«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылда «Абсент» фильмі түсіріледі

Жамбылда «Абсент» фильмі түсіріледі
ашық дереккөз
Жамбылда «Абсент» фильмі түсіріледі

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында біздің өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен өткізілген баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жан-жақты баяндады.

Басқарма басшысы айтып өткендей, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен биыл мәдениет саласында 6 жаңа жобаның жүзеге асуы көзделген. Оның барлығына қаржы қарастырылған. Атап айтқанда, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық дәстүрлі ақындар айтысы биыл жаңа сипатта жалғасын тауып, әр ауыл, аудандарда іріктеу өткізіліп, 31 айтыскердің облыстық іріктеу айтысында жолдама алғаны белгілі. Облыстан озып шыққан 8 ақын Таразда өткен республикалық айтыста бақ сынап, жерлесіміз Қанат Мырзахан бас жүлдені иеленген. Сол Қ.Мырзахан кеше ғана Астана күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген республикалық айтыста да бас жүлдені алды. Бұл Жамбылда айтыс мектебінің өскенін көрсетсе керек. Демек, жоба жемісін берді. Сонымен қатар «Әулиеата бояулары» бірінші халық шығармашылық фестивалінде облыстан 300 суретші мен фототілшілердің альбомдары сараланып, үздік 80 шығарма Таразда жаңадан салынып жатқан «Шахристан» көрме залына қойылатын болады. «Көне Тараз күмбірі» атты жаңа жобаның да облыстық іріктеуі өткізіліп, үздік 6 ансамбль республикалық кезеңге қатысып, өнерлерін шыңдады. Осы фольклорлық ансамбльдерімізге қазірдің өзінде Бразилия мен Малайзиядан шақыртулар түсіпті. Сондай-ақ «Ғибратты өнер керуені», «Талас толқындары», «Тараз симфониясы» фестивальдері де өздерінің жемісін беріп отыр екен. Дүйсенәлі Дыбысалыұлы облыстың 80 жылдығына орай «Тараз мұралары» сериясымен көптомдық кітаптар шығатынын да мәлімдеді. Бұл орайда «Тарихи танымдық ғылыми-зерттеу» және «Халық шығармашылығы» атты екі топ құрылыпты. Басқарма басшысы облыстық қазақ және орыс драма театрларының, облыстық филармония мен музейдің, кино орталығының нәтижелі жұмыстарына тоқталды. Былтыр кино орталығы «Сағым» атты фильм түсірсе, алдағы уақытта «Қызғалдақтар» және «Абсент» фильмдері түсіріледі деп жоспарлануда. Өңірдегі мәдениет саласының басшысы «Жаңа Жібек жолы» жобасы мен Талас құрылтайының 750 жылдығына орай өңірімізде өтетін ғылыми-тәжірибелік конференция туралы да айтып берді. Жиын соңында Дүйсенәлі Бықыбаев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар