«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қызыл сызықтан» аттағандар анықталды

«Қызыл сызықтан»  аттағандар анықталды
ашық дереккөз
«Қызыл сызықтан» аттағандар анықталды

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси жағдайы жөнінде баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, алғашқы жартыжылдықта қала бюджеті трансферттерімен қоса алғанда, 34,1 миллиард 117,3 миллион теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілген. – Мемлекеттік бюджетке 21 миллиард 967,7 миллион теңгеге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 115 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 105,2, облыстық бюджет 106,4, қалалық бюджет 133,1 пайызға орындалды. Биылғы түзетілген қала бюджеті 71,7 миллиард теңге көлемінде бекітілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға жоғары. Оның ішінде қала бюджетінің өзіндік кірістері 18,7 пайызға ұлғайтылып, 13,1 миллиард теңге көлемінде түзетілді, – деп атап өтті Қайрат Әскербекұлы. Ал есепті кезеңде қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 15 миллиард 721,6 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 128,3 пайызды құрап отыр. Қаланы көркейту жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркем сурет галереясының, қолөнер шеберханалар орталығының, Руханият орталығының құрылыстары жүргізілуде. Осы аумақтан 26 бағытта жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің өтетінін ескере отырып, аталған «Арбат» аймағын айналып өту үшін Байзақ батыр көшесін кеңейту (Төле би даңғылынан Ташкент көшесіне дейін), Байтасов көшесін (Төле би даңғылынан Көшеней көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстары мен Көшеней көшесінен Аққозиев көшесіне шығатын жолдың құрылысы жоспарланып отыр екен. «Сонымен қатар Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап Қарахан кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен Көне-Тараз кешенінің маңында биіктігі 35 метрден тұратын Сағат стеласы орнатылатын болады», – деді баяндамашы. Жаңа 15-шағын ауданың 40 гектар аумақты құрайтын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру мен Оқушылар сарайының, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары бюджет есебінен, ал Неке қию және Салтанат сарайларының құрылыстары жеке инвесторлар есебінен жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні облыс орталығында «қызыл сызық» ережесін бұзып, құрылыс жүргізген нысандарды анықтау жұмыстары қатаң бақылауға қойылып отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Атап айтқанда, 2018 жылы аталған нормаларға сай келмейтін 26 нысан анықталса, оның ішінде 5 нысан бойынша тиісті құжаттар соттың қарауына өткізіліпті. Бір нысан бойынша (Желтоқсан көшесі 86 «А» мекен-жайындағы) сот шешімі бұзылып, 4 нысанның иелері өз еркімен заң бұзушылықпен салынған ғимараттардың бөлігін бұзып тастаған (Төле би көшесі 20 «А», Жансүгіров көшесі 1, Әйтиев көшесі 32, Төле би 12 мекен-жайындағы). Бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бүгінгі таңда қала көшелеріндегі жолдардың техникалық жағдайы анықталып отыр. – Жыл басындағы мәліметке сәйкес шаһарда коммуналдық меншікте тіркелген ұзындығы 996 шақырымды құрайтын 576 көше бар болса, жолдарды техникалық түгендеуден кейін жалпы ұзындығы 1531,09 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталды. Бүгінде қалада коммуналдық мекемелері газ және су құбырларын жүргізу барысында бүлдірілген жолдарды қалпына келтіруді қолға алды. Бұған дейін «Тараз су», «ТаразТрансэнерго», «ҚазТрансгазАймақ» мекемелерімен қала көшелерінде инженерлік құрылыс жұмыстырын жүргізу үшін жолдарды қазып тастаған. Мердігерлердің жүргізіп отырған жұмыстарына қала тұрғындарының арыз-шағымдарының көбейгені, қоғамдық көлік жолаушыларына қолайсыздық тудырғаны белгілі. Аталған жұмыстарды жүйеге келтіру үшін қоғамдық бақылаудың қажеттігін қалалық Мәдениет үйінде өткен тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде кеңесте хабарлағанмын. Қоғамдық бақылау мүшелері, әр аумақтың белсенді тұрғындары ендігі жерде мердігерден жұмыстың сапасын талап ете алатын болады, – деді қала әкімі. Облыс орталығында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектар алқапта 10 мың 300 отбасына арналған 280 көп қабатты үйді құрайтын 15-шағын ауданының құрылысы жүргізілуде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі орамдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, қазір 80 және 60 пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Қаланың қоғамдық-әлеуметтік жағдайы туралы кеңінен баяндаған қала әкімі журналистердің сауалдарына да жауап берді.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар