«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Желаяқ жақсылық жарады

Желаяқ жақсылық жарады
ашық дереккөз
Желаяқ жақсылық жарады

Жақсылық Мамырбекұлы газетіміздің 22 маусымдағы санында жазғанымыздай, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған әлемдік додаға барып, бақ сынап қайтты. Халықаралық ХХХ марафонға дүниежүзінің 68 елінен үміткерлер келсе, бір ғана Ресейдің өзінен 81 өңірдің жүгірушілері қатысқан.
Бұл – салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтарды дене шынықтыруға, спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, халықаралық достық қарым-қатынасты нығайту, спорттық байланыс пен туризмді одан әрі дамытып, үздік марафоншыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде өткізіліп тұратын дүбірлі дода.
Санкт-Петербург орталығынан басталған марафон әлемге әйгілі сәулет және тарихи ескерткіштердің бойындағы көшелер арқылы жүріп отырды. Онда 42 шақырым 195 метрлік және 10 шақырымдық арақашықтықты ерлер мен әйелдер екі бөлек жүгіріп өтті.
Жақсылық Мамырбекұлының айтуынша, өзі бақ сынаған 10 шақырымдық марафонға он мыңнан аса үміткер қатысқан.
Аталған ұзындықты 24 жастағы Александр Яремчук жарты сағатта бағындырып, жеңімпаз атанды. Ал біздің жеңіл атлет бұл арақашықтықты 56 минутта жүгіріп өтіп, алғашқы жүздікке ілінген. Егер қос жүгірушінің жас шамасын алар болсақ, қазақстандық желаяқ Сашадан 41 жасқа үлкен екен. Бұл дегеніміз – Жақсылық ағаның әлі де тың, сайысқанын шаң қаптыра алатын керемет жүйріктігін көрсетсе керек.
Келесі кезекте қария тамыз айында көршілес елдің Омбы қаласында өтетін халықаралық жарысқа қатысуды көздеп отыр. Оған енді демеуші табылса игі. Себебі «Ол сайысқа қатысу-қатыспау қаражатқа келіп тірелері сөзсіз», дейді өзіне сенімді жамбылдық марафоншы.

Альмира ОМАРОВА

Ұқсас жаңалықтар