Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілгелі де биыл он алты жыл. Былтырға дейін бұл сынақ мектеп бітірушілер үшін қорытынды аттестаттаудан өтіп әрі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін. Әйтеуір әр жыл өткен сайын өзгерістер енгізіліп, қойылатын талап та күшейе түскені мәлім. Соған байланысты тестілеуде тапсыруға міндетті әрі таңдау пәндерінен келетін сұрақтар да қиындай берді. Соңғы тоқтағаны – берілген 120 сауалдан ең жоғары 140 балл алуға болатындай сараланған тест базасы. Бұл сынақ жалғыз оқушылар үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне де маңызды кезең. Республика бойынша 20 маусымда басталған ҰБТ-ның біздің өңіріміздегі соңғы легі маусымның 26-сында өтеді. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, сынаққа қатысуға 5913 жамбылдық оқушы ниет білдірген. Оның 5219-ы қазақ тілінде, 673-і орыс тілінде сынақ тапсыратын болады. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 21 түлек өтініш беріпті.
Облыс бойынша 21-23 маусым күндері аралығында сынаққа қатысуға тиісті 2888 түлектің 2834-і тест тапсырған. Оның 973-і 100-ден жоғары балл алды. Сондай-ақ жоғары балл алған мектеп бітірушілердің қатары өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептің түлегі ең жоғары нәтиже көрсетіп, 138 балдық көрсеткішке қол жеткізген. Байзақ ауданы Сарыкемер мектеп-гимназиясының екі шәкірті 136 балл жинапты. Ал кеше сынақтың төртінші күнінде Байзақ, Жамбыл аудандарының және Тараз қаласының 1266 түлегі тест тапсырды.Облыстық білім басқармасының мамандары сынақ тапсыру кезінде ешқандай тәртіп бұзу фактісі тіркелмегенін айтады. Аудиториядан шығарылғандар да болмапты. Жалпы биыл Білім және ғылым министрлігі қолдануға рұқсат берілмеген құрылғыларды пайдалану кезінде жасырын әрекеті әшкере болғандарға да қолындағысын тартып алғанмен, сынақты соңына дейін тапсыру мүмкіндігінен айырмау туралы талап қойып отыр. Биылдан бастап мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт рет тапсыратын болғаны белгілі. Дегенмен мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін оқушылар міндетті түрде маусым айындағы тестке қатысып, жоғары балл жинауы тиіс екенін ескерген жөн. Ақылы тесттің нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарына тек ақылы бөлімге ғана түсуге мүмкіндік қарастырылған. Жалпы сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Ата-аналарға балаларының тест тапсыру сәтін монитор арқылы көрулеріне мүмкіндік жасалған. Жалпы облыс бойынша тестілеу 10 пунктте өтіп жатыр. Өткен жылы облысымыз алғаш рет ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша республикада үштікке енгенін айта кеткеніміз жөн.
Камила БОРАШОВА
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді