өйткені «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы ауылдардың тұрғындары малын жайылымға шығара алмай пұшайман болуда
Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы көлемі 220 миллион гектарды құраса, оның 187 миллион гектары мал жайылымы екен. Сарапшылардың болжамынша, мұндай аумаққа 30 миллион мал бағуға болады. Өкініштісі сол, бүгінде осы жайылымдықтардың бар болғаны 43 пайызы ғана нақты пайдаланылуда. Ал облысымыздың жалпы жер қоры 14 426,4 мың гектарды құраса, оның 65 пайызы, яғни 9 миллион 406 мың гектары жайылымдық жер. Қазіргі таңда тұрғындар малдың басым бөлігін қыстаулар мен жайлауларда емес, ауыл маңайына жаяды. Соның салдарынан ауыл маңайындағы 15-20 шақырым жердің шаңы шығып, тақырға айналған. Шаруа қожалықтары да шалғайдағы мал жайылымын алыссынады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, Мойынқұм жерінде әр аудан үшін қарастырылған мыңдаған гектар жер телімдері де бар. Бірақ ауыл тұрғындарының барлығы төрт түлігін ортақ жайылымнан ұзатқылары жоқ. Соның салдарынан соңғы жылдары мал аурулары да көбейе түскен.
«Көктемде Алатаудағы, күзде Қаратаудағы мал жайылымына мал айдап өтудегі әбігерлікті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал даңғыл жолмен арындап келе жатқан көліктің көптігінен жолды кесіп өте алмай, үріккен құлын-тай, тана-торпақтар да аласапыран күй кешеді. Малшылар болса, амалының жоқтығынан күнұзақ әрі-бері өткен көліктерге қолын сермеп, өтіп алуға рұқсат сұрап тұрады»
Бүгінде жайылым мәселесі көптеген ауылдардың «бас ауруына» айналғаны анық. Оның бір көрінісін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойына орналасқан елді мекендерден де кездестіруге болады. Өңірімізден өтетін бұл күрежолдың жалпы ұзындығы 495 шақырымды құрайды. Ол облысымыздың Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарын кесіп өтеді. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші, өңір тұрғындары соңғы жылдары толықтай пайдалануға берілген бұл қатынас жолының игілігін көруде. Әсіресе жол-көлік тасымалымен айналысатын компаниялар мен жеке жүргізушілер тарапынан айтылған алғыста шек жоқ. Бірақ кей тұстарында осы даңғыраған даңғыл жол қолға қараған малымен күнін көріп отырған тұрғындарының «оң жамбасына» келмей отырған сыңайлы. Мәселенің мәнісі мынадай... Күрежол Жуалы ауданының 36 шақырымын кесіп өтіп, Түркістан облысының Түлкібас ауданымен жалғасады. Алайда осы қашықтықтағы үлкен даңғыл жолдың астынан мал өткелі, үстінен көлік өтетін көпір салу жұмысы «ұмыт» қалған. Бүгінде ауданда 14 ауылдық округ бар болса, оның 6-ауы жолдың оңтүстік, ал 8-і солтүстік бетінде орналасқан. Елді мекендерде тұратын жұрттың жанайқайы, міне, осы мал өткелі мен көлік көпіріне қатысты туындауда. Аталған жол аралығында мал өтетін бар болғаны үш жоласты өткел бар. Жол салынып жатқан тұста соның бірін «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудан басшылары шұғыл дабыл көтеріп, салдыртқаны белгілі. Өйткені жайылымдық жер телімі жолдың келесі бетінде қалып қойған 700-ден астам түтіні бар Нұрлыкент ауылынан ірілі-ұсақты 7 мыңға жуық мал өріске шығарылады. Сондай-ақ жолдың өнбойына орналасқан «Гамбург» ЖШС-ның 1200 мүйізді ірі қарасының жайылымы да Қаратаудың етегінде. Онымен қоса маңайында малын Қаратауға қарай айдайтын 4 ауыл және бар. 2009 жылы салынған бір ғана осы мал өткеліне республикалық бюджеттен 25 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов: «Бүгінде ауыл тұрғындары осының өзіне шүкір деп отыр. Ертеңгісін осы арадан ауылдың және «Гамбург» ЖШС-ның малы кезекпен өтеді. Жауын-шашынды күндері мал өткелінің екі жағы суға толып кетеді. Шындығында бір ғана өткел бір ауылға тым аздық етуде. Ауылдың келесі басындағы тұрғындар да малын жол бойымен қуып келіп, осы тұстан айдап өткізіп жатады. Өйтпеске амалдары жоқ. Өйткені ауылдың барлық жайылымы теріскейдегі Қаратаудың етегінде орналасқан. Кейде мүйізді ірі қара малы өткелектен үркіп өтпей, елді әбден әбігерге салатыны тағы бар. Ондайда жан-жаққа бытырай қашқан сиырлардың жол үстіне шығып кететін де кездері жиі орын алуда. Ал ауданның қысы қатал, тіпті қар, жаңбыр жауған кездерде бұл көпірдің астымен мал айдап өткізудің өзі қиын. Жайылымға жетудің басқа жолы жоқ болғандықтан, малшылар түлігін жан-жақтан қаумалап, өткелге қарай тықсыра қуып, амалдап айдап өтеді. Жаз айларында ертелі-кеш өткел маңынан бұрқырап шаң көтеріліп жатқаны. Әрі өткелдің екі қапталы да садыраланып, ластанып бітті. Оны жауапты адамдар тазалаған болады. Көрші ауылдар тұрғындарымен бірлесе ауыл шетінен қосымша тағы бір мал өткелі салынса деген мәселені он жылдан бері көтеріп келеміз», – дейді.
Сонымен қатар бұрылыстарда жеңіл көліктердің жүк және ауыл шаруашылығы техникаларының астына кіріп кету қаупінің жиілей түскені байқалуда. Көбінесе орақ науқаны басталған тұста комбайн, К-700 сияқты алып техникалар, КПС жаткалы шөп орғышы, дән сепкіштер секілді ауыл шаруашылығы құралдары жол қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, жолдың келесі бетіндегі алқапқа жету үшін бірнеше шақырымды айналып өтуге мәжбүр.
Бір айта кетерлігі, өңіріміздің Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында күрежолдың асты-үстінен көпірлер көбірек салынған. Сондай жол айрықтары мен мал өткелдері Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарынан да салынса екен дейді тұрғындар. Жамбыл мен Жуалы аудандарының Құрметті азаматы Жарас Мұратай: «Мұндай жол айрығының жоқтығынан «Б.Момышұлы-Қошқарата», «Б.Момышұлы-Ақбастау» бағыттарында, Тәттібай Дүйсебайұлы, Шақпақата ауылдарында және Күйік асуындағы бұрылыстарда жол-көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Тегіс автомобиль жолымен жүйткіген көліктердің жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғалары да көбейген. Сонымен қатар бұрылыстарда жеңіл көліктердің жүк және ауыл шаруашылығы техникаларының астына кіріп кету қаупінің жиілей түскені байқалуда. Көбінесе орақ науқаны басталған тұста комбайн, К-700 сияқты алып техникалар, КПС жаткалы шөп орғышы, дән сепкіштер секілді ауыл шаруашылығы құралдары жол қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, жолдың келесі бетіндегі алқапқа жету үшін бірнеше шақырымды айналып өтуге мәжбүр. Ал айналма жол тұсымен малшылар малын еркін айдап өте береді», – дейді. Мұндай жағдай Байзақ ауданында да бар. Сарыкемер ауылының тұрғыны Шапай Таңатаров «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің аудан аумағын кесіп өтетін үш жол қиылысында жол-көлік оқиғалары жиі болатындығын айтып, жол айрықтарын салу қарастырылса екен дейді. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков те аталған ауданда жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткенінен хабардар екен. Басқарма тарапынан мұндағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол кедергілері биіктетіліпті. Нәтижесінде жолда болатын жол-көлік оқиғалары едәуір азайған. Жалпы Байзақ ауданының үш қиылысынан айналма жол айрығын салу жоспарланып, қаржы көзі қарастырылып жатса керек. Ал жоғарыда сөз еткен бір ғана Нұрлыкент ауылындағы жол айналымында биыл бес айда 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қайтыс болған. Басқарма басшысы Күйік асуының жоғары және төменгі жағында арнайы жол айрығы салынбағандықтан да ол маңайдың қауіпті аймаққа жатқызылып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ ол осы маңда мал өткелі болмаған соң Жуалы мен Жамбыл аудандарының малшылары көлік нөпірін тоқтатып қойып мал айдап өту деректерінің орын алып отырғандығын да біліп отыр.
Нұрлыкент ауылындағы жол айналымында биыл бес айда 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қайтыс болған. Басқарма басшысы Күйік асуының жоғары және төменгі жағында арнайы жол айрығы салынбағандықтан да ол маңайдың қауіпті аймаққа жатқызылып отырғандығын жеткізді.
Бұған Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбековтің «Көктемде Алатаудағы, күзде Қаратаудағы мал жайылымына мал айдап өтудегі әбігерлікті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал даңғыл жолмен арындап келе жатқан көліктің көптігінен жолды кесіп өте алмай, үріккен құлын-тай, тана-торпақтар да аласапыран күй кешеді. Малшылар болса, амалының жоқтығынан күнұзақ әрі-бері өткен көліктерге қолын сермеп, өтіп алуға рұқсат сұрап тұрады», деген Көлік және коммуникациялар министрлігі атына жазған хатындағы осы бір үзінді сөзімізге мысал бола алады. Өзге аудандардың да ауыл ақсақалдарының қарап жатқан жоқ. Жайылым жайын жиі көтеріп, өтініш-тілектерін билік тарапына жеткізуге тырысып бағуда. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылының тұрғындары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіндегі жалғыз мал өткелінің бір ауылға аздық ететінін айтып-ақ келеді. Жамбыл ауданының Айша бибі ауылының қариялары жол бойынан арнайы мал өткелі салынбағандықтан малды жол үстімен айдап өтуге мәжбүр екендерін жеткізуде. Ал жуалылық ақсақалдар тобы мал өткелін салу жөнінде Премьер-Министрге, Көлік және коммуникациялар министрлігіне және Парламент депутаттарына бірнеше рет хат жолдапты. Көлік және коммуникация министрлігінен келген жауап хатта, қосымша мал өтетін жол салу үшін жерінің үйіндісінің биіктігі 3,78 метр, ал өткелдің стандарттық көлемі 4х2,5 метр болуы керектігі айтылыпты. Сондай-ақ аталған хатта мұндағы жол төсемінің биіктігі 1,5-2 метрді құрап отырғандықтан да бұл аймақта мал өтетін қосымша жол салу мүмкін еместігі туралы жауап жазылған. Жуалылықтардың жанай-қайы бір бұл ғана емес. Тұрғындардың айтуынша, бұрын ауданды Қырғыз Республикасымен жалғап жатқан «Аманбаев» жанасу жолының 3,1 шақырымының тұсы күнбатысқа қарай мүлдем бекітіліп тасталыпты. Енді мұндағы халық аудан орталығына бару үшін Нұрлыкент ауылына қарай жүріп, 3-4 шақырым айналма жасауға мәжбүр. Тіпті кейде асығыс адамдар көлігімен жол айрығынан қарсы бетке жүріп, өзіне де, өзгеге де қауіп тудыратын көрінеді. Бұл жалғыз Жуалыда ғана емес, Т.Рысқұлов ауданында да бар мәселе. Онда да жол айрығы салынбаған ауылдар тұрғындары бірнеше шақырымды орағыта өтіп, уақыттарын текке шығындауда. Тұрғындардың бұл уәжіне «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының өкілдері қосымша көпір мен айналма жол айрығын салудың әзірге еш мүмкіндігі жоқтығын алға тартудан танар емес. Күн сайын еліміздің дамып, өңірлердің өркендеп, аудандар мен ауылдардың жаңаша түлеуге бет алғанына куә болып отырған тұрғындар мәселенің оң шешімін табатынына сенімді. Егер жоласты өткелдері мен көпірлер, айналма жолдар салынса, қарапайым халық үшін тіршілік қауіпсіздігі де біршама арта түскен болар еді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді