтерлігі, Мойынқұм ауданындағы өрт бақылаушы әуе экипажын басқарып келген Талғат Алиев өрттің басынан аяғына дейін атсалысып, үлкен көмек көрсетті. Ол құмды өңірдің түрлі бөліктерінде жүрген орманшылармен рация арқылы байланысқа шығып, дұрыс бағыт-бағдар беріп те отырды. «Жұт – жеті ағайынды» деген халық мақалы бар. Өрт – соның бірі. 40-45 градустық аптап ыстықты былай қойғанда, ұйытқи соққан жел бағытын жиі өзгертіп, жоғарыда аталған өрттің дер кезінде өшірілуіне елеулі кедергісін де келтірді. Биылғы жылы облыс әкімінің көмегімен сатып алынған жаңа техникалардың күші мен жеке азаматтарымыздың қайсарлығының арқасында алапат өрттің алды алынды. Міне, осы жаңа техникалар болмаған жағдайда құмның барлық жері өртеніп кету қаупі де бар еді. Өрт шарпыған аумақ әлі де жіті бақылауда тұр. Бүгінгі күні өңірімізде ауа температурасының айтарлықтай көтерілуі – орман-дала алқаптарының аумағында өрт қаупі әлі де сақталады деген сөз. Сондықтан да тұрғындардың қауіпсіздік шараларын қатаң түрде сақтағаны абзал.
Ерназарбек ЖАНТАЕВ, облыс әкімдігінің табиғат қорғау кеңесі мен жедел топтың төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді