Шалғай аудан өнерпаздары әннен шашу шашты
Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында және облысымыздың 80 жылдығына орай облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласының «Жеңіс» саябағында «Жамбылым қандай тамаша!» атты мерекелік ән кеші жұма сайын жалғасуда. Өткен аптаның соңында Әулиеатаға артынып-тартынып мойынқұмдықтар жетті. Жазылбектің елінен жеткен әншілердің бір ерекшелігі сахнаға арнайы үлкен бильборд жасатып әкеліпті. Қақ төрінде: – Құралай сұлу жырының желісі болған, Мойынқұм, Зерделі, ойлы ұланның қонысы болған, Мойынқұм, Жолбарыс жортқан даланың иесі болған, Мойынқұм, – деп туған жерге деген шексіз құрметті байқататын әсерлі өлең жолдары жазылыпты. Концерт басталар сәтте К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков шалғай ауданнан өнер арқалап келген жастарға сәттілік тіледі. Мерекелік кеш «Мойынқұм» ән-би ансамблі бишілерінің орындауында «Қазақ биімен» ашылды. Келесі сәтте Назгүл Аман «Мен қазақпын» және «Алыстама», «Шіркін-ай» әндерімен көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Ержан Омаровтың орындауындағы «Адай» күйі көпшіліктің көңіл пернесін дөп басты. Осы орындаудағы «Әке арманы» әні де тыңдаушыларын тапты. Мұнан соң Төреби Жексенбек бірнеше жиынтық әндерді (попурри) шырқаса, Ақжан Мәмбеталиев орындаған шығармалар да жүректерге жетті. Төребидің Гүлгүл Тәтімовамен қосылып шырқаған әндеріне де тараздықтар ризашылықпен қол соқты. Қажымұрат Абдықадыров пен Нұрболат Шікетаев бебеулеткен әндер көпшілік назарын аударды. Еркебұлан Дүзелбай, Жайнат Қырықбайдың да өнері жұртшылықты тәнті етті. Мойынқұмдықтардың мерекелік концерті барлық әншілердің «Қазақстан» әнін қосыла шырқауымен мәресіне жетті. Шалғайдағы ауданда да тамаша талантты жас әншілер жетіліп, шыңдалып келе жатқанын байқадық. Мерекелік концерт әулиеаталықтарға әдемі әсер сыйлады. – Осынау мерекелік кешке Мойынқұм топырағынан арнайы келіп отырмыз. Біздің жас әншілер жаңарған «Жеңіс» саябағын аралап көріп, үлкен әсерге бөленді. Мұнда Мойынқұм ауданына да арнайы құрмет тақтасы бар. Мерекелік концертіміз де көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Тараздық көрермендерге алғыс айтқымыз келеді, – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаев.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді