Облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында бизнес өкілдерімен өткен кездесуде өңіріміздің инвестициялық ахуалы мен кәсіпкерлік саласындағы мәселелер сөз болды. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жеке кәсіпкерлер қатысты. Дөңгелек үстел отырысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы кезекте облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер жөнінде тарата айтып берді. – Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетілуде. Оған Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынып отырған «Бастау Бизнес», «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламаларының да ықпалы мол. Кәсіпкерлерге мүмкіндік беру арқылы өңірімізге көптеген инвестициялық жобалар тартылып, оның игілігін ел көруде. Жалпы биыл облысымызда негізгі қорға салынған инвестиция 113 пайызға өсіп отыр. Мәселен, бір ғана құрылыс саласында өсім 112,4 пайызды көрсетті. Жаңа жобалар да жүзеге асуда. Бүгінгі таңда біздің базамызда 100-ге тарта инвестициялық жобалар болатын болса, жыл басынан бері 16,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның бірі ретінде Оңтүстік Кореяның инвестициясы есебінен 1 миллиард теңгеге Қордай ауданында салынған жылыжай кешенін атап өтуге болады, – деген Нұржан Сәбитұлы кәсіпкерлер тарапынан өңірімізде жүзеге асырылып жатқан басқа да жобалардың жай-күйіне тоқталды. Бұдан кейін аталған департаменттің сыбайлас жемқорлықтан оңалту басқармасының басшысы Дәурен Омаров баяндама жасады. Оның айтуынша, департамент «Protecting business and invectments» жобасы аясында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, 17 кәсіпкердің құқығын қорғапты. Ал облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Жеңіс Сариев кәсіпкерлікті қолдау аясында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар өздерін толғандырып жүрген мәселелер туралы ой, пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында Әділхан Қасымханұлы департамент қызметкерлері инвесторлар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға әркезде де дайын екендігін жеткізді.
Тараз қаласы.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді