Жамбылда орташа жалақы – 85 мың теңге

Жамбылда орташа жалақы – 85 мың теңге
ашық дереккөз
Жамбылда орташа жалақы – 85 мың теңге

Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл елімізде бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 13,5 пайызға өскен. Маусым айындағы көрсеткіш 124 мың 780 теңгені құрап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті. Экономикалық жағдайына қарай ірі қалалар мен өңірлер бойынша бұл сома әртүрлі әрине. Ел ордасы – Астанада – 182 мың теңге болса, Алматыда – 158 мың. Ең жоғары жалақы батыс аймақтарға тиесілі болып отыр. Мәселен, маңғыстаулықтар айына 222 мың теңге, атыраулықтар 221 мың теңге еңбекақы алады екен. Ал Солтүстік Қазақстан облысында орташа айлық жалақы мөлшері 85 мың теңгені, Қостанай облысында – 92 мың теңгені, Алматы облысында – 94 мың теңгені, Жамбыл облысында – 85 мың теңгені құрапты. Мұның себебін комитет төрағасы былай түсіндіреді: «Ауылшаруашылығы өндірісі басым өңірлерде, жалақы мөлшері ел бойынша орташа деңгейден айтарлықтай төмен». Өсу бар жерде табиғи өсім де болады. Жыл басынан бері Қазақстан халқы 124 мыңға немесе 0,7 пайызға артқан. Статистикаға сүйенсек, өткен жылғы 1 шілдеден бері халық саны 256 мыңға, яғни 1,5 пайызға көбейіп, 17 миллион 284 мың адамды құраған. Әлихан Смайыловтың айтуынша, оның – 9 миллион 523 мыңы ( 55,1 пайыз) қалалықтар, 7 миллион 761 мыңы (44,9 пайыз) ауыл тұрғындары. Ал 2014 жылғы қаңтар-маусым айларында 2013 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,2 мың адамға (6,9 пайызға) өсіп, 126,4 (118,2) мың адамға жеткен. «Әр 1000 адамға шаққанда халықтың табиғи өсімі 14,75 (14,00) адамды құрап отыр», – деді Ә. Смайылов.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол»

Ұқсас жаңалықтар