Бүгінде табыс пен тұрмыс сапасын арттырудың, әлеуметті әлеуетті етудің кілті – жаппай кәсіпкерлікті өрістету күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіруге тиіс. Өңір кәсіпкерлері бұл мәселеде қаншалықты әлеуетті? Кәсіпкерлік ісі өрістетілуіне қолбайлау болып отырған мәселе не? Жеке тұлғалар арасындағы бұл іске деген құлшыныс қандай? Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауовпен арадағы сұхбатымыз, міне, осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Бұл ретте ауылдықтарға қандай қолдаулар көрсетілуде? – Мемлекет алдында ауылдық жерлерде тұратындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі тұр. Қазіргі уақытта мұны шешу мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, нақты іс жүзіне де асырылу үстінде. Олар – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті, Аграрлық өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары. Соңғы аталған бағдарлама агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есеге арттыруды қарастырады. Бұл мақсатқа саланы субсидиялау жолымен қол жеткізілмек. Осыған байланысты бүгінде АӨК-ті субсидиялаудың 16 түрлі бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал өнімдері өнімділігі мен сапасын арттыру, өсімдік шаруашылығы (тыңайтқыш, тұқым, гербицидтер бағасын арзандату), инвестициялық салымдар (техникалар мен жабдықтар алу, нысандар құрылысы), несие мен лизинг сыйақыларының пайыздық мөлшерлемесін төмендету бағыттары басымдыққа ие болып отыр. Яғни бүгінде ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысқысы келетіндерге негізгі және айналым қаражаттарын алуға мемлекет тарапынан 4-6 пайыздық жеңілдікпен несие де беріледі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын лизингке алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Кепілдікпен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекет кепілдікті қамтамасыз ете алады. Кәсібін бастаушылар одан әрідегі қызмет бағыты бойынша субсидия түрлеріне де ұсынылады. Мысалы, егін шаруашылығында өңіріміз үшін басым бағыт болып табылатын қант қызылшасын өсірумен айналыссаңыз, тыңайтқыш, гербицид және тұқымның 50 пайызының мемлекет тарапынан орны толтырылады деп есептей беріңіз. Негізінен субсидиялауда басым бағыттағы салаларды дамыту көзделген. – Өңірлік палатаның ауыл шаруашылығын дамытудағы рөлі қандай? – Палата өзі құрылған сәттен бастап агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен бірлесе қарекет етіп келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында 16 мыңнан астам нысан бар. Олар негізінен уақ фермерлік шаруашылықтар болып табылады. Палата жанындағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» олар үшін бухгалтерлік, құқықтық, сондай-ақ қаржы институттарына дейінгі сүйемелдеу мәселелері бойынша тегін қызметтер көрсетеді. Бұдан тыс «Білім мен ғылыми ізденістердің қолжетімдігі» деген бюджеттік бағдарламаның (267) «Агроөнеркәсіптік кешені нысандарын қайтарымсыз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» (100) кіші бағдарламасы аясында біз жыл сайын облыс шаруалары арасында түрлі бағыттарда семинарлар да өткіземіз. Ағымдағы жылы осындай 7 іс-шара қарастырылған. Палата күшімен облыстық деңгейде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін шекті мөлшерде қосымша дақылдар егіп-өсіруге оқыту мен сүйемелдеуге арналған агроөкілеттілік орталығын құру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш орталықты ашудағы мақсат – кәсіпорындарға сарапшылар тарту және жер игеру ісіне инновациялық агротехнологиялық үдерістерді сервистік дәлдікпен қолдана қызмет көрсету жолымен жоғары өнімді дақылдарды өсіруде нақты тәжірибе түріндегі сүйемелдеу шарасын тарату. Жобаларды сүйемелдеудің бірқатар мысалдарын келтіре кеткіміз келеді. Жемдік жүгері егіп өсіру ісін сүйемелдеуге арнайы маман алған ет бағытындағы құс фермасы «Әулиеата» ЖШС Түркиядан әкелінген астық тұқымын қолданған және технологиялық карта талаптарын сақтаған жағдайда әр гектардан 140 центнерден өнім алынуына қол жеткізетін болады. Ал облысымызда статистикалық мәлімет бойынша дәндік жүгерінің орташа түсімі гектарына 61, 6 центнерді құрайды. Бұдан басқа, палата тарапынан облыс орталығына жақын «Агроиндустриялық аймақ» аумағынан шағын жылыжайлар құрылысын салу және жеміс-жидек дақылдарын егіп өсіру үшін жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілуде. «Агроиндустриялық аймақ» құру жобасын «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ-мен бірлесе жүзеге асыру көзделген. – Палатаға қай саланың өкілдері жиі қайырылады? – Бізге негізінен мемлекеттік бағдарламалардан хабардарлығы аз немесе несиелер, субсидиялар алуға ниетті ауыл шаруашылығы саласындағы орта және шағын кәсіпкерлік нысандарының өкілдері жиі келеді. Мамандарымыз олардың несие қаражатын алуы үшін толық сүйемелдеу көрсетіп, екінші деңгейлі банктермен, «ҚазАгро» -ның серіктес ұйымдарымен бірлесе әрекет етеді. Субсидиялау ісінің толықтай электрондық жүйеге көшуіне байланысты көптеген шаруалар тапсырыс беру кезінде түрлі мәселелермен де бетпе-бет келіп жатады. Аталған мәселені оңтайлы шешу үшін біз тапсырыстарды рәсімдеу ісінде көмек көрсетуге аудандық филиалдарды да қосамыз. – «Бастау» жобасы жөнінде тарқата айтып өтсеңіз... Қанша ауыл тұрғыны оқытылумен қамтылды? Олар бизнестің қандай түрін ашуда? – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясындағы «Бастау Бизнес» оқыту жобасының операторы болып табылады. Бұл жоба кәсіпкерлік негіздерін оқытып үйретуге, ауыл шаруашылығы кооперативтері ұстанымдарын қалыптастыруға, сондай-ақ қатысушылардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Оқыту мерзімі 25 күнге, бизнес-жобаларды сүйемелдеу 12 айға есептелінген. Бағдарлама шарты бойынша қатысушылардың 20 пайызы өздерінің жеке ісін ашуға тиіс. Жұмыссыздық және өзін-өзі жұмыспен қамту, кәсіпкерлік әлеуеті болуы және аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде тұруы қатысушылардың кәсіпкерлік ісін оқып үйренуіне негіз болуда. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытумен қамтылғандарға 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы да төленеді. Бүгінде барлық аудандар жоғары білікті бизнес-жаттықтырушылармен қамтамасыз етілген. 2017 жылы – 1125, 2018 жылы – 1745, 2019 жылы 1200 тыңдаушы оқытылды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында оқытып үйретуге қосымша қаражат бөлінді. Бұл тұрғыда 900 тыңдаушы қосымша оқытылуға тиіс. – Қанша кәсіпкерлік нысанына қызмет көрсету жүзеге асырылды? – «Бизнестің жол картасы -2020» бірыңғай бағдарламасы аясында облыстың 10 ауданында, оның ішінде Жаңатас, Қаратау моноқалаларында, сондай-ақ кіші қала Шуда «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жұмыс істейді. Міне, осы орындардан кәсіпкерлер мен кәсіпті жаңа бастаушы тұрғындардың кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау тетіктері, сондай-ақ тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділіктің арттырылуы мен жалпы өңір кәсіпкерлігі дамытылуына көмек көрсету тұрғысында ақпараттық қамтамасыз ету қызметтерін алуына мүмкіндіктері бар. Айта кетейік, 2019 жылы 1760 орта және шағын бизнес нысаны үшін 4804 кеңес беру ұйымдастырылды. Яғни жоспардың 56,2 пайызы орындалып отыр. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді