«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біз азаматтардың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз

Біз азаматтардың тағдырына  ешқашан бейжай қарамаймыз
ашық дереккөз
Біз азаматтардың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз

 width=Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған, Сирия еліндегі қақтығыс ошағынан қандастарымызды елге әкелуге бағытталған «Жусан» операциясы сәтімен жалғасуда. Бұл Елбасымыздың әлемдік саяси сахнадағы биік беделі мен мемлекетіміздің келісімшіл ниеті, тұрақтылық қағидаты арқасында іске асырылды. Ұлт тағдырына, ел ертеңіне бағытталған осы шара жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб-мүфти, белгілі дінтанушы Алау Әділбаевпен тілдескен едік. Әңгімеміздің ауаны былай өрбіді.

– Қазақстан тарапы Сирия еліндегі соғысты доғару және ол мемлекетте татулық пен келісім орнату барысына айрықша атсалысқаны есімізде. Бұл сөзімнің бірден-бір айғағы ретінде Сириядағы жағдайға орай соңғы екі жыл бойы өткізілген Астана процесінің 11 раундын атап айту керек. Бұл келіссөздер Сириядағы көп аймақта тыныштық орнатуға, қантөгістің тоқтауына ықпал еткені рас. Әңгімемізді осы оқиғалардың жалғасы іспеттес «Жусан» операциясының алғашқысынан бастасақ... – Дұрыс айтасың. Алайда сөз басында халықаралық терроризм дертімен күрес ісі еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы абыроймен тәмамдалған қызметімізде де айрықша орын алғанын айтуға тиіспіз. Ал операцияға келсек, бұл толық гуманитарлық сарынмен ұйымдастырылған шара болды. Мұның сәтімен өтуіне еліміздің бірқатар құзырлы мекемелері, өзге де шет елдер және әлемдік деңгейдегі ұйымдар атсалысқанын да білгеніміз жөн. «Жусан» операциясы бірнеше айға созылды. Оны жүргізуде арнайы мамандар көптеген қиындықтарды бастарынан өткерді. Осы ретте «Елге оралған діндарлардан айналасына қауіп-қатер жоқ па?» деген сұрақтың туатыны да анық. Иә, алғашқы «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер кісі, 11 әйел және 30 бала қайтарылды. Бүгінде олардың ішінде 6 ер адам мен 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар елге жеткізілген өзге азаматтар экстремистік іс-қимылдар тұрғысынан жан­-жақты тексерілу үстінде. Егер мұндай оқиғалар дәлелденетін болса, әлбетте қылмыстық жауапкершілік шараларына тартылады. Сөз орайында айта кетейін, осы уақытқа дейін басқа елдегі діни соғыс ошағынан келген адамдардың 40 пайызға жуығының ғана кінәлі екендіктері анықталып, жазаға тартылған. Десе де осы жолғы мақсат та, мүдде де өзгеше. Себебі бізді алаңдатқаны балалар еді. Оларды атажұрттарына толық жеткіздік. – Жер бетіндегі экстремистік жиһадшыл ұйымдарды Ирак пен Сирияға шақырып, халифат құруға ниеттенген «Ислам мемлекеті» атты террорлық ағым жеңіліс тапты. Біріккен коалиция күштері мен Ирак пен Сирияның армиялары оларды басып алғанын жаһанға жария етті. Десе де мұнымен соғыс біте қойған жоқ. Әлі де түйіні тарқатылмаған ғаламдық мәселелер жетерлік. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен Елбасының «Жусан» операциясы жалғасын тапты. 7-9 мамыр аралығында тағы да бір топ қандасымыз қақтығыс аймағынан елге қайтарылды. Осы оқиға жөнінде не айтасыз? Екінші операцияның ел мүддесі үшін қандай маңызы бар? – Сирия топырағынан бұл операция барысында 230-дан аса қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала Отанына жеткізілді. Соңғысының 18-і жетім жеткіншек екен. Сонымен қатар 59 әйел бар. Бұл егемен әрі жас мемлекет үшін халықаралық қауымдастық алдындағы салмақты іс болды. Сонымен қатар еліміз өз адамдарының тағдырына немкетті қарамайтындығын тағы бір дәлелдеді. Біз әлем елдеріне татулығымыз бен бірлігіміз арқылы танылғанбыз. Ал Еуропа мен әлемнің кей елдері Сирияға аттанған азаматтарын қайтару немесе бас тарту туралы нақты шаралар қабылдаған жоқ әлі. Сондықтан «Жусан» операциясы Қазақстанның жауапкершілігі мен беделін тереңдете түсті. Осы орайда, мұндағы басты мүдде дін де, лаңкестік те емес, адамдарымыздың тағдыры мен амандығы екенін айту керек. Тағы бір нәрсеге баса назар аударған жөн: біз «Жусан» арқылы өз қандастарымызға жаңа өмірді басынан бастауға мүмкіншілік бердік. Халықаралық радикализацияны зерттеу орталығының былтырғы мәліметінше, содырлардың қатарын әлем елдерінен 41 490 адам толықтырған. Мұның 13 пайызын әйелдер құраса, 4600-дейі – жеткіншектер мен жас қыздар. Ал мұның көбісі Еуропа мемлекеттерінен. Міне, Еуропа елдерінің билігі осы азаматтарынан бас тартуда. – Көзқарастары бүлініп, саналары уланған сол азаматтардың ендігі тағдыры қалай болады екен? Олар зайырлы қоғамның мүшесі ретінде өмір сүре ала ма? – Әрине, олардың қоғамның толыққанды азаматы болуына барынша мүмкіндік беріледі. Айталық, арнайы оңалту орталықтарында кәсіби психологтер мен теологтер тарапынан қалыптасу үшін жәрдем беріледі. Бізде деструктизм мен радикализмнің құрылымдарын танитын, жат ағымдықтармен жұмыс істей алатын, ислам ақидасын дәстүрлі арнаға тарта алатын кадрлар баршылық. Тек бұл шараларды жүргізуге уақыт керек. Ал райынан қайтпайтын немесе қылмысы бар азаматтарды еліміздің құқық қорғау органдары нақты факторлар бойынша назарларына алып, тиісті шаралар қолданылады. Қандай адамның болса да адамзат алдында жасаған кінәсі жауапсыз қалмауы тиіс деп білемін. «Жусан-2» операциясымен елге келгендер туралы айтсақ, олар бүгінде Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орналастырылған. Қандастарымызбен сауатты, білікті мамандар мен теологтер үзіліссіз жұмыс жүргізеді. Жат пиғылды ұйымдардың жетегінде кеткендерге, санасы уланып, алданып қалғандарға бірінші психологтің көмегі керек. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы шаралардың оң нәтиже беріп жатқандығын білгеніміз жөн. Биылғы қаңтарда елімізге қайтарылған әйелдердің дені радикалды көзқарастарынан айығып, азапты өмірлерінен бас тартты. Тіпті жұмысқа орналасып, туыстарының ортасына қосылды. Балалары мектеп табалдырығын аттап, балабақшаға барып жүр. – «Жусанның» алғашқы екі операциясы туралы жан-жақты әңгімелеген сияқтымыз. Енді 28-31 мамыр күндері орындалған «Жусан-3» туралы білсек. Осы операциямен Сириядағы қандастарымызды елге қайтару шаралары аяқталған болар? – Иә, жат топырақтағы қақтығыс аймағында ешқандай қазақстандық қалған жоқ. Соңғы шара барысында 67 әйел, 171 бала Отанына қайтарылды. Өкінішке қарай, ол балалардың 9-ы жетім қалыпты. Яғни әке-шешелері соғыс даласында опат болған. «Жусан-3» Сирия жеріндегі Қазақстан азаматтарын елімізге әкелу бойынша жүргізілген кешенді гуманитарлық операцияның қорытындысы болды. «Жусан» шеңберінде туған жеріне жалпы саны 516 адам жеткізілді. Оның 357-сі – балалар мен жасөспірімдер. Былтырғы шілдеде ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, Сирия мен Ирак елдерінде қақтығыс орын алғалы 800-ге тарта отандасымыз Таяу Шығысты бетке алған. Сол кезде құзырлы органдар сол екі мемлекеттегі халықаралық терроризм ұйымдарында Қазақстаннан барған 120 ер адам, 250-ден аса әйел және 500 шақты бала бар екенін мәлімдегені есімізде. – Жер бетіндегі бізден басқа мемлекеттердің тәжірибесінде «Жусан» сияқты кешенді шаралар жүзеге асырыла ма? – Әрине, кейбір елдердегі азаматтарына жанашырлық жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Десе де тура «Жусан» жобасы сынды елінің азаматтарын жанашырлықпен Отанына жеткізетін операция жоққа тән. ДАИШ ағымы Сирия аумағындағы қақтығыстардан ығысқанымен, күйрей жеңілгенімен, ондағы төтенше оқиғалар мен мемлекеттің ресми билігіне қарсы геосаяси шаралар ахуалдың әлі де күрделі екендігін аңғартады. Ал осындай сәтте Сирияның жетекші тобы мен Ресей Федерациясы тарапынан көрсетілген қолдау жұмыстары біздің операциямызды сәтті жүзеге асыруға ықпал етті. Өзге мемлекеттердің тұрғындары босқын мәртебесімен әлемдік ұйымдардың көмегі аясында Еуропа, Түркия территорияларындағы босқындарды қабылдайтын орталықтарға жеткізілгенімен, көп адам демилитиризацияланған аймақтарда қалып қойған. Ал мемлекетіміз терроризм мен экстремизм оқиғаларымен күрес жүргізуден, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдем беруден бас тартпайды. Демек, гуманитарлық акция аясындағы жұмыстар жалғаса беретін болады. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз. – Әңгімеміз тұшымды болсын, жат ағымдардың жетегіне еріп, отбасын ойрандаған азаматтар туралы нақты мысалдарды айтып бере аласыз ба? Әлде, мұндай фактілер құпия сақтала ма? – Жоқ, құпиялайтын түгі де жоқ. Қайта, өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен бір-екеуін әңгімелеп берейін. Өйткені мұны осындай оқиғалардың кейіпкерлерінің өздері де өзгеге сабақ болсын деп бастарынан өткерген қайғы-қасіреттерін жиі айтып жатады. Мәселен, Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласы тұрғынының ұлы осыдан екі жарым жыл бұрын Сирия топырағында опат болған. Бүгінде Шам аймағында келіні мен үш немересі тұрып жатқан көрінеді. Қанша дегенмен, бұл әйелдің өзі секілді аналармен байланысы бар ғой. Елімізде 120 шақты ақ жаулықты ана өздерінің соғыс аймағындағы балаларының жолын тосып отыр екен. Онға жуық ананың ұлдары бүгінде Сирия аймағынан оралыпты. «Менің келінім мен немерелерім әлі де сол жақта. Көптеген қандастарымыз қазір қоршауда қалып қойған сыңайлы. Біз олардың сол қоршаудан аман шыққанын естігенімізбен, жетуі тиіс орынға жеткен-жетпегенін білмей отырмыз. Себебі қақтығыс аймағының барлық жеріне жарылғыш заттар қойылыпты», – деп көз жасын көлдетеді әлгі ана. Алматыда сауда жасаймын деп жолға шығып, Сириядан бір-ақ шыққан баласының діни сауаттылығы шамалы болғанын да айтады ол әйел. Сондықтан да ұлы жалған «шейхтардың» арбауына түсіп қалып отыр. Бұл оқиғадан әрбір отбасының бала тәрбиесіне мұқият болу керектігін көреміз. Әр ата-ана ұл-қыздарының тәлімін жіті қадағалап, дәстүрлі тағылымын беріп отырса, барынша көңіл бөліп, тәртібін қадағаласа, жоғарыдағыдай қайғылы оқиғалар болмас еді. Ұлымен көзі тірісінде әлеуметтік желі арқылы сөйлескен қамкөңіл ана: «Балам менен қайта-қайта кешірім сұрады. Соған қарағанда өзі де ахуалдың бұлай ушығатынын білмесе керек. Ұлым есіме түскен сайын көзіме жас, көңіліме мұң ұялайды. Туғандарының жолын тосып отырғандармен бірге мен де баламды күтер едім... Бірақ ол жоқ қой. Ең болмаса, келінім мен немерелерім келсе екен», – деп жылайды. Ал алғашқы «Жусан» операциясымен елге келген әйелдердің бірі өзіміздегі бейбітшілік пен берекелі тіршіліктің қадірін кезінде бағаламағандығын, ел билігінің өзге мемлекеттегі қақтығыс аумағында жүрген азаматтарды құтқарғанына ризалығын жеткізді. Біз бір дүниені анық білуіміз керек, жаңағы айтылған аймақтарда мұсылмандар бір-біріне қарсы оқ жаудыруда. Демек, әрқилы ұйымдар өзара соғысуда. Онда бір із салған соң, қайтадан кері жол табу еш мүмкін емес. Себебі мұндай пиғыл байқалса болды, дар ағашы күтіп тұр деп біліңіз. Қазақстан азаматтарының қайтпақ болғаны үшін өлім құшқаны жайлы деректер баршылық. Осы орайда соңғы екі жыл шамасында еліміздің шекарасынан Сирияға бет алған бірде-бір азамат туралы дерек жоқ. Яғни халықтың діни сауаты артып келеді деп ойлаймын. Құзырлы мекемелердің тынымсыз еңбектерінің, сауықтыру шараларының арқасында жат пиғылды ағымдардың арбауына түсушілердің саны айтарлықтай кеміді деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ.

Ұқсас жаңалықтар