Әзірге екі мектептің басшысы орнын босатты.
Ауданда өткен оқу жылында 842 оқушы мектеп бітірді. Олардың 692-сі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Түлектердің тестілеуден жинаған орташа балы – 65,4. Былтырғы меже 86,3 балды құрап, облыс бойынша бірінші орынды иеленген еді. Биыл көштің соңында қалып отыр. Мұның себебі неде?
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, биыл ҰБТ-да 56 мектеп бітіруші 100-ден жоғары балл алыпты. 692 талапкердің 135-і екі деген баға алған. Үздік аттестаттан үміткер 8 оқушының үмітті ақтамауы, «Алтын белгі» төсбелгісінен үміткер 27 оқушының 5-еуі ғана өз білімдерін дәлелдеуі тестілеуге дайындықтың тиісті деңгейде жүргізілмегенін көрсеткендей. Тіпті, аудан көлемінде шәкірттері тестілеуден өте жақсы нәтиже көрсеткен №2, №1 орта мектептер және Абай, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептердің көрсеткіші бұл жолы Қызылшаруа мен Бірлес мектептерімен салыстырғанда төмен (Қызылшаруа мен Бірлес мектептерінің көрсеткіші ҰБТ-да төмендеу болып келген). Аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева биылғы сынақ аудан педагогтарына сабақ болғанын айтады. «Тестілеудің қорытындысы бойынша 20 маусымда кеңейтілген алқа мәжілісін өткіздік. Оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда жіберген кемшіліктері үшін үш мектеп директорына ескерту, тоғызына сөгіс, бесеуіне қатаң сөгіс бердік. Подгорный және Октябрьшаруа орта мектептерінің директорлары Л.Кентаева мен Б.Өтебаев орнынан босатылды», – дейді ол. Тестілеу қорытындысы басшыларға ғана емес директордың орынбасарларына да, пән мұғалімдері мен бірлестік жетекшілеріне де таяқ болып тиіпті. Аудан бойынша ҰБТ-ға жауапты мамандардың жұмысына сараптамалық талдау жасалып, 57 ескерту, 82 сөгіс, 8 қатаң сөгіс беріліпті. Жүргізілген талдау-тексеру жұмыстарының нәтижесінде кемшіліктің негізгі себебі анықталды. Мамандардың айтуынша, барлық мәселе талапкерлердің ұялы телефонның көмегіне сүйеніп, тестке дұрыс дайындалмағандықтарында. Бірінші лекте сынаққа қатысқан 396 мектеп бітірушіден 480, екінші лекте 296 түлектен 559 қалтафонның алынып қойылуы осы сөзіміздің нақты дәлелі бола алады. Қалай десек те, ҰБТ-да орын алған олқылықтар ата-анаға да, ұстаздарға да сабақ болды. Тестілеуді өткізуге бақылау күшейтілгенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Енді биылғыдай «көзсіз ерлік» жасайтындар азаятыны анық. Жалпы, барлық тестілеу өткізу пунктінде ұялы телефон дыбысын тұншықтырғыш құралдары мен техникалық-бақылау қондырғылары орнатылатыны белгілі. Бірақ, сырт көз сыншылар бұрынғы бақылау тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтады. Білім саласында бірнеше жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан білікті педагог (аты-жөнін атамауды сұрап) былай дейді: «Шынын айту керек, өткен жылы мұндай қатаң бақылау болған жоқ. Бәлкім, сондықтан шығар біздің аудан ҰБТ-дағы көрсеткіші бойынша облыста бірінші орынға шыққаны. №2 орта мектептің жертөлесінде және саз мектебінің ғимараты ішіне ҰБТ сұрақтарын байланыс құралдары арқылы қабылдап, сынаққа қатысушыларға дайын жауап жазып отыратын «бункерлер» туралы естуіңіз бар шығар? Бақылау қатал болмаса, түлектер сондай көмекке сүйеніп, тестілеуге дұрыс дайындалмайды. Талаптың қатаң болғанын құптаймын, бірақ биылғы бақылаушылар аудиториялардағы кондиционердің жұмысын алдын ала тексеріп алмай, асыра сілтеп жіберген. Ал мұндай жағдайлар бала психологиясына кері әсер етеді». «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Биылғы сынақтың нәтижесіне тереңірек үңілсеңіз көп жайды аңғарасыз. Мәселен, білім бөлімі берген мәліметте аудан көрсеткіші 65,4 балл болса, 14 мектеп одан төмен нәтиже көрсеткені, 4 білім ошағы: М. Әуезов, Ы.Алтынсарин, Алғабас және Абай атындағы орта мектептер көштің соңында қалғаны жазылған. Алайда, 20 маусымда өткен алқа мәжілісінде бұл мектептердің басшыларына кеңшілік жасалып, оларды орнынан қозғамаған. Қайта, ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген Қызылшаруа мен Бірлес орта мектептерінің директорларына «ескерту» беріліп, бітірушілері екілік алмаған Подгорный орта мектебінің директорын орнынан алып, оның орнына аудандық деңгейдегі орташа көрсеткішке де іліге алмаған (61,2 балл) Қорағаты орта мектебінің директоры Ы.Омаровты тағайындаған. Ал 48,7 балмен жылды қорытындылаған М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры К.Өскенбаевты орнынан да қозғай алмаған. Ол аз десеңіз, осы сынақта 22 оқушысы екі деген баға алған №2 мектептің директоры мен 17 баласы екі алған №1 мектеп басшысы тек «сөгіс» алумен шектелген. Мұны қалай түсінуге болады? Облыс басшыларының талабы бойынша «қатаң сөгіс» алған 8 мектеп директоры орындарын әлдеқашан босатуы тиіс еді. Бірақ, іс жүзіндегі жағдай басқаша. Бұл «жауырды жаба тоқу» болмасын. Бір ауданның жауапты мамандары 82 «сөгіс» алған. Бұл жайт облыстық білім басқармасы басшысының назарынан тыс қалмаса керек-ті. Енді бірер аптада жаңа оқу жылы да басталады. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бір шешім қабылдануы тиіс.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді