«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңатаста жел электр стансасының қазығы қағылды

Жаңатаста жел электр стансасының қазығы қағылды
ашық дереккөз
Жаңатаста жел электр стансасының қазығы қағылды

Жаңатас қаласында қуаттылығы 100 МВт жел электр стансасы құрылысының басталу рәсімі өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров: – Бұл – Қытай мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық аясындағы алғашқы маңызды энергетикалық жобалардың бірі. Аталған құрылым елге, әсіресе облысымызға үлкен әлеуметтік және экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде. Станса жыл сайын 350 миллион киловатт/сағат электр энергиясын өндіріп, миллиондаған қазақстандықтардың электр қуатына деген сұранысын қанағаттандырмақ. Облысымызда орналасқан «жасыл экономика» саласындағы бірегей ауқымды жоба да осы, – деп атап өтті. Бұдан кейін Қытай Халық Республикасы елшілігі бас елшісінің орынбасары Мяо Хунбо, China Power International Development Limited бас директоры Тянь Цзюнь, Visor Kazakhstan серіктестігінің басқарушысы Алмас Чукин, Powerсhina International Group Limited компаниясының бас директоры Хао Юаньлинь секілді мүдделі тараптар өкілдері қатысуымен лентасы қиылып, жаңа стансаның ресми түрде құрылыс жұмыстары басталғаны жария етілді.

Қуаты 100 МВт-ні құрайтын станса жобасының басты құрылтайшыларының бірі China Power International Holding Limited (CPIH) бас компаниясы болып табылады. Оның сенімді серіктесі – Visor Kazakhstan. Құрылысы 2020 жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған бұл жобаның құны 130 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Жоба аясында қуаты 2,5 МВт болатын 40 жел энергетикалық блоктар мен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станция торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарлануда. Жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығының жағдайын жақсартып, инфрақұрылым мен өнеркәсіптік және тау-кен өндіруші кәсіпорындардың инвестициялары мен тиімділігін арттырады деп күтілуде. Сондай-ақ облыс экономикасы жобаны салу және пайдалану кезеңі ішінде айтарлықтай жақсаратын болады. Бүгінде жоба құрылысына 300-дей адам тартылса, оның ең жоғары кезеңінде 500-ден астам адам жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Бұл жергілікті жерлерде жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай арттырады және стансаны пайдалану кезеңінде жергілікті халық үшін ұзақ мерзімді тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етпек. Бұдан басқа, нысанға іргелес аумақтардағы шаруашылық қызмет те жандандырылады. «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС-ның басшылығы жергілікті билікпен кооперативтік әлеуметтік жауапкершілікті енгізу жоспарын іске асыру бойынша белсенді түрде келіссөздер жүргізуде. Жобаланған құрылысты салу мен коммерциялық пайдаланудан кейін компания облыстың инфрақұрылымына, денсаулық сақтау, халықтың әл-ауқаты, білімі мен қоршаған ортасына үлес қосуды жалғастыруды көздеп отыр. Салтанатты рәсім барысында облыста қуаты 100 МВт болатын жел электр стансасының тағы бір жобасын іске қосу үшін «Visor Kazakhstan» және «China Power International Holding» компаниясының басшылары меморандумға қол қойды. Жиын соңында «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС-ның бас директоры Гуо Кин мен атқарушы директоры Вадим Кулик аудандық орталық ауруханаға сыйға жедел жәрдем көлігін тапсырды.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар