Тараз қаласындағы жаңарған «Жеңіс» саябағында өтіп жатқан аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалауға шаһар тұрғындары көп жиналды. Бұл жолы мерейлі Меркі өңірінен келген өнерпаздар жақсы шығармаларды орындап, тараздықтардың жүрегіне жол табуға тырысты. Концерттік бағдарлама шымылдығы аудандық «Үміт сарайы» бишілер тобының «Шашу» биімен ашылды. Бұдан соң композитор Шәбден Омаралиевтың «Таразым» әнін Нұрғиса Ратаев пен Мадияр Шалабаев екі дауыста шарықтата шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Кейіннен Шолпан Орманқұлова мен Гүлнұр Құрамаева орындаған әндерді де тараздықтар жылы қабылдады. Олар Роза Әлқожаның «Қазағым», Бағлан Бәбіжанның «Сезім сыңғыры» әндерін жүректерге жеткізді. Камила Әбдібай мен Мөлдір Алтуовалар бірнеше шығарманы орындаса, Балайым Зарлық өз кезегінде Индира Елубаеваның «Алыстама» атты әнін қалыбын бұзбай көреременге жеткізе білді. Ұлжан Қойлыбекова бұл концертке Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл» әнін сайлап келген екен. Осы орындауда Ұшқын Жамалбектің «Гүлмін» әні де сәтті шықты деуге болады. Сұлтан Әуелбеков пен Нұрғиса Асанов орындаған шығармалар да көпшілікті бейжай қалдырған жоқ. Мұнан кейін меркіліктер Марат Омаровтың, Ринат Зайытовтың әндерін шырқап, көрерменнің алғысына бөленді. «Үміт сарайының» бишілері «Чарльстон», «Хорезм», «Үнді» билерін мың бұрала билеп, концерттің ажарын аша түсті. Іс-шараны әнші Тантай Ахметжанов жүргізіп отырды. Концерттік бағдарламада басқа да бірнеше ән шырқалып, тараздықтардың көңіліне әдемі әсер сыйлады. Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында және облыстың 80 жылдығына орай өткізілген концертті Меркі ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелеев қорытындылап, облыс орталығының концертті тамашалауға келген тұрғындарына алғысын білдірді. Аудан өнерпаздарынан келетін өнер керуені алдағы аптада да жалғасады. Алдағы жұма күні мойынқұмдық өнер иелері өз өнерлерін ортаға салады. «Жамбылым – қандай тамаша!» атты бұл іс-шараның апта сайын өтуі – өнерсүйер қауымның олжасы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жайлы мектептердің құрылыс барысын тексерді
- 10 қыркүйек, 2024
Аймақта 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді
- 3 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді