Сыбайлас жемқорлықтың жолын кес

Сыбайлас жемқорлықтың  жолын кес
ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлықтың жолын кес

Сыбайлас жемқорлық кез-келген мемлекет үшін үлкен қатер болып табылады. Сондықтан, онымен күрес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Осы себептен, елімізде 1998 жылдың 2-шілдесінде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданып, бұл бағыттағы жұмыстар осы заңның аясында жүргізілуде. Жыл басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ең маңызды жәйттердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес екендігін ерекше атап көрсетіп, ішкі істер органдары қызметкерлері жоғары біліктілігімен, тәрбиелілігімен ерекшелену керектігін міндеттеді. Ішкі істер органдарының басты бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу болып саналады, себебі біздің міндеттерімізге азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кіреді. Ағымдағы жылдың алты айында ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына ІІО қызметкерлеріне қатысты 571 шағым түсті. Осыған қатысты жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде 65 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 16 адам қызметінен босатылды. Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күресті тек жазалау әдістерімен ғана жүргізуге болмайды. Демек бұл бағыттағы жұмыс жан-жақты әрі кешенді жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, алдымен сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдайларды жою қажет. Осыған байланысты парақорларды анықтап, оларды сотқа тарту шараларымен шектелмей, жаңа құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкіндіктерді қолдану да маңызды. Облыстық ішкі істер департаментінің барлық полиция бөліністері мен бөлімшелерінде полиция қызметкерлерінің жасаған жемқорлық құқық бұзушылығы туралы хабарлауға болатын сенім телефондары көрсетілген ақпараттар ілінген. Департаменттің ғаламтордағы сайты арқылы да тұрғындардың сауалдарын қойып, жауап алуларына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, департамент басшылығы азаматтарды жеке сұрақтармен де қабылдап, олардың келтірген уәждері толық тексеріліп, заңда көрсетілген мерзімге сай жауап беріледі. Бұл тақырыпта семинар-сабақтар, жедел кеңестер және жеке құрам арасында Заңның талаптары түсіндіріліп отырады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте жеке құрамды жасақтау жұмысы да ерекше маңызға ие, осыған байланысты департамент басшылығы ішкі істер органдарына жұмысқа кіргісі келетін үміткерлерді қатаң іріктеуден өткізеді. Атқарылған шаралар кешені сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге мүмкіндік беріп, заң бұзушылықтардың жолын кеседі деген сенімдеміз.

Байжан БАЙГЕЛДІ, Облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі.

Ұқсас жаңалықтар