Экологиялық қауіпсіздік – ел экономикасы дамуының кепілі
- author «Ақ жол»
- 6 тамыз, 2019
- 484
Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап әлем елдері жедел өркендеу жолына түсіп, түрлі өнеркәсіптік өндіріс орындары көптеп салына бастады. Оның қоршаған ортаға антропогендік әсері де күшейе түсті. Өйткені оларға қажетті құрылыс материалдарын өндіру мен шикізат көздерін игеру үдерісі тікелей табиғатқа орасан зор залал келтіре отырып, жүргізілді. Соның салдарынан ауаға, суға, топыраққа бөлінген зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластай бастады. Табиғат жанашырлары қазір де мұның ертеңгі зардабының ауыр болатынын айтып, дабыл қағумен келеді. Табиғатқа жанашырлық қажет
Әлем ғалымдары ғаламдық экология мәселесіне айрықша назар аударып, 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарымен 5 маусым Бүкілдүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні етіп жарияланған болатын. Содан бері қарай табиғат жанашырлары адамзат баласының назарын қоршаған ортаға аудартуға тырысып, ауқымды іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырып келеді. Біздің елімізде де қоршаған ортаны қорғау саласы айрықша назарда. Арнайы экологиялық мемлекеттік комитеттің құрылуы соның нақты айғағындай. Бүгінде бұл құрылым табиғат пайдаланушылардың іс-қимылын жүйелеумен, мемлекеттік реттеумен, бірыңғай нормативтер әзірлеумен, қоршаған ортаның ластану дәрежесін анықтаумен түбегейлі айналысу үстінде. Сонымен қатар елімізде табиғатты қорғау саласында түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, халықаралық үкіметтік емес экологиялық «Грипис» ұйымы жұмыс істейді. Оның ішіндегі басты ұйым – мемлекеттік Энергетика министрлігінің экологиялық комитеті болып табылады. Одан бөлек, Аралды құтқару жөніндегі комитет, «Табиғат» экологиялық одағы, «Невада-Семей», «Каспий табиғаты» (Атырау), «Көкті сақтау», Ауқымды экологиялық қоры, «Жастар экология мен мәдениет үшін» азаматтық қозғалыстары, «Тау» орталығы (Алматы) және басқа да қоғамдық мемлекеттік емес экологиялық ұйымдар қазіргі таңда белсенді жұмыс істеуде. Жалпы экологиялық құқық бұзушылық орын алғанда, ең алдымен қоршаған ортаға, адамдардың өмірі мен денсаулығына, экономика мүдделеріне орасан зор зиян келтірілетіндігі белгілі. Бұл залал бірден байқалмай, ұзақ уақытқа созылуымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру әсте мүмкін емес. Ал әкімшілік жауаптылықтың басталуына әкелетін экологиялық құқық бұзушылықтың тізімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте белгіленген. Оған табиғи қорлардың, қоршаған ортаның ластануы, азаюы, бүлінуі, жойылуы, кәсіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да нысандарды жоспарлау, орналастыру, салу, қайта өңдеу және пайдалануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу жатады. Мұндай істерді соттар, ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау органдары қарастырады. Кінәлі жеке және заңды тұлғаларға ескерту беру, айыппұл салу және мүлкін тәркілеуге дейінгі жазалар көзделген. Экология саласындағы қылмыстар ел экономикасына ғана залалын тигізіп қоймай, адам тіршілігінің биологиялық негізін жояды.
Жер қойнауын заңсыз пайдалануға тыйым болса...
Түптеп келгенде, бүгінде қоршаған ортаны қорғау саласында қордаланған мәселелер жеткілікті. Соның бірі – жер қойнауын заңсыз пайдалану. Мәселен, облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрабаевтың айтуынша, биылдың өзінде аудандарда жұмыс істеген ықшам топтардың күшімен жер қойнауын заңсыз өңдеп жатқан 35 тұлға анықталған. Заңсыз игерілген кен орындарының электрондық картасы түсіріліп, оны пайдаланып келген тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты. Бұдан бөлек, биыл экологиялық құқық бұзушылыққа барған 7 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 139-бабының 1-бөлігіне сәйкес 1 322 750 теңге, ал кодекстің 140- бабының 2-бөлігіне сәйкес, 30 заңды тұлғаға 3 174 600 теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Сондай-ақ Сарысу, Талас, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарында жүргізілген рейдтік тексерулер барысында 6 заңсыз жер қойнауын өндіру дерегі тіркеліп, 6 табиғат пайдаланушы 883750 теңге айыппұл арқалапты. Қазіргі таңда бұл айыппұл сомасы толықтай өндірілген. Ал Мойынқұм ауданында 13 жеке тұлға, бұдан бөлек 3 кәсіпкерге жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны, мемлекетке келтірілген залалы үшін 966725 теңге көлемінде айыппұл есептелген. Заңсыз қазылатын орлардың ең көп тіркелген аумақтары қатарына Тараз қаласы, Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм, Байзақ аудандары жатқызылып отыр. Талас, Аса, Меркі, Шу өзендері бойынан және Бурыл, Аққұм, басқа да тау қыраттарынан құм мен шағал, шақпақтас өндіру тыйылмауда.
сортаң жерді кәдеге жаратудың жолы бар ма?
Екінші, бір алаңдатарлық мәселе – ауызсудың да, ағын судың да тапшылығы бар. Бүгінде ғалымдар жерасты су көздерінің ластануы мәселесі барын айтуда. Оның барлығы қоршаған ортаға тасталып жатқан күл-қоқыстар мен басқа да улы химиялық қалдықтардың салдарынан орын алып отырса керек. Климаттың жылынуы да адамзатқа қолайлы әсер етіп отырған жоқ. Арал теңізінің тартылуы, одан ұшқан тұздардың Солтүстік мұзды мұхитының тоңдарын ерітуі, жиілей түскен табиғи апаттардың бәрі климаттың өзгеруіне әкеліп соғуда. Қазіргі кезде адам басына шаққандағы су қорлары мөлшерінің өзгеру екпінінің жылдан жылға азаю жағына қарай ойысумен келе жатқаны да ешкімге құпия емес. Әсіресе Орталық Азия аумағында су қорларының тапшылығы өткір сезілуде. Орталық Азияда болжамдық мәліметтер бойынша су ресурстары осы жүзжылдықтың 20-шы жылдарының басында адам басына шаққанда қамтамасыз етуге жеткіліксіз болады (жылына 1-1,7 м3/адам), ал 40-шы жылға қарай олардың тапшылығы өткір сезіледі-дүр. Ғалымдарды сонымен бірге суармалы жерлердің өнімділігі жыл санап төмендеп бара жатқандығы да алаңдатуда. Оған бірден-бір себеп – топырақтың сортаңдануы. Дейтұрғанмен сортаңданған сілтілі топырақтарды химиялық мелиорациялау арқылы құрылымын жақсартып, құнарлылығын арттыруға да болады. Бұл тұрғыда Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА және Аграрлық білім берудің халықаралық академиясының академигі Нұрлан Балғабаевтың айтары бар екен. – Соңғы жылдары ғылым саласына тың идеялар мен жаңалықтар көптеп енгізілуде. Ғалымдарымыз да ізденістерін күшейткен. Облысымыздың жер көлемі үлкен болғанымен оның көп бөлігі игерілмей жатқаны белгілі. Су тапшылығынан Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында бұрынғы суармалы егіс алқаптары сортаңданып бітті. Оның үстіне сексеуілдер мен басқа да ағаштардың тұрғындар тарапынан аяусыз оталуы құм көшкінінің басталуына әкеліп отыр. Қазір аталған аудандардағы көптеген елді мекендердің айналасы қу тақырға айналып, құм ауыл ішіне дендеп еніп кеткені де жасырын емес. Осы мәселеге қарсы қолданылар шаралар Мойынқұм ауданында тиімді жүзеге асырылуда деп те айтуға болады. Бүгінде ондағы тоғандардың табаны тазаланып, бетон каналдардың жөнделуі егіс көлемін арттырып қана қоймай, жердің сортаңдануының алды алынып, тал-дарақтың, сексеуілдің тамыр жаюына да өз сепігін тигізері анық. Мұндай үрдісті өзге аудандар да қолға алса, жердің сортаңдануының ғана емес, жалпы экологиялық мәселенің де алдын алған болар едік, – дейді ол. Нұрлан Нұрмаханұлының айтуынша, сортаңданған жерді химиялық мелиорациялау барысында, мелиорант ретінде құрамында кальций катионы бар заттар қолдану арқылы да кәдеге асыруға болады. Мәселен, ондай мелиоранттарға гипс, кальцийлі хлор, дефекат (қант өндірісінің қалдықтары), фосфогипс (фосфор өндірісінің қалдықтары), күкірт қышқылы сынды заттарды қолдануға болады. Біздің өңіріміз жағдайында ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс болып табылатын көрінеді. Фосфогипстің құрамында кальций катионынан басқа, топырақ құнарлылығына тікелей әсер ететін, өсімдік пайдаланатын жылжымалы фосфор P2O5 бар. Мысалы, сортаңданған топыраққа 5 т/га мөлшерде фосфогипс, сондай ақ 120-150 кг/га мөлшерде фосфор тыңайтқышы қоса енгізіледі. Қазіргі кезде «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында 10 миллион тоннадай фосфогипс жинаулы тұр. Міне, соны ел игілігі үшін пайдалануға мүмкіндік бар. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әртүрлі топырақтарда жүргізілген зерттеулер негізінде, фосфогипсті сортаңдалған топырақтарда қолдану технологиясын әзірлепті. Бұл технология негізінен, күзде егінді жинап болған соң, топырақтың сортаңдығы мен сілтілігін анықтау мақсатында топырақ үлгілерін химиялық сараптамаға алуды және жерді 25-30 сантиметр тереңдікке жыртуды қарастырады. Жыртылған жерге жаппай жауын-шашын жауар алдында, есептеген мөлшер бойынша фосфогипс енгізіледі. Фосфогипсті топырақ бетіне біркелкі енгізу үшін РУМ – 5 немесе 1 – РМГ – 4 қолданылады. Топыраққа енгізілген фосфогипс жауын-шашын суында еріп, топырақтың сіңірімділік кешеніндегі натрий немесе магний катионын ығыстырып, оның сортаңдығын төмендетеді екен.
Суармалы алқап көлемін арттыруға мүмкіндік бар... Бүгінгі күні Қазақстандағы суармалы жерлердің ауданы шамамен 1,4 миллион гектарды құрайды (Өзбекстанда ол 4,2 миллион гектар), бұл ауыл шаруашылығын дамытуға және мақсаттарына сәйкес республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ол 1991 жылы 2,3 миллион гектарды құраған екен. Қазіргі таңда 1 миллион гектар суармалы жер пайдаланылмай жатыр. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары жөніндегі комитет Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есептері мен зерттеулерінің негізінде 610 мың гектар аумаққа бұрын алынған суармалы жерлерді қалпына келтіруді және 1,5 миллион гектар аумақты жаңадан енгізуді жоспарлап отыр. Республиканың ирригациялық аумағын 3,5 миллион гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Еліміз өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылық-суландыру және дренаждық жүйелерді және басқа да қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік кешенді қайта құруды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің кірістілігін едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін тамшылатып, топырақ астымен және майда дисперсті және дискреттік суару телімдерін орналастыру ойластырылуда. Аталмыш ғылыми-зерттеу институтының басшысы сортаң жерлерді азайтып, суармалы егіс көлемін арттыру өңір экологиясын жақсартудың бір жолы ретінде қарастырылуы тиістігін айтады. Оның ішінде желмен қала маңына бейберекетсіз көтеріліп, сол маңайдағы аулаларды шаңға көміп отырған «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында жинаулы тұрған фосфогипс күлін сортаңдануға қарсы пайдаланудың мезгілі пісіп жетілді десе де болады. Бір жағы қала маңы артық күл-қоқыстан арылтылса, екінші жағынан сортаңданған жердің құнарлылығы арттырылып, ол жерден алынар азық-түлік қорын молайтуға да жол ашылмақ. «Сондай-ақ қала шетіндегі су көздеріне құйылып жатқан кәріз суларын да тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалана алмай отырмыз» дейді ғалым. Қытайлық инвесторлар дәл осы кәріз суын кәдеге асыратын зауыт салуға да ниетті көрінеді. Отандық ғалымдарымыз да кәріз суын тыңайтқыш ретінде пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары өнімін молайтуға болатындығына сенімді. Олар бұл тұрғыда тиісті зерттеу жұмыстарын да жүргізуде екен.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді