«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ мемлекеттігінің бір бастауы: Моғолстан, Қайду және Талас құрылтайы

Қазақ мемлекеттігінің бір бастауы:  Моғолстан, Қайду және Талас құрылтайы
ашық дереккөз
Қазақ мемлекеттігінің бір бастауы: Моғолстан, Қайду және Талас құрылтайы

Биыл тарлан тарихымызға бетбұрыс әкелген Талас құрылтайына 750 жыл толып отыр! Талай мемлекеттер ту көтерген киелі Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның шақыруымен ұлы құрылтай өтіп, Ұлы далада Жошы Ұлысы (Ұлық ұлыс – Алтын Орда) мен Моғолстан бой көтерді. Сондықтан биыл Алтын Орда мен Моғолстанның құрылуының да 750 жылдығы!

Мәңгі ел мұраты – Моғолстан

Ата тарихтың керуенін уақыт пен кеңістік тоғысында түйіскен тұтастықта қарасақ, арғы бастауын сонау сақ, ғұн, түрк қағанаты сынды алып империялардан алатын Қазақ хандығының одан беріде Жошы ұлысы мен Моғолстан мем­лекеттерінің негіздерін арқау етіп, дәстүр сабақтастығы аясында қалыптасқаны айқын болады. Бұл ретте біз көбіне Қазақ хандығының Алтын ордамен байланысын айтамыз да, ал қоныс беріп, кейін онымен тұтасып кеткен Моғолстанның мұрасы жайында сөз қозғай бермейміз. Бұл тақы­рыптың В.В.Бартольд, В.П.Юдин, К.А.Пищулина сияқты ғалымдардан өзге жеткілікті дәре­жеде зерделене қой­мағаны тағы анық. Сондықтан Қазақ хан­ды­ғының тарихын арқау еткен «Алмас қылыш» сынды көркем фильмнің өзін­де Моғолстан мен оның астанасы Алма­лықтың тұрғын­дарын «сарт» етіп көр­сетіп, өрескел қателікке жол берген. Бұл орайда Мұхаммед Хайдар Дулатидің әйгілі «Тарих-и Рашиди» туындысында Қазақ хандығының қалыптасуы мен Моғолстан билеушісі Есенбұға жа­йында былай дейді: «Есенбұға ханның әскерінің көптігінен сұлтан Әбу Саид (Әмір Темірдің ұрпағы) әмірлері оларға қарсыласуға шамасы келмейтін еді... Ханнан бөлініп әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған моғол әмірлері ханға да бағынбайтын. Хан да оларға тиіспей жүрген себебі – бір күндері өзіне қайтып оралар деген үміті бар еді. Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек пен Керей хан Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозы­басыны берді». Демек, Керей мен Жәні­бек хандар Шу өңірінде шаңырақ көтергенде Моғолстан Қазақ хандығының кере­гесін кеңітетін, іргесін бекітетін ата­­ме­кен аймағын беріп қана қоймай, бай­­ра­ғын бірге көтерісетін бауырлас ел ре­тін­де табиғи қолдау білдірген деуге болады. Моғолстан атауына негіз болған «моғол» сөзі Орталық Азияда XV ғасырдан бастап түрк, моңғол көшпелілердің этно­политонимі ретінде жалпылама атала бастады. Өзінен бұрынғы Қарахан мем­­ле­кетінің аумағына орналасқан Моғол­стан шығыста Қашғардан баста­лып, Жетісумен жалғасып, Шу, Талас, Қаратау өңірі­мен тұтасып, Сырға дейінгі аймақты түгел қамтыды. Шағатай ұлысының бір бөлігі де ХІV-XV ғасырларда «мам­лакат-и Моғолстан, Моғол ұлысы, Мо­ғо­лия» болып аталды. Осы аймақта туып, Ауғанстан асып, Үндістанға табан тіреген Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр­дың елі де кейін «Моғол мемлекеті» деп атала бастады. Ғасырлар бедерінде қазақ этно­ге­не­зінің тұлғаланып сомдалуына Моғол­стан мемлекетінің айрықша үлес қосқанын осы елдің түпкілікті қоныс­танған ру-тай­палардың шежіресін зерделеп салыс­тырғанда айқын көрінетіні тағы бар. Шы­ғыстанушы В.П.Юдин «Моғол – түрк тілді қыпшақ тобының өкілдері, құра­мында керейт, қаңлы, дұғлат сынды ру-тай­палар болған» деген пікір айтады. Қыр­­ғыз ғалымы О.Караев «Мо­ғолстан қа­зақ халқының қалып­тасуын­да негізгі ұйыт­­қы болған» деп атап өтеді. Мұ­хам­мед Хай­дар Дулати әйгілі кітабында «мо­ғол мен қырғыз – бір халық» дегенді ай­тады. Сөйтіп, XIV ғасырдың орта тұсы­нан «Моғол» аталған жаңа этникалық үде­ріс­тің негізі қаланды. Моғолстан мем­леке­ті этногенездік тұрғыдан Орта­лық Азия­дағы этностардың байырғы және бүгін­гі құрамының жаңаша түзілуі­не ай­рықша ықпал етті, құдірет-күші тасы­ған бұл мемлекетте түркілік дәстүрге негіз­де­лінген ислам мәдениеті орнығып, қалып­тасты.

Құдіретті хан Қайду Бек

Моғолстан мемлекеті сөз болған­да, Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында ерекше даңққа бөленіп, тарихтың доңғалағын жаңа бағытқа бұрған, Құбылай қаған ел астанасын Кайпинфүге көшіргенде оған қарсы шығып, Орталық Азиядағы түрк қауымының ынтымағының ұйытқысы болған тегеурінді билеуші Қайду туралы ерекше тоқталу қажет. Өгедей (Өгетай) ханның бесінші ұлы Қашыннан туған, Моғолстан ұлысының негізін қалаушы көкжал қолбасы Қайду туралы Рашид ад-дин, Жамал Қарши, Вассаф секілді тарихшылардың еңбектері мен «Юань ши» жылнамасында біршама мәліметтер сақталған. Израильдік ғалым Михал Биран «Қайду және Орталық Азиядағы тәуелсіз моғол мемлекетінің билеушісі» деген еңбегінде Қайдудың Орталық Азияда тәуелсіз мемлекет құруда орасан зор қызмет атқарғандығын бірқатар жазба деректер негізінде дәйекті дәлелдейді. Ұлы қаған Өгедейдің қолында тәрбиеленген Қайду мемлекет ісіне ерте араласты. Мөңке қаған 1251 жылы таққа отырғанда орда билігіне таласты деген күдікпен, қабілетті Қайдуды өзінен алыс ұстау үшін Тарбағатайға жер аударып жіберді. Бірақ бұл жас бөріні жасытпады. Ол Берке ханның қолдауына сүйене отырып Еміл-Тарбағатай мен Қара Ертістің бойына иелік етіп, күш жинай бастады. Мәмілегер дипломат әрі қабілетті қолбасы боп қалыптасқан Қайдудан қаймыққан Құбылай оны бірнеше мәрте қонаққа шақырды. Бірақ басты қарсыласы Құбылайдың қырық құбылған кәнігі айласын білген Қайду Қытайға бармай, Жошы ұрпақтарына жақындай берді. Қайду ханмен екі рет кездескен Жамал Қарши оны аса ақылды, парасатты, дана хан деп жазады. Ал Рашид ад-дин «Ол өте ақылды, қабілетті және айлакер кісі болатын. Барлық істерін ақыл-айламен ұйымдастыратын» деп сипаттайды. Қалай болғанда, Қайду хан тарихта 1236-1301 жылдары Шағатай ұлысының аумағында, қазіргі Қазақстанның оңтүстігі, Шығыс Түркістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан өңірінде 65 жыл бойы бекем билік жүргізіп, Құбылай қағанға қарсы Қарақорымдағы орданы басып алу жорықтарын ұйымдастырып, көшпелілердің дәстүрлі билік түзімін жалғастыру мақсатында Жошы, Шаға­тай, тіпті Құлағу әулеттерінің күшін біріктіруге орасан зор еңбек сіңірген тұлға ретінде қалды. Қайдудың мақсаты далалық көшпе­лі­лердің мемлекеттілік дәстүрін жаңғырту, атасы Шыңғыстан қалған «Ұлы Йасаны» қуаттап, пәрменді билік жүргізу болды. Сол замандарда оның бұл ата жолына аманатын қолдаған Ұлы далада буырқанып жөңкіген еркін көшпенділер бірлестігінен құралған қуатты одақтар Қайдудың қол астына шоғырланған еді. Әйгілі Марко Поло өз жазбасында Қайду билігінде 100 мыңнан астам салт атты сарбаздар болғанын айтады. Түрк тектес дұғлат, арулат, қорұлат, жалайыр, қон­қо­тан, барлас, керей, найман, меркіт, қоңы­­рат, қатаған сияқты ру-тайпалардың би­леу­шілері Қайдуды ұдайы қолдап келді. Ата-баба жолын бұлжытпай сақтауды мақсат еткен Қайду 1269 жылы әйгілі Талас құрылтайын ұйымдастыру арқылы Құбылайға түбегейлі қарсылық танытып, түрк қағанаты тұрпатындағы тәуелсіз мемлекеттердің негізін қалады. Шын мәнінде осы тарихи оқиғадан кейін Қай­дудың саяси ұстанымы мен тікелей билігі арқасында Жошы, Шағатай, Моғолстан ұлысы Құбылай басқарған Юань мемлекетінен дербес өмір сүре бастады. Осы қадамдары арқылы Қайду – атасы Шыңғыс қағанның Мәңгілік елді мұрат еткен дәстүрлі мемлекетшілдік сая­сатын қолдаушы, Құбылайдың империя орталығын көшіруге түбегейлі қарсы­лық көрсеткен, далалық көшпелілердің еркін, тәуелсіз құрылымын жасақтаушы тұлға екенін айналасына көрсете білді. Ол Құбылайдың билігіне қарсы әскери жорықтар ұйымдастырып, Қарақорымды басып алуға бар күшін салды. Осылайша, шығыста Құбылай бас­қарған бір қанат болса, батыста Жошы, Шағатай, Құлағу әулетімен одақтасқан Қайду басқарған жаңа қанат пайда болып, империяның билігі дербес мемлекеттік құрылымдар мен ұлыстардың билігі аясында дара жүргізіле бастады. Бұл қақтығыстар 1294 жылы Құбылай қайтыс болғанға дейін отыз жыл бойы жалғасты. Құбылай хан Қайдуды жеңе алмай, оны бас игізе алмай өмірден өтеді. Осы кезеңдерде Тараз, Қаялық, Алма­лық, Қашғар, Хотан, Бұхара, Самарқан секілді он алтыдан астам қалада Қайдудың таңбасымен калима және «әл-хаһан әл-әділ әл-ағзам» деген жазулы күміс дирхемдер соғылып, ақша айналымында кеңінен қолданылды. Қайду заманының өзінде ақша айналымы дамығандығын, сауда-саттық жолдары қарқын алып, салтанатты қалалар гүлденгені айқын. Мұның барлығы болашақ Моғолстан мемлекетінің іргесін бекітіп, дербес дамуына елеулі ықпал етті.

Тарихи Талас құрылтайы

Қайдудың шақыруымен Талас өзені бойында Шағатай, Өгедей, Жошы әулетінің ханзада, нояндары жиналып, Орталық Азиядағы алғаш ұлы құрылтай өткізеді. Бұл тарихта 1269 жылғы Талас құрылтайы деп аталады. Құрылтай өтетін жер ретінде тарихи Талас жерінің таңдап алынуы тегін емес еді. Қадым заманнан құтты қоныс болып саналатын бұл өңірде Оғыз ханның ордасы орналасты, түрк қағанатының түп қазығы қағылды, 751 жылғы Талас соғысы арқылы Таң империясына күйрете соққы берген түркілер алғаш рет ислам дінін қабылдады, одан кейін Баласағұн, Суяб, Тараз сынды қалалары бар Қарахан мемлекеті қанат жайды. Сондықтан Махмұт Қашқари кезінде «Ұлығ Талас» деп әспеттеген, киіз туырлықты түркі жұрты үшін киелі мекенде Қайду құрылтай өткізді. Қайду басқарған құрылтайға Алтын Ордадан Беркечар мен Мөңке-темір, Шағатай ұлысынан Барақ қатысты. В.В.Бартольд Талас құрылтайының маңыз­дылығына тоқталып, оны Қайду­дың ұйымдастырғанын атап көрсетеді. Құрылтай Орталық Азия тарихында Шыңғыс қаған орнатқан алып империядан кейін алғаш рет жеке дербес мемлекеттік билік жүргізудің тарихи бастауы болып қалды. Құрылтайда Шыңғыс қағанның «Йаса» заңы, әулеттің саяси ұстанымдары мен байырғы түркілік дәстүрлердің сақталуы бағытында, көшпелілер мүддесін қорғаған маңызды шешімдер қабылданды. Бұл жайында «Жамиғ ат-тауарих» былай жазады: «Хижраның 667 (1269 жылы) жылы көктемінде ханзадалардың барлығы Талас пен Кенжектің жайлауында жиналды, сөйтіп бір апта тойлатқан соң, сегізінші күні кеңес құрылтай өткізді. Әуелі Қайду сөйледі: – Біздің даңқты атамыз Шыңғыс қаған әлемді парасаттылығымен, ақылмен және қылыш пен оқтардың соққысымен басып алып, тәртіпке келтірді, дайындап өз әулетіне тапсырды. Міне, біздің бәріміз әкелер жағынан бір-бірімізге туысқанбыз. Өзге ханзадалар болса, біздің аға-інілеріміз, олардың ортасында келіспеушіліктер мен алауыздық жоқ. Не үшін келіспеушіліктер мен алауыздықтар біздің ортамызда болуы керек?! – деді. Барақ: – Иә, жағдай осындай. Алайда мен де сол ағаштың жемісімін ғой. Маған да жұрт және өмір сүруге дүние тағайындалуы керек қой. Шағатай мен Өгедей Шыңғыс қағанның ұлдары еді. Өгедей қағанның естелігі ретінде Қайду, ал Шағатайдан мен, ал олардың үлкен ағасы болған Жошыдан Беркечар мен Мөңке-темір. Кенже інісі Төледен Құбылай қаған болып қалды. Қазір ол олардың кеңдігін Ұлы Тәңірі ғана білетін Қытай мен Хотанның шығыс елдерін басып алды. Батыс елдерін Әмудариядан Шам мен Мысырға дейін әкесінің үлесі ретінде Абақа хан мен оның бауырлары иемденіп алды. Ал ол екі ұлыстардың ортасында сендердің иеліктерің болған Түркістан мен Дешті Қыпшақ аймақтары. Сендер маған бірігіп қарсы шықтыңдар. Мен қанша ойлансам да, өзімді күнә жасағандай болып есептемеймін, – деді. Олар: – Шындық сенің жағыңда. Шешім мынадай: бұдан былай өткенді еске алмайық, жайлау мен қыстауларды әділетті түрде бөліп алып, таулар мен жазықты жерлерге қоныстанайық, себебі бұл аймақтар қатты ойрандалған әрі өңделмеген, – деді». Талас құрылтайының шешімімен үш ұлыстың шекарасы айқындалды. Мәуереннаһрдың үштен екісін Барақ алды, үштен бірі Қайду мен Мөңке-темірге тиесілі болды. Қайдудың Бұхараның төңірегіне де билігі жүрді. Шыңғыс ханның ортақ мұрасы жолында бірлескен хандар бұдан былай қалаларға емес, тау­лар мен далаларға, жазық жерлерге қоныстанатын болып уағдаласты. Қайду мен Барақ бірін-бірі «анда» деп атап, анттасты. Құрылтайдан кейін Барақ Абақа ханнан жеңіліп, опат болғаннан кейін Қайдудың билігі тіпті арта түсті. Ол Иранда билік жүргізген Абақа ханмен де келісімге келіп, «анда» болды. Осылайша даңқы аспандап, ықпалы артқан Қайду Шу даласына хан ордасын тігеді. Ұлы далада жаңа тұрпатты мемлекеттердің қалыптасуына ықпал еткен ол 1301 жылы қайтыс болады. Рашид ад-дин «Іле мен Шу өзені бойындағы Сұңқарлық деген биік тауда Қайду және оның ханзадаларының сүйегі қойылған жерлеу орындары бар», – дейді. Сондықтан тарихшылардың Іле мен Шу өзендері арасына арнайы экспедиция ұйымдастырып, қорықты тауып, зерттегені абзал болар еді. Осылайша Талас құрылтайы арқылы Шыңғыс хан құрған ұлы империя ыдырап, оның орнына Еуразия кеңістігінде түрк-ислам өркениетін ту еткен жаңа, дербес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтерді. Құрылтайдан кейін Жошы ұлысының әміршісі Мөңке-темір өзін хан деп атап, өз атынан теңге бастырды. Бұл – дербес мемлекеттің белгісі еді. Сондықтан Талас құрылтайы Алтын Орданың да бастауы деуге толық негіз бар. Ендеше биыл Алтын Орданың да құрылғанына 750 жыл толып отыр. Ал Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың бір мұрагері Қазақ хандығы екені белгілі.

Қазақ хандығының бір бастауы

Қайду билік еткен Жетісу, Талас, Шу, Қаратау, Сыр және Мәуереннаһр аумағында ежелден мекендеген үйсін, дұғлат, қарлұқ, йағма, жалайыр сынды байырғы түрк тайпалық одақтары Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне айрықша үлес қосты. Сондықтан Қазақ хандығының тарихы Жошы ұлысымен қатар, Моғолстанның бай тарихымен тығыз байланыста өрілді. Бір сөзбен айтқанда, Моғолстан – Қазақ мемлекетінің қуатты бір бастауы болды. Көшпелі мемлекеттік дәстүр мен дала даналығын мирас еткен Қайду ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандарға Шу өңірінен жер еншілеп беру арқылы оларға қамқорлық жасады деп айтуға болады. Біздің тарихнамада бүгінге дейін Моғолстан қазақ сұлтандарын қалмақтарға қарсы қолдану үшін оларға жер берді деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Біріншіден, Шу, Талас өңірі қалмақтың өтінде тұрған жоқ. Екіншіден, ол кезде қалмақ-ойрат қаупі мүлдем жоқ еді. Үшіншіден, ежелден Батыс түрк қағанаты, Қарахан мемлекеті сияқты империялардың бесігі болған, тіпті Моғолстанның негізін қалаушы құдіретті Қайду мәңгілік тыныс тапқан құтты қонысын өздерінен пана сұрап келгендерге жай бере салу – ақылға сыймайды. Біздің пайымдауымызша, Керей мен Жәнібек Есенбұғаға барғанда Берке мен Қайдудың достығын арқау етіп, Талас құрылтайының шешімдерін алға тартты. Ал мығым Моғолстаннан қолдау тауып, қоныс алып, мойындалған Қазақ хандығы заңды мәртебеге ие болып, Әбілқайырдың қысымынан құтылды. Сондықтан Моғолстан мемлекеті Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығына енші беріп қана қойған жоқ, оған саяси қолдау көрсетіп, ресми түрде алғаш танып, мойындаған ел болды. Жошы ұлысының мұрасын ала келген Керей мен Жәнібек хандар басқарған жоралы жұрттың Моғолстан иелігіндегі Талас, Шу бойында дербес шаңырақ көтеруі – Орталық Азия тарихында «алаш» деп ұран салған түрк халықтары үшін жаңа оқиғалардың айшықталуын қамтамасыз етті. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында біздің тарихымыздың еуроцентристік көзқараспен зерттеліп келгенін жазған еді. Қазір осы олқылықтың орнын толтырып, өткенімізді жаңаша пайымдауға тиіспіз. Бұл орайда, Моғолстан тарихы Қазақ мемлекеттілігінің ажырамас бөлігі ретінде жан-жақты, кешенді әрі тиянақты зерделенуге тиісті өзекті тақырыптың бірі деп есептейміз. Моғолстанның билік жүйесі, экономика-шаруашылығы, саяси-әскери құрылымы, ру-тайпалар құрамы және Қайду, Есенбұға сынды хандар мен билеушілерін арқау ететін тақырыптар бойынша тиянақты ғылыми-зерттеулер жүргізіп, оны Қазақ хандығының бір бастауы ретінде мектеп оқулықтарына енгізу қажет. Талас құрылтайы өткен жерге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің тарихи достығына арнайы ескерткіш қойып, Орталық Азияда үш ұлыстың құрылған мерейлі жылын бауырлас елдерде атап өту де ұлағатты іс болары анық. Бұл – биыл 750 жыл толып отырған Талас құрылтайы, Алтын Орда, Шағатай ұлысы және Моғолстан мемлекетін жаңаша зерделеудің басы болады деп сенеміз.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ.

Нұр-Сұлтан.

Ұқсас жаңалықтар