«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қуаң жерді құдық суымен-ақ көгерткен...

Қуаң жерді құдық суымен-ақ көгерткен...
ашық дереккөз
Қуаң жерді құдық суымен-ақ көгерткен...
Қожалық еңбеккерлері мол табысқа кенелуден де үмітті Ерназар ауылында бақша салып, алуан дақыл түрін өсіріп отырған ұсақ шаруа қожалықтар аз емес. Соның бірі – «Ташқараев» шаруа қожалығы. Оның құрылғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Шаруашылық басшысы Садуақас Ташқараев бүгінде ауылдан төрт-бес шақырымдай қашықтағы «Шиелінің табаны» аталатын алқапты игеріп, игілігін көріп отыр. Ағын судың жеткіліксіздігінен бұл жерге қандай да бір дақыл түрін өсіру әсте мүмкін емес-ті. Алайда еңбекқор азамат істің көзін тапқан сыңайлы. Жиырма жыл бойы сусыз, нәрсіз қуарумен жатқан алқапты бау-бақшаға да айналдырыпты. Мұның сырын бізге Ташқараевтың өзі тәптіштеп айтып берді. – Жер үлесімді алып жеке бөлініп шыққан соң, бақша салуды қолға алдым. Ол үшін ағын су керек. Ал Айтақ каналы арқылы келетін су мұнда жетпейді. Аталған арнаның бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Табанына құм жиналып, жағасын құрақ басқан. Оған қарап отырғаннан келер пайда жоғын ұғып, құдық қазып, су шығаруға тәуекел еттім. Сөйтіп, өткен жылы жерасты суын пайдалану үшін екі метр сайын тереңдігі он метрді құрайтын 4 құдық қаздым. Қазір алқапқа су тоқтаусыз келіп тұр. Әр құдыққа бір-бір су айдағыш мотор қойылған. Оларды суарылатын жердің көлеміне шақтап пайдаланудамыз. Қажет болған кезде төртеуін де бірден іске қосамыз. Бір құдық бір құлақ су айдайды. Яғни 1 сағатта 60 тонна су беруге қауқарлы, – дейді ол. Садуақас құдық қазуға аса көп шығынның қажет еместігін де айтып қалды. Тек ниеттенсе, кімнің болсын қу медиен, құла түзден құдық қазып, су шығарып, бақша салуына мүмкіндігі бар. «Сулы жер – нулы» болатыны белгілі. Бүгінгі күні қожалық иелігіндегі 10 гектарлық алпар алқаптың жүгері – 3, қарбыз – 1, қауын – 1, картоп – 0,5, асқабақ – 0,5, жоңышқа 4 гектарында жайқала өсумен тұр. Жүгерісі кісі бойындай, ал көк ала қауын-қарбызы жайлауда жатқан қойдан көп. Алды пісіп үлгерген. «Биыл қарбыздың жеті (америкалық сұрпы да бар), қауынның басыбалды, тәркінәзік, кемпірқауын (қыстық), торлама, әңгелек секілді сегіз түрін ектік. Арасында «торпедо» аталатыны да бар. Оның әбден піскендегі тұрқы 1 метрге жетеқабылдау болады. Қазірдің өзінде көлемі 25 сантиметрге жетті, енді 20-25 күннен кейін өнімін жинаймыз. Дақылдарымызды мамыр айының 10-на қарай еккен едік. Негізінен, қауын 90 күнде пісіп-жетіледі ғой», – деп Садуақас Ташқараев өздері егіп өсіріп отырған қауын қарбыздың түрін танып, түсін түстеп те берді. Алқап басында күн-түн демей еңбектеніп жатқан Қылышбек Әубәкір, Бекжан Таукеев, Сейітбек Өткелбаев сынды азаматтар қуаң жерді құдық суымен-ақ көгертіп, көк желекке айналдыруға әбден болатынын айтады. Олар бақшалықты кезекті суарудан өткізуде екен. «Ташқараевтықтар» енді аз күннен соң өздері өндірген өнімді нарықтық айналымға шығарып, мол табысқа кенелуден де үмітті. Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист. Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар